Елімізде АИТВ-мен өмір сүріп жатқан 530 балаға қолдау қажет
Елімізде АИТВ-мен өмір сүріп жатқан 530 балаға қолдау қажет

БҰҰ-ның Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қазақстан Рспубликасының Денсаулық сақтау министрлігімен және ЖИТС-ті алдын алу және оған қарсы күрес республикалық орталығымен бірлесіп кеңес өткізді. Онда АИТВ-мен (адамның иммун тапшылығы вирусы) өмір сүріп жатқан балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсетудің ұлттық стандарттары ұсынылды.

Іс-шараны АИТВ-мен өмір сүретін жасөспірімдер бастады. Олар қазіргі кезде АИТВ-мен өмір сүріп жатқан қазақстандық балалар мен жасөспірімдердің күнделікті өміріндегі қызметтерді алудағы қиындықтары туралы айтып, оларды қалай шешу керектігі жайлы өз ойларымен бөлісті.

– Балалар мен жасөспірімдер АИТВ инфекциясы алдында анағұрлым осал. Бүгінде Қазақстанда АИТВ-ға шалдыққан 530 бала мен жасөспірім тұрып жатыр. 2017 жылы әлемдегі АИТВ-ны жұқтыру жаңа жағдайларының 250 мыңы 15 пен 19 жас аралығындағы жасөспірімдерге келеді. ЮНИСЕФ-тің «Балалар, АИТВ және ЖИТС: 2030 жылғы әлем» атты жаңарған статистикалық жарияланымның болжамдарына сай, егер қазіргі үрдістер сақтала берсе 2030 жылға қарай АИТВ-сы бар жасөспірімдер саны 3,5 миллионға жетеді, – деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің өкілі Юрий Оксамитный.

Консультация беру және әлеуметтік қолдау жасөспірімдер мен оларға күтім жасаушыларға емделудің тәртібін ұстауға, психикалық денсаулыққа қатысты мәселелерді алдын алуға және өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғаш рет АИТВ-мен өмір сүріп жатқан балалар мен жасөспірімдер үшін психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсететін стандарттарды әзірлеп, оларды қызмет көрсетушілердің тұрақты тәжірибесіне енгізді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ЮНИСЕФ-тің бірлескен жұмысының арқасында, АИТВ және басқа созылмалы аурулары бар жасөспірімдердің психологиялық-әлеуметтік игілікке ие болу құқықтарын іске асыратын қызмет көрсету стандарттары алғаш рет пайда болды.

Стандарттардың ішінде психологиялық, когнитивтік, әлеуметтік және эмоционалдық қажеттіліктерді қанағаттандыруға арналған дербес қызметтер топтамасы бар және мәртебені ашып көрсетуге, емделу тәртібін ұстануды қолдауға, сексуалдық денсаулыққа, жасөспірімдер үшін АИТВ-ге тестілеу қолжетімділігін жеңілдетуге, интеграцияландырылған көмек көрсетуге, сонымен қатар АИТВ-сы бар жасөспірімдермен тең дәрежеде қарым-қатынас орнатуды қолдайтын диалогты құруға баса назар аударылады.

– АИТВ-мен өмір сүріп жатқан балалар мен жасөспірімдерге арналған психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсету жайындағы нұсқаулықта АИТВ-мен өмір сүріп жатқан адамдар жайлы стигманы жоюға бүтін бір абзац бөлінгендігі менің көзіме ерекше түсті. Бір жағынан,  ХХІ ғасырда, ақпараттық серпіліс заманында, АИТВ-мен өмір сүріп жатқан адамдар стигмасы мәселесінің әлі де бар болғандығы қапаландырады. Бірақ бұл ретте біздің қоғамның – үкіметтің, үкіметтік емес ұйымдардың, азаматтық сектордың және халықаралық өкілдіктердің – мәселенің бар екендігін мойындап, оны жою үшін жұмыс атқаруға дайын екендігі қуантады, – деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі Динара Сәдуақасова.

Сондай-ақ кеңес аясында АИТВ-мен өмір сүріп жатқан балалар мен жасөспірімдерге психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсету стандарттарының 5 облыстық/қалалық ЖИТС орталықтарында (Алматы, Қарағанды, Түркістан облыстарындағы және Шымкент пен Алматы қалалары) қызмет көрсетушілердің тұрақты іс-тәжірибесінде енгізілуін қадағалап бақылайтын халықаралық сапардың нәтижелері таныстырылды.

Кеңес барысында денсаулық сақтау вице-министрі Ләззәт Ақтаева, Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің өкілі Юрий Оксамитный, Қазақстандағы ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшісі Динара Сәдуақасова және ЮНИСЕФ-тің халықаралық сарапшысы, Ұлыбританиядағы АИТВ-мен өмір сүретін балалардың ассоциациясынан келген Магда Конвей (Magda Conway), сонымен қатар АИТВ-мен өмір сүріп жатқан балалар мен жасөспірімдерді психологиялық-әлеуметтік қолдау көрсету саласындағы басқа да сарапшылар қатысты.