Жастар форумы басталды
Жастар  форумы басталды
311
оқылды

Қостанай облысында жастардың қоғамдағы рөлін, олардың белсенділігін арттыру мақсатында Қазақстан-Ресей жастарының форумы өтіп жатыр. Екі күнге жоспарланған ауқымды шараға көрші елден және Қазақстанның барлық облысынан мыңнан астам делегат жиналды.

Халықаралық деңгейдегі іс-шара «Ел ертеңі – болашақ жас­тардың қолында!» атты аймақтық бағдарламаны жүзеге асыру аясын­да ұйымдастырылды. Ма­ңызды форумға Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев, Ресейдің Жастар ісі жөніндегі агенттігі басшысының орынбасары Андрей Платонов, «Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Татьяна Миронюк және өзге де қонақтар келді.

– Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Қазақстан халқына Жол­дауында жастарға ерекше көңіл бөліп, тәуелсіз еліміздің тари­хын­да алғаш рет 2019 жылды Жас­тар жылы деп жариялады. Иә, еліміздегі жастар ұйымдары дегенде, ең алдымен, Nur Otan партиясы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанаты ойға ора­латыны сөзсіз. Өйткені бұл ұйым жастардың жобаларын іске асырудың алаңы десек болады. Жастар жылына орай ұйымдас­тырлып отырған форум – Қа­зақстан мен Ресей достығының айқын көрінісі. Екі елдің көп­жылдық ынтымақтастығы мен әріптестігі арқасында маңызды іс-шараны өткізуді қолға алдық. Қазіргі уақытта жастарымыз дәстүр мен ұлт сабақтастығын сақтауда айрықша жұмыс атқа­руда. Статистикалық мәліметтер бойынша, Қостанай облысын­дағы жастардың саны 170 мың­нан асып жығылады. Өз кезегінде облыста олардың жан-жақты дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Өңірдегі ЖОО-лар мен арнайы орта оқу орда­ларында 40 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл облыс әкімдігі гуманитарлық, техни­­ка­лық мамандықтарға екі жүз­ден ар­тық грант бөлді. «Диплом­мен – ауылға!» бағдар­ламасы басталғалы 400-ден астам жас мемлекет қолдауына ие болды, – деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов форумның ашылуында.

Форум тақырыбы жастардың ерікті жобаларға қатысуына ар­налды. Ынтымақтастықты арт­ты­руға мүдделі екі елдің қо­ғамдық ұйымдарының өкілдері форумда өз жобаларын таныс­тырып, халықаралық дәрежедегі бастамалар туралы айтып, еріктілік саласындағы үздік тәжірибе алмасты.

Шара кезінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов пен Ақ­парат және қоғамдық даму ми­нистрі Дәурен Абаев Жастар са­райының көрме павильо­ны­ның жұмысымен танысты.

Форумда қос елдің баяндама­шылары еріктілер қозғалысы та­рихындағы үздік нәтижелер, же­­тістіктер туралы ой бөлісіп, тә­жі­рибе алмасты. Сондай-ақ кө­­ңілді тапқырлар сайысы, жас­тар­ға арналған концерттік бағ­дарла­малар ұйымдастырылып жатыр.


Әбілмансұр ЖАСАН