Қоғамдық штаб – Ақтөбеде
Қоғамдық штаб – Ақтөбеде
193
оқылды

Қазақстан Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республикалық қоғамдық штабы үгіт-насихат жұмыстарын Ақтөбе облысында жалғастырды. Штаб мүшелері облыс жұртшылығымен кездесіп, кандидаттың Сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарына тоқталды.

– Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Сайлауалды бағдарламасында 2025 жылға дейін 650 мың қазақстандық отбасын немесе 2 миллионнан астам азаматты баспанамен қамтуды басты міндет етіп қойып отыр. Сондай-ақ алдағы уақытта 40 мың отбасыға жалдамалы пәтер беру мәселесі де қарастырылған. Осы мақсатта арнайы мемлекеттік бағдарламалар қолға алынып, тиісті жұмыстар бірыңғай жүйеге негізделмек, – деді Республикалық штабтың басшысы Мәулен Әшімбаев.

Ақтөбе рельс-арқалық зауытының еңбек ұжымымен кездесуде Штаб мүшелері Қасым-Жомарт Тоқаевтың тұлғалық қасиетіне және оның бағ­дарламасының басты қағидаларына назар аударды.

– Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі ұстанымдары – Елбасы саясатының сабақтастығын қамтамасыз ету, әділдікті ту етіп, өрлеуге ұмтылу. Сол арқылы өңірлерді біргелкі дамыту, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту, елдімекендерді ауызсумен, электр энергиясымен қамту, жылу беру нысандарын жаңғырту, республикалық деңгейде және жергілікті автожолдар салу және сол істерге қомақты қаражат бөлу қарастырылып отыр, – деді РҚШ мүшесі Нұртай Сабильянов.

Штаб мүшелері облыстың Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылының жұртшылығымен де кездесіп, Сайлауалды бағдарламада ауылдық жерлерді дамыту, ұстаздар мен дәрігерлердің жағдайын жақсарту, жемқорлықты түп-тамырымен жою сияқты халықтың көкейіндегі мәселелер де көтерілгенін айтты. Үгіт-насихат жұмыстары облыстағы бірқатар кәсіпорында жалғасты.

Республикалық штабтың TeamQazaqstan жастар қанаты да осы бағытта белсенді жұмыс істеді. Олар өткен жексенбіде саламатты өмір салтын наси­хаттап, Нұр-Сұлтан қаласында арнайы іс-шара өткізді.


Айдана БЕГІМ