Өзгенің атына онлайн несие рәсімдеген алаяқ ұсталды
Өзгенің атына онлайн несие рәсімдеген алаяқ ұсталды
Түркістан облысы полицейлері өзгенің атынан онлайн несие алып жүрген жас жігітті ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz. Сарыағаш АПБ-ге жергілікті тұрғыннан арыз түсті. Жәбірленушінің айтуынша, бейтаныс азамат оның атынан жеке куәлігін пайдалана отырып, ғаламтор арқылы 75 000 теңге онлайн несие алған. Бүгінгі таңда ол қарызы 250 000 теңгеге жуықтап, көбейіп кеткен. Аталған дерек СДТБТ-ге енгізіліп, ҚР ҚК-нің 190-бабы бойынша тіркелді. Арызданушының арызына сәйкес, орын алған алаяқтықты анықтау мақсатында Сарыағаш ауданы полицейлері қажетті іс-шаралар жүргізді. Куәгерлерден жауап алып, жиналған ақпарат көздері арқылы полицейлер осы қылмысқа қатысты күдіктіні тұрғынның арызынан соң 1 күн ішінде өз үйінен ұстады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты. Аталмыш қылмыстың ақ-қарасын анықтауға кіріскен тергеуші Ерасыл Намазбаевтың анықтауынша, күдікті өзінің жымысқы ойын іске асыру мақсатында жәбірленушіден “туыстарым ақша салатын еді, каспи голдыңды бере тұрсаң”, деп алдап алғаны белгілі болған. Оған қоса оның осыған ұқсас тағы 3 жайтқа қатысы бар болып шықты. Бұл деректерде алаяқ жігіт біреуінің атынан 25 000 теңге, келесісінен 35 000 теңге, үшінші тұрғынның атынан 10 000 теңге несие алып, өз қажеттілігіне жаратып отырған. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Түркістан облысы полицейлері азаматтарға өзіне қатысты жеке, құпия деректерді ешкімге бермеуді ескертеді. Егер осындай интернет-алаяқтықтың куәсі немесе құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның “102” телефонына хабарласуды сұрайды.