Аз адаммен көп партия құруға жол аштық – Мәжіліс төрағасы
Аз адаммен көп партия құруға жол аштық – Мәжіліс төрағасы
Фото: Интернеттен алынды
129
оқылды
Елімізде саяси партия құру тәртібі жеңілдейді. Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутаттар «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын мақұлдады. Заң жобасын талқылау барысында Әділет министрі Марат Бекетаев: «Саяси партиялар туралы» Заңына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы Президенттің Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмасын іске асыру мақсатында әзірленді. Заң жобасымен саяси партияларды құру үшін тіркеу талабын 40 мыңнан 20 мың адамға дейін төмендету ұсынылады. Бұл ұсыныс саяси партияларды құру тәртібін жеңілдетеді, сондай-ақ мемлекеттік шешімдерді әзірлеу және қабылдау процестеріне оң әсерін тигізеді», – деді. Бұған қатысты Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин: «Еліміздің саяси бағытын жаңғырту жолында тағы бір нақты қадам жасалды деуге болады. Бүгінгі мақұлданған заң жобаларына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, көптеген маңызды өзгерістер енгізілді. Енді, саяси партияны тіркеу үшін қажетті мүшелер саны 40 мыңнан 20 мыңға дейін қысқаратын болады. Сонымен бірге, партиялардың сайлау тізімінде енді әйелдер мен жастар үшін 30 пайыз міндетті квота қаралады. Осының барлығы еліміздің саяси-қоғамдық өмірі үшін маңызды өзгерістер болып саналады», – деді.