Экспресс-тестті жаппай қолдануға не кедергі?
Экспресс-тестті жаппай қолдануға не кедергі?
120
оқылды
Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 60-тан асып жығылды. Олардың басым бөлігі Тараз қаласы мен Қордай ауданында тіркелген. Әрине, аурудың алдын алу мен індет жұқтырғандарды анықтау бағытында көп жұмыс атқарылуда. Десе де, әлі де болса ақсап тұрған тұс­тары­мыз бар секілді. Әсіре­се, адамның дене қызуын анық­тай­тын тепловизорлардан қайыр бол­май тұр. Бұл жайында Жамбыл облысы­ның әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі айтқан болатын. Өңірде ең ал­ғаш­қы деректер тіркеліп жатқанда, аймақ басшысы екі жағдайда тепло­визор адамның дене қызуын дәл анықтай алмағанын айтып, оның орнына жуырда экспресс-тесттер келетінін айтқан. Алайда сол айтылғаннан кейін экспресс-тест туралы ешкім жақ ашпады. «Экпресс-тесттен кімдер бірінші өтеді? Тесттен өту тегін бе әлде ақылы ма? Індет жұқтырғанды қан­­шалықты дәлдікпен анықтай ала­ды?» деген сынды көптің кө­кейін­­де жүрген сауалды жауапты сала мамандарына сан мәрте жол­дағанбыз. Алайда бірде-біреуі­нен нақты мәлімет ала алмадық. Ең соңғы үміт облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасына түсіп, олар аз-кем ақпаратпен қамтыды. Білгеніміз облыс 10000 экс­пресс-тестке өтінім берген екен. Алай­да оның 5520-ы ғана аймаққа беріл­ген. Оның ішіндегі 1000 данасы Жамбыл облысы Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментіне үлестірілген. Ал 1077 экспресс-тест сынамадан өт­кі­­зіл­ген. Атап айтсақ, өткізу бе­кет­­теріндегі 917 адамға қолданған бол­са, 111 медицина маманы да тестті өзі­не сынап көрген. Бұдан бөлек, тұ­мау белгілері бар 18 азаматқа қол­данылса, жергілікті билік өкіл­дерінің 31-і тест тапсырған. Сондай-ақ Ұлттық зерттеу орталығы мен СПИД-ке қарсы облыстық орта­лық­тың базасында 3969 зерттеу жұ­­мыс­тары жүргізілген. Оның 3176-ы ауру адамдармен байланыста бол­ғандарға қатысты болса, 311-і ме­дицина қызметкері, 8-і жүкті әйел, 170-і пневмония және 304-і же­дел вирустық респираторлық ин­фек­цияға күдікпен түскендерге жүргізілген зерттеулер. Осылайша, облыс коронавирус індетін зерттеу мен экспресс-тесттерді қолдану бағытында жұмыстарды бастап кет­кен. Десе де, 5520 экпресс-тест Жам­был облысы үшін аз емес пе? Бір ғана Тараз қаласында 2009 жылғы санақ бойынша 380 000 адам тіркеуде тұр. Ал облыс халқының саны 1 миллион 100 мыңның үс­тін­­де. Әрине, біреуді алалаудан аулақпыз. Жамандықты шақырып та тұрғанымыз жоқ. Алайда Жам­был облысы коронавирус інде­ті көп тіркелген өңірлердің бірі са­налады. Одан бөлек, Қырғыз­стан­мен шектесіп жатқан Қордай ауданы сынды қауіпті аймақ бар. Сондықтан Үкімет ең болмаса аймақ сұраныс берген 10000 дана экспресс-тестіні берсе, бұл өңір үшін үлкен көмек болар еді. Оған мем­лекеттің әлеуеті жетеді деп ой­лаймыз. Себебі сәуір айының ба­сында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Ден­саулық сақтау министрлігіне қарасты Масғұт Айқымбаев атын­да­­ғы Аса қауіпті инфекциялар ұлт­тық ғылыми орталығы мен Бі­лім және ғылым министрлігіне қа­­расты Ұлттық биотехнология орта­­лығының ғалымдарын корона­в­и­русты анықтайтын отандық тест ойлап тапқандары үшін құт­тық­таған болатын. «Ғылыми инсти­тут­­тардың ұжымын COVID-19 ви­­р­усын анықтауға арналған диаг­­нос­тикалық тест жүйесін әзір­леуі­мен құттықтаймын! Аса қа­уіп­ті ин­фекциялар ұлттық ғы­лыми орта­лығы мен Ұлттық био­тех­но­логия орталығының ғалым­да­ры халықаралық стандарттарға сай келетін қажетті тест жүйесін қыс­қа мерзімде жасап шықты. Сіз­дер­дің жетістіктеріңіз отандық био­медицина саласының бәсеке­ге қабілеттілігі жоғары екенін көр­се­теді. Әлемге тараған корона­ви­рус індетіне қарсы күрес жүріп жатқан кезде бұл жаңалықтың ұсынылуы өте маңызды болып отыр. Әзірленген тест жүйесі мың­­даған азаматымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмек­те­седі деп сенемін», — деп жазды Президент құттықтау хатында.Демек, бізде Қытай мемлекеті жі­­бер­геннен бөлек, отандық ға­лым­­дар ойлап тапқан тесттер де бар. Осы тесттерді қолданысқа ен­гі­зетін кез келген сияқты. Олай дей­тініміз қазір қара халық дерт жұқ­­­тырмағанына сенімді болу үшін тест­тен өтуге өздері құлықты болып отыр. – Балаларымның қауіпсіздігі үшін экспресс-тест тапсырғым ке­ле­ді. Алайда одан қалай өтуге бола­ты­нынан бейхабармын. Ақылы ма, ақы­сыз ба, оны да білмей отырмыз. «Егер коронавирус белгілері бар болса ғана, экспресс-тест тапсыруға болады» деген ақпарды құлағым шалып қалды. Бірақ ауырса ғана тест­тен өте алады деген дұрыс емес қой. Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­ларында халық тест тапсырып жатыр дегенді де естідім. Егер Жамбыл облысында да экспресс-тестті жаппай тапсыртса, міндетті түрде бала-шағаммен өтер едім,– дейді Тараз қаласының тұрғыны Мөлдір Ахметжанова. Бұл пікірмен аудан тұрғындары да келіседі. –Мойынқұм ауданы бір ше­ті­­мен Шу ауданымен шекте­сіп жатса, екінші жағынан Қа­ра­­ған­ды облысы қаумалап тұр. Кө­ріп отырғанымыздай, Қара­ған­дыда жағ­дай қиындай түсу­де. Шу ауда­нын­да да ең бірінші ко­ро­на­ви­рус жұқтырған адам анық­та­лып, жүрегімізді шайлықтырып қойды. Жуырда өзіміздің ауданнан да бір ауру табылып, тіпті үрейленіп қалдық. Экспресс-тест ауданға келгенінен әлде келмегенінен бейха­бармыз. Егер келіп жатса, ха­лық арасында айтылар еді. Мемлекет бүгінгідей қиын жағ­дай­да осы тестілеуді тегін, жаппай өткізсе, міндетті түрде отбасыммен тапсырамын. Аудандағы ағайынға қазір осы жағынан үлкен көмек қа­жет болып тұр,– дейді аудан тұр­ғы­ны Сая Ахатова. Иә, байқап тұрсаңыздар халық өз қауіпсіздігі үшін экспресс-тест тапсыруға ниетті болып отыр. Алай­­да тесттің тапшылығы қол бай­лау болуда. Көршіміз Ресей мем­лекеті жуырда тұрғындарын мін­детті тестілеуден өткізетінін айт­ты. Сондай-ақ Қытай да бір тұр­ғынын қалдырмай тестілеуден өт­кіз­гендерін жеткізді. Бәлкім, бізге де тұр­ғындарды жаппай тестілеуден өт­кізетін кез келген шығар. Ол үшін отандық ғалым­дардың ойлап тап­қан тесті­нен бөлек, қажетті экс­пресс-тестті сатып алатын қор қаржысы да жеткілікті. «Ауырып ем іздегенше, ауыр­майтын жол ізде» дейді дана қазақ. Дәл қазір осы жолды іздейтін сәт туды.  

Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы