Жемқорлықты жоюдың жеті шарасы
Жемқорлықты жоюдың жеті шарасы
174
оқылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөнінде жиын өтті.

Мемлекет басшысы елімізде жемқор­лықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, мұның қоғамға қауіпті дерт екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықтың тамырына балта шаппаса, ұлттық қауіп­сіздік пен мемлекеттің болашағына нұқ­сан келтіретінін айтты. Сондықтан жемқорлықты түбегейлі жою қажет. Бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп күресуге шақырды. Мемлекетте оған қажеттінің бәрі бар екенін атап өтті.

– Біріншіден, бізде жемқорлыққа қарсы күресте қару бола алатын мықты мемлекеттік институттар бар. Мемлекеттік аппарат жұмыс істеу тәсілін өзгертіп, жемқорлықтың жолын кесуі керек. Екін­шіден, жемқорлықпен күрес халықтың табанды сұранысына ие. Әкімшілік сауал­нама жүргізеді, өзім де ел аралап жүремін. Сонда байқағаным, біздің қоғам жемқор­лықпен ымырасыз күресуге дайын. Үшін­шіден, біздің елді дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған жос­парларымыз жемқорлықты түбегейлі жойған жағдайда ғана жүзеге аспақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы үш жылда 900-ден астам адамның жемқорлықпен ұсталғанын, мемлекеттік бағдарлама­лар­дың сапалы орындалуына осындай оқиғалардың кедергі келтіретінін жеткізді.

– Біз экономиканы жаңғыртуға, ауқымды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға қазынадан қыруар қаржы бөлеміз. Алайда, жемқорлықтың салда­рынан мемлекеттік бағдарламалар сапа­сыз орындалады. Бұл халықты әлеуметтік қорғауда, ауыз сумен қамтамасыз етуде мәселелердің уақтылы шешілмегенін көр­сетеді, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев биліктің жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атап өтті.

– Бірінші – азаматтардың құқығын қорғау. Мен Конституцияға сәйкес ұлты­на, дініне, мүлік жағдайына қарамастан барлық азаматтар тең деген ережені бас­шылыққа аламын. Ешкім де заңнан биік емес. Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап береді. Сондықтан, кешенді алдын алу шараларын қолға алу қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев екінші шара ретінде мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріп­тестігін деп атап, жемқорлықпен күресте күштік шаралар аздық ететінін айтты.

– Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеуі керек. Әділет министрлігіне көп­шіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Білім және ғылым министр­лігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қолға алғаны жөн, – деді Қазақстан Президенті.

Үшінші – қоғамдық бақылауды күшейту.

– Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуы негізінде мемлекеттік шешімдердің әділ­дігін қамтамасыз ету керек. Жер учас­ке­лерін беру, балабақшадан кезек алу сияқты мәселелердің бәрі де қоғамдық бақылау негізінде жүзеге асуы шарт. Бізде мұндай жұмыстар үшін құқықтық механизмдер бар. Әрбір мемлекеттік органда қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Алайда, іс жүзінде олардың жұмысы көңіл көншітпей отыр. Азаматтық қоғаммен жұмыстағы тәсілдерді түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекеттік аппараттың жұмысын азаматтардың талабына сай бағыттау керек, – деді Мемлекет басшысы.

Төртінші шара – бюджеттік саясаттың ашықтығы.

– Бюджеттік процестің кезеңдері, яғни құрылудан бастап жүзеге асуға дейінгі аралықтың барлығы ашық болуы керек. Азаматтар қажет етпейтін тауарлар алынып, ғимараттар салынып жататын мысалдар аз емес. Тиімсіз «имидждік» жобалар мен бағдарламалардан бас тарту қажет. Даңғойлық пен ысырапшылдыққа жол берген шенеуніктер қатаң жазалануы керек. Халықтың қаржысы тиімсіз жұм­салса, құқық бұзушылыққа жол берілсе, оның жазасы ауыр болады. Мемлекеттік органдар жанындағы ұйымдар мен ұлттық компаниялар да қоғам бақылауында ашық әрі түсінікті болуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті бесінші кезекте жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейту қажеттігін атап өтті.

– Әкімдерге айтарым, жемқорлықты түбегейлі жою сіздердің жұмыстарыңыз­дың негізгі көрсеткішінің бірі болады. Оған сіздер тікелей жауаптысыздар. Әрбір елді мекеннің өз бюджетіне байланысты төртінші деңгейлі бюджетті құруды аяқтау туралы міндет қоямын. Менің Президент ретіндегі ұстанымым бюджет шығындарын жоспарлауға, әсіресе өңірлерде халықтың өкілдерін қатыстыру керек. Бұдан ел экономикасы дамып, тиісінше, халықтың әл-ауқаты артады, – деді Мемлекет бас­шысы.

Алтыншы – мемлекеттік қызмет көр­сету ісіндегі үдемелі цифрландыру.

– Мемлекеттік аппарат қызмет көр­сету барысында тұтынушыларға бейімделу қажет. Тұрмыстық жемқорлықты жоюдың бірден-бір көзі – мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды нұсқаға көшіру. Бұл жерде шешімін таппаған мәселелер бар. Бүгінде мәліметтер базасының 33 пайызы ғана интеграцияланған. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы жұмысты сапалы әрі уақ­тылы аяқтауы қажет. Электронды үкіметті дамыту аясында азаматтардың көрсеті­летін мемлекеттік қызметтерді мобильді нұсқада алуы үшін жаппай оқыту жұмыс­тарын дамыту біздің басымдығымыз саналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жетінші міндет – мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету.

– Бүгінде 25 мың ұйым мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырады. Бұл жемқорлыққа қарсы бақылауды қиын­датады. Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырып, әлеуметтік саладағы бюджеттік мекеме басшыларын бұл міндеттерден босату керек. Колледждер мен мектеп директо­рына дейін мемлекеттік сатып алуға қа­тысы бар. Орталық мемлекеттік орган­дарда саяси қызметшілерді мемлекеттік сатып алуларға араластырмайтын меха­низмдер әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар мемлекеттік функция­ларды бәсеке­лес ортаға беру керек. Бұл туралы жиі ай­тылса да, 5 функция ғана жеке секторға берілген. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа және Ұлттық экономика министріне тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырамын. Оның нәтижелерін маған 1 айдың ішінде баяндаңыздар,– деді Қазақстан Президенті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы жемқорлық бойынша қол астындағы қызметкерлердің қылмыстық әрекеттері үшін бірінші басшылардың жауапты болатынын тағы бір мәрте қадап айтты.

Үкімет пен Президент Әкімшілігіне осы жиында көтерілген мәселелерді шешу үшін енгізілген ұсыныстар негізінде жұмыс істеу тапсырылды.