Алматы қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары Аяжан Әлихан мен Айнұр Алкеева әлемнің үздік университеттеріне оқуға түсті. Аяжан 8 ЖОО-дан шақырту алса, Айнұрға 5 университет грант ұсынған. Аяжан Әлиханға шақырту жіберген Northwestern University (Doha, Qatar), Yonsei University (Seoul, SK), Yale-NUS College (Singapore), Koc University (Istanbul, TR), Fordham University (NY), Pace University (NY), Northwestern University (Chicago, IL), University of Miami (Miami, FL) сияқты белді оқу орындары. Барлығы әлемдегі 100 үздік университет қатарына кіреді. Тізімдегі төрт жоғары оқу орны түлекке толық грант, қалғаны жартылай грант ұсынып отыр. Аяжан мектепте жобалық жұмыспен айналысады. Ол медицина мен экологиядан өткен республикалық конкурстардың, Санкт-Петербург пен Парижде өткен халықаралық конференциялардың жүлделі орын иегері. Youth for Understanding америкалық коммерциялық емес ұйымында тағылымдамадан өткен. Еnvision Scholars әйгілі жазғы алмасу бағдарламасының қатысушысы. Академиялық жетістіктері үшін мектеп атынан 2018 жылы Колумбия университетінің жазғы бағдарламасына да ұсынылған. Аяжан мектептің және Алматы қаласының қоғамдық өмірінен де алшақ емес. БҰҰ моделі клубының (MUN club) негізін қалаушылардың бірі. «Еріктілер лигасы» мен Recycle Birge әлеуметтік қоғамдық қозғалысында волонтерлік тәжірибесі бар. Сондай-ақ International Global Network жастарды дамыту ұйымының белсенді мүшесі, соның арқасында ол Малайзияның астанасы Куала-Лумпур мен Германияның Нюрнберг қаласында өткен халықаралық конференцияларға қатысуға мүмкіндік алған. Ал Айнұр Алкеева biomedical engineering мамандығы бойынша Norwich University-дің (АҚШ) білім грантына ие болды. Түлек жыл сайын әлемнің үздік 25 талапкерін ғана қабылдайтын Honors Program беделді университеттік бағдарламасына тапсырған. Сондай-ақ Айнұр тағы 5 америкалық жоғары оқу орнынан шақырту алып отыр. Олар: Purdue University, The University of Arizona, University of Houston, Fisher College және Whitworth University. Айнұр – қазақстандық студенттер арасындағы пікір-сайыс турнирлердің бірнеше дүркін финалисі, Technovation байқауының республикалық кезеңінің жеңімпазы, Hackathon байқауы мен ЮНЕСКО клубы конференцияларының қатысушысы. Қазақстан БҰҰ-да волонтерлік қызметпен айналысады. Сонымен бірге мектептің өзін-өзі басқару жүйесінің мүшесі, NIS Paper мектеп газетінің авторы және Exponenta Magazine журналының негізін қалаушылардың бірі.
Барыс НҰРЛАН