Әуебилетін қайтарудың әуресі
Әуебилетін қайтарудың әуресі
Елімізде коронавирус ин­фек­циясының тара­луын бол­дырмау үшін төтен­ше жағдай енгізіліп, әуеқаты­насына шектеу қойылды. Халықаралық және ішкі бағыт­тардағы ұшулар тоқтатылған соң жолаушылар күні бұрын сатып алған билетінің ақша­сын қайтаруға кірісті. Барлығы да ақшасын қолға жылдам алғысы келді, алайда олай болмай шықты.  Міне, содан бері бір ай өтті. Билет ақшасын қайтарып алған­дардан ақшасы қолына тиме­гендер көп болып тұр. Бұл – біз­дің гипотеза. Осы гипотезаны біржақты ету үшін Азаматтық авиа­ция комитеті мен бірқатар әуеком­панияларға хабарластық. Бүгінге дейін қайтарылған билет саны туралы дерек сұрадық. Өкі­нішке қарай, ондай дерек дәл қазіргі уақытта өздерінде де жоқ екен. Бірақ бұл – билет ақшасы қайтарылмай жатыр деген сөз емес. Бұл бағытта әуекомпаниялары да, делдал компаниялар да қызу жұмыс істеп жатыр. Ол туралы аталған ком­паниялардың әлеуметтік же­лідегі па­рақшаларынан да көруге болады. Бірақ билет ақшасын қай­тарып алдым деушілерге қарағанда, ақшамды қашан қайтарасыздар дегендердің үлесі басым. Есте болса, Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­нистрлігі 12 наурызда шетелдік әуекомпаниялары өкілдерінің қатысуымен өткен кеңесте рейс санының қысқаруына байланысты бұған дейін алынған билетті то­лық көлемде қайтару немесе айып­пұлсыз қайта брондауды ұсынуға кеңес берген-ді. Сол кезде әуе­компанияларының барлығы дерлік ұшу билеттерінің ақшасын толық қайтара алатынын мәлімдеген. Air Astana компаниясының президенті Питер Фостер әлі де сол ұстанымда. Ол «Форбс» жур­налына берген сұхбатында ай сайын 80 млн доллар табыс табатын компанияның қазіргі уақытта 160 млн доллар табыстан қағылып отыр­ғанын айтыпты. Соған қара­мастан, карантин кезінде жүзеге асырылмаған рейстің билеті 100 пайыз қайтарылатынына сенімді. «15 сәуірден кейінгі бірқатар халықаралық рейстер жүзеге аспайтын болды. Сол мерзімге билет алған жолаушыларға SMS немесе электронды пошта арқылы хабарлама жіберілді. Жолаушылар билетті осы жылдың соңына дейін кез келген мерзімге шегеріп брондай алады. Ал билет ақшасын қайтару туралы келіп жатқан өтініштердің бірде-бірі назардан тыс қалмайды», – дейді ол. Айта кетерлігі, Air Astana қа­лыптасқан жағдайға байланысты Үкімет тарапынан көмек сұраған жоқпыз және көмек сұрау туралы жоспарымызда жоқ деп отыр. «Компанияның қаржылық жағ­дайы тұрақты және бірнеше айға жететін резерві бар», – дейді Фостер Питер. Демек, бұл компаниядан алған билет үшін алаңдауға негіз жоқ. Ал SCAT не дейді? Компа­нияның ресми сайтында жария­ланған ақпаратта «Компанияның қолданыстағы бағыттардың 99 пайызға ұшуын жүзеге асыруға мүмкіндігі жоқ болғандықтан, қазіргі уақытта бізде ақша қара­жатын дереу қайтару үшін жет­кілікті ресурс жоқ. Сонымен қатар осы мәселе бойынша өтініштер саны, қазіргі уақытта компания жолаушыларға көмек көрсетудің қуатты штабы құрылғанына қара­мастан, бірнеше мыңнан асты. Қолдау орталығының бригадалары бірнеше есеге ұлғайып, телефон желісін, әлеуметтік желілерді және электрондық хаттарды қол­дауды қамтамасыз ете отырып, тәулік бойы жұмыс істейді. Бар­лық жағдайды ескере оты­рып, компания жағдайды тұрақтан­дырып, кесте қалпына келгенге дейін төлемдерді кейінге қалдыруға мәжбүр» деп жазыпты. Компания хабарламасын өңдеусіз бердік. Түсінгеніміз, компанияда билет ақшасын қайтара қоятын қаржы жоқ, сондықтан төлемдерді кейінге қалдыруға мәжбүр. Ал жолаушыларға қаражатты қайтару процесін жеделдету үшін әуекомпания мемлекеттік органдарға қаржылық қолдауға өтініш жіберген. Әуе және теміржол билетін сатумен айналысатын Aviata ком­паниясының әлеуметтік желідегі парақшасына пікір қалдыр­ған­дардың 80-90 пайызы билет ақ­шасы қайтпағанын жазған. Ал біз жүргізген шағын сауалнамада билет ақшасын қайтарып алдық дегендер FlyArystan-ның жолаушылары екен. Олар компанияның ресми сайтына кіріп, билет ақшасын қайтару туралы өтініш берген соң, үш күн ішінде ақшасы қолға тиген. Басқа компанияларға солай етуге не кедергі? Айтқандай, осыдан бір апта бұрын Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі коронавирус салдарынан отандық әуекомпаниялары 235 млрд теңге шамасында табыстан қағылғанын жариялаған еді. Ал кеше Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов пандемия сал­дарынан азаматтық авиация саласы 300 миллиард теңге шығынға ұшырауы мүмкін екенін айтты. Министрдің айтуынша, коро­­на­вирустың таралуына байла­нысты төтенше жағдай жария­лан­ған­дықтан, ішкі рейстер 100 па­йыз, ал халықаралық рейстер 98 пайыз тоқтады. Егер осы жылдың 22 нау­­­ры­зына дейін ішкі 45 бағытта аптасына 540 рейс (тәулігіне 77 рейс) орын­далса, 2020 жылдың 2 сәуі­рі­нен бастап Қазақстан қала­лары арасындағы барлық ішкі тұрақ­ты рейстер тоқтатылды. Халықаралық Азаматтық авиа­ция ұйымының (ИКАО) бол­­­­жамына сәйкес, осы жылдың бірінші жартыжылдығында әуе­ком­­паниялар ұсынатын орын­дар саны 51% қысқарады, тасымал­дан­ған жолаушылар саны 500 мил­­­лионға азаяды. Әуекомпания­лардың операциялық шығыны 124 млрд АҚШ долларын құрайды. Өткен наурыз-сәуір аралығында елімізде тасымалданатын жолау­шылар саны 70 пайызға азай­ды. Ұшу рейсінің қысқаруы мен шектелуінен отандық әуеком­па­ниялар 13 сәуірге дейін 235 млрд теңге, әуежайлар 24,5 млрд теңге, «Қазаэронавигация» РМК 28 млрд теңге жоғалтқан. Қазақстандық тасымал­дау­шылар жабық әуежайлардан ғана емес, ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен де зардап шегіп жатыр. Осы проблемаға әуебилетінің құнын қайтару қосылып, жығыл­ғанға жұдырық болды. Бірақ уәденің аты – уәде. Билет ақшасы қайтарылуы тиіс.    

 width=Халима БҰҚАРҚЫЗЫ