ШҚО-да COVID-19-дан 3 адам сауығып шықты. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджан мәлімдеді. Қазірге дейін өңірде бойынан коронавирус анықталған адам саны 8-ге жеткен еді. Аймақтың бас дәрігерінің айтуынша, сауығып кеткендер арасында облыс орталығынан – екі, Семей қаласынан бір науқас бар. – Бүгін үшеуі де ауруханадан шықты. Өздерін жақсы сезінеді. Олар 1959 жылғы семейлік және Өскемен қаласының 1938 жылғы тұрғыны мен дәл осы 1938 жылы дүниеге келген тағы бір азамат. Емделушілерде COVID-19 симптоматикасы жоқ, барлық талдаулар алынды. Рентген мен компьютерлік томография зерттеулерінде ауру белгілері табылмады. ПТР-ге екі рет талдау жасалды, екеуі де теріс нәтиже көрсетті. Сауығып шыққандар үйлеріне жеткізілді, 14 күн бойы үйлерінде карантинде болады, – деп нақтылады Ілияс Мұхамеджан. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы басқа науқастардың да жағдайына тоқталып өтті. Қазіргі уақытта олардың барлығы Семей қаласындағы инфекциялық стационарда емделіп жатыр. Жағдайы орташа ауыр, тұрақты. Бүгінде анықталған 29 ошақтың 20-сы карантиннен алынды. Коронавирус тіркелген соңғы 2 жағдай бойынша 9 ошақ қалып отыр. Ол науқастармен 110 адам байланыста болған. Барлығы оқшауланған, талдау нәтижелері теріс. Жалпы, қазіргі уақытта облыс бойынша провизорлық стационарларда 62 адам, обсервацияда 34, үй карантинінде 249 адам бар. Қоса кетсек, облыс орталығының 4-ші қалалық ауруханасынан және Семей қаласының балалар ауруханасынан карантин режимі алынды. Стационарда болған барлық қызметкер мен науқас екі рет тестілеуден өтті, нәтижелері теріс шықты. Көрсеткіштер бойынша облыста барлығы 3 209 адам зертханалық тексеруден өтті. Облыс тестпен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген. 18 сәуірден бастап Шығыс Қазақстан облысы толықтай карантинге жабылған болатын.
Дәурен АЛЛАБЕРГЕН, Шығыс Қазақстан