Елордада қосымша дезинфекциялық кешендер орнатылды
Елордада қосымша дезинфекциялық кешендер орнатылды
108
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласында №1, №2 балалар ауруханалары мен орталық жол ауруханасының аумағында дезинфекциялық кешендер орнатылды, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі. Қаладағы алғашқы дезинфекциялық кешен №3 көпбейінді балалар ауруханасында орнатылған болатын. Дезинфекциялық кешен медициналық қызметкерлер мен келушілердің киімдерінен қауіпті патогендерді жоюға мүмкіндік береді. «Қондырғы бу генераторларының көмегімен жұмыс істейді. Дезинфекциялау құралдары бар бу шығаратын арнайы моторлар бар. Бұл кешен арқылы өту киімнің бар қыртысындағы қауіпті патогендерді жоюға мүмкіндік береді. Қондырғыны медицина қызметкерлері күніне екі рет, жұмысқа шыққанда және ауысым аяқталған соң пайдаланады. Науқастар да осы кешен арқылы өте алады. Жалпы осындай 10 дезинфекциялық кешен бар», - дейді қызмет көрсетуші ұйым өкілдері. Жақын арада басқа медицина мекемелерінде және адам көп жиналатын орындарда осындай дезинфекциялық тоннельдер орнатылады. Елорда емханаларында коронавирус инфекциясының белгілерін тексеру үшін тепловизорлар орнатылды. Температураны өлшеуге арналған құрылғылар кіреберісте орналасқан. Келушілер мен дәрігерлердің дене қызуы жоғары болған жағдайда механизм бірден белгі береді. Тепловизорлар жеке демеуші, бизнесмен Нұрлан Смағұловтың қолдауымен орнатылды. Елорда әкімдігі көрсетілген көмек үшін алғыс айтады.