Полицейлер коронавирусқа шалдыққан жеңіл жүрісті шетелдіктерді әдейі жасырған
Полицейлер коронавирусқа шалдыққан жеңіл жүрісті шетелдіктерді әдейі жасырған
Фото: Интернеттен алынды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Маңғыстау облысында лауазымды полицейлердің заңсыз әрекетін әшкереледі. Аппарат жетекшісі Қуаныш Жапақовтың айтуынша, агенттіктің Маңғыстау облыстық департаменті прокурорлармен бірлесіп, департамент полициясында жұмыс істейтін лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекетін әшкереледі. Полицейлер шетелдік азаматтарға Ақтауда жезөкшелікпен айналысатын притондар желісін ұйымдастыруға көмектескен.
«Облыста карантин жарияланғанына қарамастан, полиция қызметкерлері притондардың қызметін тоқтатуға шара қолданған жоқ. Тіпті, коронавирусты жұқтырған бір адамның жезөкшелікпен айналысатын шетелдіктермен байланыста болғанын да жасырды», – деді Жапақов.
Ол онлайн брифингте қазіргі уақытта адамдардың денсаулығына қауіп төндіретін ақпаратты жасыру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын айтты. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тиісті мекемелерге хабар бергеннен кейін 87 адам оқшауланды. Олардың арасында притондарда жезөкшелікпен айналысқандар да бар. Шетелдік екі азаматтан коронавирус инфекциясы анықталды», – деді Қуаныш Жапақов.