Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне материалдық көмек беру үшін бюджеттен 757 миллион теңге бөлінді. Мереке қарсаңында Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқандар мен мүгедектерге 1 миллион теңгеден берілді. Сондай-ақ тыл еңбеккерлері, Ленинградта қоршауда болғандар, концлагерь тұтқындары және Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген азаматтардың басқа да санаттарына ақшалай көмек берілді. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арналған бір жолғы материалдық көмек тағайындауды Қарағанды облысы Қазақстанның басқа өңірлерімен салыстырғанда ерте бастады. Қазір аймақта 67 ардагер болса, оның 55-і – Ұлы Отан соғысына қатысқандар, 12-сі – соғыс мүгедектері. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне 1 млн теңге көлемінде бір реттік материалдық көмек беріліп, есеп шоттарына аударылды, кейбірінің үйлеріне жеткізілді. Бұл көмектің жалпы сомасы – 67 млн теңге. Сондай-ақ концлагерь тұтқындары, Ленинград қоршауында болғандар, тыл еңбеккерлері, майданнан қайтпағандардың отбасылары, Ауғанстан жеріндегі әскери іс-қимылға және Чернобыль АЭС апатының салдарын жоюға қатысқандар да назардан тыс қалмады. Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгендер – концлагерь тұтқындары, Ленинград қоршауында болғандар, майданға өз еркімен барған ардагерлер 200 мың теңгеден алды. Бұл санаттағы ардагерлер саны – 101 адам. Бұдан бөлек, тыл еңбеккерлері мен майданнан қайтпағандардың отбасыларына 50 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетілді. Ауғанстанда әскери борышын өтегендер мен Чернобыль апаты салдарын жоюға қатысқан тұлғаларға да сый-құрмет жасалды. Бұл орайда, олардың әрқайсысына 100 мың теңгеден берілді. Мұның сыртында, биылғы ақпан айында Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 31 жыл толғанына орай, облыстың қала, аудандарындағы 902 ауғандық ардагерге материалдық көмек ретінде 100 мың теңгеден тапсырылған-ды. Ұлы Отан соғысының 75 жылдығын мерекелеу барысында ардагерлерге жасалған төлемнің жалпы сомасы – 757,4 млн теңге. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек жыл өткен сайын ардагерлер қатары сиреп бара жатқанын, Жеңісті жақындатқандарды ұмытуға хақымыз жоқ екенін айрықша атады. Өкінішке қарай, жыл сайын елді фашистік басқыншылардан азат еткен ардагерлердің қатары сиреп барады. Сонымен бірге, ел игілігі үшін бел жазбай еңбек еткендерді, өзінің интернационалдық парызын өтеген жерлестерімізді де ұмытуға тиіс емеспіз. Осы ардагерлердің баршасы қамқорлық пен риясыз ықыласымызды толықтай сезінуі үшін бар мүмкіндікті жасау – біздің міндетіміз, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында қарағандылық солдаттың сүйегі еліне оралады. Екінші дүниежүзілік соғыс қаншама отбасын қара жамылтып, жалғызы мен жампозынан айырды. Қаншама азаматқа туған жерден топырақ бұйырмады. Жеңістің мерекелік мерейтойы қарағандылық отбасыға күтпеген қуаныш сыйлады. Облыс орталығына Ресейден жеткен хабарға қарағанда іздестіру қызметкерлері Смоленск облысында 1942 жылы ұрыс кезінде қаза тапқан сарбаздың сүйегін тауыпты. Мойнындағы медальонда қаза болған жауынгердің аты-жөні жазылған. Сұрапыл соғыста жер жастанған солдат Қарағанды облысы Шет ауданының Жастерек ауылынан майданға шақырылған Медет Аманжолов екені анықталды. Көп ұзамай солдаттың туыстары табылды. Аманжоловтар әулеті ауданында тұрады. Жат жерде көз жұмған сарбаздың сүйегін ұрпақтары елге әкеп жерлемек. – Қызыл әскер қатарында барлаушы болған майдангердің мүрдесін тауып, Қазақстанға іздеу салушы – Ресей жастарының «Тризна» атты іздестіру бірлестігі. Бірлестіктің басшысы Кирилл Долинский майдангердің сүйегін тапқан бойда Мәскеудегі Қазақ диаспорасының жетекшісі Полат Жамаловқа ресми хат жолдаған да, онысы осы Полат Өнерұлынан өтіп, әлеуметтік желілер арқылы күллі Қазақстанды шарлап жүріп, екі-үш күн ішінде бізге жетті. Ресей іздестіру ұйымының мәлімдеуінше, Медет Аманжоловтың сүйегін Максим Федоров атты азамат окоптан тауыпты, – дейді Медет Аманжоловтың немересі Арман. Мәліметтер майдангердің сүйегімен бірге шыққан. Соғыс кезінде сарбаздар винтовка оғының ішін алып тастап, оған барлаушының аты-жөні, туған жылы мен жері жазылған тілдей қағаз салынып, тығынын бұрап, киімінің бір жеріне тігіп жібереді. Осы дерек еріктілердің қолына түскен. Енді сарбаздың ұрпақтары оның сүйегін туған өлкесіне әкеліп, жер қойнына тапсыруды көздеп отыр. Жауынгердің туған-туыстарына қаза медальоны мен құжаттары берілді. Олар Қазақстандағы Ресей елшілігімен сарбаздың сүйегін қайтару жолдарын талқылады. Коронавирус қаупі азайып, карантин мен ТЖ режимі аяқталғаннан кейін осыған кіріспек. Медет Аманжолов майданға 24 жасында аттаныпы. Ұлы Отан соғысы басталған бетте ұрысқа кірген. Майдан даласынан ағайын-туысқа үшбұрышты конвертпен хаттар жазып, амандық-саулығын білдіріп оырған. 1942 жылы жақындарына солдаттың ұрыс даласында мерт болғаны туралы қара қағаз келген. Қызыл әскер сарбазы шайқас кезінде 1942 жылдың 4 қазанында Смоленск облысының Алексеевка ауылына жақын жерде қаза тапқан. 80 жыл өткен соң Қазақ солдаты Отанына оралмақ. Қызыл әскер жауынгерінің сүйегі Шет ауданының Ағадыр кентіндегі зиратқа әскери қошеметпен жерленетін болады. Тарихи деректерге сүйенсек, Екінші дүниежүзілік соғысқа Қарағанды облысынан барлығы 45 мың адам аттанып, соның 18 мыңы майдан даласында шейіт болған. Отан қорғаушылар сапына тұрған қарағандылықтар арасынан 18 адам Кеңес Одағының Батыры атағын иеленді. 3 адам Даңқ орденінің үш дәрежесіне бірдей тағайындалған. Фашизмге қарсы күресте көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін 6 587 қарағандылық Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталды.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы