Кәсіпкерлер жарна төлемесе де, тегін медициналық көмек алады
Кәсіпкерлер жарна төлемесе де, тегін медициналық көмек алады
Фото: Интернеттен алынды
151
оқылды
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалының  мәліметінше, шағын және орта бизнеспен айналысатындар  2020 жылдың 1 қазанына дейін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру төлемдерін төлеуден босатылды. Сонымен қатар ірі бизнес субъектілерінің бірқатары 1 шілдеге дейін жарна төлемейтін болды. Филиалдың мәліметінше, Үкімет салық пен әлеуметтік төлемдерден босатылған шағын және орта бизнес нысандарының тізімін бекітті. Олардың қатарында сауда-саттық, көлік тасымалы және техникалық қызмет көрсету нысандары, білім беру орындары, медицина, туризм мекемелері, мейрамхана, қонақ үй және ойын-сауық саласы, бағдарламалық қамсыздандыру, фитнес нысандары бар. Сонымен қатар жеңілдікке жеке кәсіпкерлер де ілінді. Атап айтқанда, кәсіпкерлер қарамағындағы қызметкерлер үшін сақтандыру төлемдерін төлеу міндетінен босатылды. Бірақ жеке кәсіпкерлік нысанының иесі ретінде өзі үшін жарна төлеуі қажет. Дегенмен олар үшін жарна төлеу мерзімі биылғы жылы маусымның біріне дейін шегерілді.
«Мемлекет төтенше жағдай кезінде кәсіпкерлерді қолдау мақсатында осындай шараларды қолға алып отыр. Жоғарыда аталған субъектілер жұмыс беруші ретінде аударым (жалақының 2%) жасауды тоқтатады. Оған қоса, жалдамалы жұмыскерлер жалақысынан да жарна ұстамайды. Соған қарамастан, олардың бәрі де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіндегі қызметтерді қажетінше пайдалана алады», – деді филиал басшысы Нұрлыбек Қабдықапаров.
Ескерер жайт, Үкімет қаулысына енбеген бизнес нысандары жеңілдіктерді пайдаланып, жарналар мен аударымдарды 1 маусымнан кейін төлей алады.