Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырғандардың саны 60-тан асып жығылды. Олардың басым бөлігі Тараз қаласы мен Қордай ауданында тіркелген. Әрине, аурудың алдын алу мен індет жұқтырғандарды анықтау бағытында көп жұмыс атқарылуда. Десе де, әлі де болса ақсап тұрған тұстарымыз бар секілді. Әсіресе, адамның дене қызуын анықтайтын тепловизорлардан қайыр болмай тұр. Бұл жайында Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың өзі айтқан болатын. Өңірде ең алғашқы деректер тіркеліп жатқанда, аймақ басшысы екі жағдайда тепловизор адамның дене қызуын дәл анықтай алмағанын айтып, оның орнына жуырда экспресс-тесттер келетінін айтқан. Алайда сол айтылғаннан кейін экспресс-тест туралы ешкім жақ ашпады. «Экпресс-тесттен кімдер бірінші өтеді? Тесттен өту тегін бе әлде ақылы ма? Індет жұқтырғанды қаншалықты дәлдікпен анықтай алады?» деген сынды көптің көкейінде жүрген сауалды жауапты сала мамандарына сан мәрте жолдағанбыз. Алайда бірде-біреуінен нақты мәлімет ала алмадық. Ең соңғы үміт облыстық Денсаулық сақтау басқармасына түсіп, олар аз-кем ақпаратпен қамтыды. Білгеніміз облыс 10000 экспресс-тестке өтінім берген екен. Алайда оның 5520-ы ғана аймаққа берілген. Оның ішіндегі 1000 данасы Жамбыл облысы Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментіне үлестірілген. Ал 1077 экспресс-тест сынамадан өткізілген. Атап айтсақ, өткізу бекеттеріндегі 917 адамға қолданған болса, 111 медицина маманы да тестті өзіне сынап көрген. Бұдан бөлек, тұмау белгілері бар 18 азаматқа қолданылса, жергілікті билік өкілдерінің 31-і тест тапсырған. Сондай-ақ Ұлттық зерттеу орталығы мен СПИД-ке қарсы облыстық орталықтың базасында 3969 зерттеу жұмыстары жүргізілген. Оның 3176-ы ауру адамдармен байланыста болғандарға қатысты болса, 311-і медицина қызметкері, 8-і жүкті әйел, 170-і пневмония және 304-і жедел вирустық респираторлық инфекцияға күдікпен түскендерге жүргізілген зерттеулер. Осылайша, облыс коронавирус індетін зерттеу мен экспресс-тесттерді қолдану бағытында жұмыстарды бастап кеткен. Десе де, 5520 экпресс-тест Жамбыл облысы үшін аз емес пе? Бір ғана Тараз қаласында 2009 жылғы санақ бойынша 380 000 адам тіркеуде тұр. Ал облыс халқының саны 1 миллион 100 мыңның үстінде. Әрине, біреуді алалаудан аулақпыз. Жамандықты шақырып та тұрғанымыз жоқ. Алайда Жамбыл облысы коронавирус індеті көп тіркелген өңірлердің бірі саналады. Одан бөлек, Қырғызстанмен шектесіп жатқан Қордай ауданы сынды қауіпті аймақ бар. Сондықтан Үкімет ең болмаса аймақ сұраныс берген 10000 дана экспресс-тестіні берсе, бұл өңір үшін үлкен көмек болар еді. Оған мемлекеттің әлеуеті жетеді деп ойлаймыз. Себебі сәуір айының басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Масғұт Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдарын коронавирусты анықтайтын отандық тест ойлап тапқандары үшін құттықтаған болатын. «Ғылыми институттардың ұжымын COVID-19 вирусын анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін әзірлеуімен құттықтаймын! Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы мен Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары халықаралық стандарттарға сай келетін қажетті тест жүйесін қысқа мерзімде жасап шықты. Сіздердің жетістіктеріңіз отандық биомедицина саласының бәсекеге қабілеттілігі жоғары екенін көрсетеді. Әлемге тараған коронавирус індетіне қарсы күрес жүріп жатқан кезде бұл жаңалықтың ұсынылуы өте маңызды болып отыр. Әзірленген тест жүйесі мыңдаған азаматымыздың өмірі мен денсаулығын сақтап қалуға көмектеседі деп сенемін», — деп жазды Президент құттықтау хатында.Демек, бізде Қытай мемлекеті жібергеннен бөлек, отандық ғалымдар ойлап тапқан тесттер де бар. Осы тесттерді қолданысқа енгізетін кез келген сияқты. Олай дейтініміз қазір қара халық дерт жұқтырмағанына сенімді болу үшін тесттен өтуге өздері құлықты болып отыр. – Балаларымның қауіпсіздігі үшін экспресс-тест тапсырғым келеді. Алайда одан қалай өтуге болатынынан бейхабармын. Ақылы ма, ақысыз ба, оны да білмей отырмыз. «Егер коронавирус белгілері бар болса ғана, экспресс-тест тапсыруға болады» деген ақпарды құлағым шалып қалды. Бірақ ауырса ғана тесттен өте алады деген дұрыс емес қой. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында халық тест тапсырып жатыр дегенді де естідім. Егер Жамбыл облысында да экспресс-тестті жаппай тапсыртса, міндетті түрде бала-шағаммен өтер едім,– дейді Тараз қаласының тұрғыны Мөлдір Ахметжанова. Бұл пікірмен аудан тұрғындары да келіседі. –Мойынқұм ауданы бір шетімен Шу ауданымен шектесіп жатса, екінші жағынан Қарағанды облысы қаумалап тұр. Көріп отырғанымыздай, Қарағандыда жағдай қиындай түсуде. Шу ауданында да ең бірінші коронавирус жұқтырған адам анықталып, жүрегімізді шайлықтырып қойды. Жуырда өзіміздің ауданнан да бір ауру табылып, тіпті үрейленіп қалдық. Экспресс-тест ауданға келгенінен әлде келмегенінен бейхабармыз. Егер келіп жатса, халық арасында айтылар еді. Мемлекет бүгінгідей қиын жағдайда осы тестілеуді тегін, жаппай өткізсе, міндетті түрде отбасыммен тапсырамын. Аудандағы ағайынға қазір осы жағынан үлкен көмек қажет болып тұр,– дейді аудан тұрғыны Сая Ахатова. Иә, байқап тұрсаңыздар халық өз қауіпсіздігі үшін экспресс-тест тапсыруға ниетті болып отыр. Алайда тесттің тапшылығы қол байлау болуда. Көршіміз Ресей мемлекеті жуырда тұрғындарын міндетті тестілеуден өткізетінін айтты. Сондай-ақ Қытай да бір тұрғынын қалдырмай тестілеуден өткізгендерін жеткізді. Бәлкім, бізге де тұрғындарды жаппай тестілеуден өткізетін кез келген шығар. Ол үшін отандық ғалымдардың ойлап тапқан тестінен бөлек, қажетті экспресс-тестті сатып алатын қор қаржысы да жеткілікті. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейді дана қазақ. Дәл қазір осы жолды іздейтін сәт туды.
Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы