Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының дәрігер-маммологы Назгүл Айдарбекқызы Омарбаева ТМД-дағы ең үздік жас ғалым деп танылды. Назгүлдің "Қазақ популяциясындағы сүт безі обырындағы генетикалық зерттеулердің рөлі: жаңа ұрпақтың секвенирленуі нәтижелері" атты ғылыми жұмысы жас ғалымдар байқауында ТМД және Еуразия елдерінің онкологтары мен радиологтарының XI съезі аясында бірінші орынға ие болды. Бұл секцияға Ресей, Өзбекстан, Қазақстан және Беларусь елдерінің 10 жас ғалымдары қатысты. Ғылыми жұмыс ҚазОРҒЗИ базасында, ҚазОРҒЗИ басқарма төрағасы, ҚР ҰҒА академигі, профессор, м.ғ. д. Д. Р. Қайдарованың басшылығымен жүргізілген зерттеу нәтижелері бойынша дайындалды. Назгүл Омарбаева – Маммология орталығының бірінші санатты дәрігері, Phd докторанты. 2011 жылы И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетін үздік бітірді. Болашақ стипендиясының иегері. Н. Блохин атындағы РОНЦ интернатураны (Мәскеу) бітірді.