Жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдерінің айтуынша, шымкенттік полицейлердің адамдарды заңсыз өткізгені әшкере болды. Ведомство мәліметінше, жол-патрульдік полицейіне қатысты қылмыстық іс қозғалды.
«Полиция қызметкері төтенше жағдай режимі кезінде ЖШС өкілінен оның блокбекеттен кедергісіз өту және әкімшілік жазаға тартылмауы үшін 25 мың теңге мөлшерінде пара алған», – деді агенттік аппаратының басшысы Қуаныш Жапақов.Сондай-ақ Түркістан облысында да полиция қызметкерінің пара алғаны белгілі болды. «Ол Түркістан облысы тұрғындарынан көшеде жаяу жүру және «Таскешу» блокбекетінен өту үшін 15 мың теңге пара алған», – деді Жапақов.