Қарамағындағыларының арасында жемқорлық фактісі орын алғаны үшін 11 саяси қызметкер отставкаға кетуге тиіс, деп мәлімдеді онлайн брифинг барысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысы Нұрлан Жақсымбетов. «Өндірістегі қылмыстық істерді есепке алғанда жуырда 11 мемлекеттік саяси жетекші (айыптау үкімі күшіне енгеннен кейін) отставкаға кетеді», – деді Нұрлан Жақсымбетов. Стратегия және жедел басқару департаментінің басшысының сөзінше, жемқорлық үшін жауапқа тартылған тұлғалар саны 9%-ға артқан. Оның әр төртіншісі – мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік мекемелердің басшылары.