Қазақтың 13 жасар композиторы шығармашылық кешін өткізді
Қазақтың 13 жасар композиторы шығармашылық кешін өткізді
304
оқылды

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының үлкен концерттік залында Қазақстандағы ең жас композитор, 50-ден астам классикалық шығармалардың авторы, 13 жасар Бейсеқожа Нұрәлінің алғашқы шығармашылық кеші өтті.

Кешке ҚР еңбек сіңірген қайраткері Буенбаева Гүлмира Жұмаділқызы басқаратын Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандырылған музыка мектеп-интернатының симфониялық оркестрі, Ләззат Жүнісова мен Алмагүл Тубажанова жетекшілік ететін «Ақ тілек» ұлдар хоры, Халықаралық және Республикалық байқаулардың лауреаттары қатысты.

Ол Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық Қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернатында білім алады.

Мектебінің 55 жылдығына арнаған «Мектеп вальсі» атты шығармасымен басталған концерт «Көптен күткен кездесу» деген туындысымен жалғасын тапты.

Әлем чемпионы, Сочи қаласында өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тенге арналған «Аққан жұлдыз» туындысы Нұрәлінің қоғамда болып жатқан жайттарға бейжай қарай алмайтын зерек әрі сезімтал екендігін байқатады. Ол тек қана аспаптық жанрда емес, сонымен қатар ән де жазады. Концертте оның туған жерге арналған «Қазақстаным», «Атамекен», ата-анаға арналған «Әкешім», «Анашым» атты әндері де орындалды.

Концертке жиналған көпшілік Нұрәліге риза болып алғысын білдірсе, кәсіби музыкадағы аға буын мамандар ең жас композитордың шығармашылық аяқалысына жоғары баға берді.