Бүгінде әлем елдерінің барлығы медицина қызметкерлерін жаһанды жайлаған жұқпалы індетке қарсы алдыңғы шепте тұрған маман ретінде бағалауда. Олардың қызметін бұрынғыдан да жоғары құрметтейтіндердің саны артты. Ал ақ халаттылар коронавируспен күресте күн-түн демей, демалыссыз еңбек етуде. COVID-19 инфекциясына қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің бірі – Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекциялық бөлімінің жұқпалы аурулар дәрігері Талғат Шымырбаевқа қоңырау шалып, олардың жұмысы туралы айтып беруін өтіндік. Ол кісі 12 сағаттық кезекшіліктен кейін енді бел басып отырғанын айтқанымен, біздің өтінішімізді елеусіз қалдырмады. – Бала күнімнен дәрігер болуды алдыма мақсат еттім. Сол арманыма қол жеткіздім. 2009 жылдан бері денсаулық сақтау саласында инфекционист дәрігер ретінде қызмет атқарып келемін. Осы уақыт ішінде мен көптеген жұқпалы ауруларды зерттеп, олармен жұмыс істедім. Ал инфекцияның жаңа түрі туралы алғашқы ақпараттарды өткен жылдың желтоқсанында оқыдым. Қытай елінің Ухань қаласындағы індеттің ақпараты минут сайын жаңарып, әлемдегі жағдай көз ілеспес жылдамдықпен өзгерді. Сырқаттанғандардың да, қайтыс болғандардың да саны еселене түсті. Коронавирустың Қазақстанды айналмай өтпесі анық еді. Себебі, шекара ашық, сауда-саттық емін-еркін жүреді. Оған қоса, өзге мемлекеттерде білім алатын, жұмыс істейтін, іссапарлар мен туристік турларға баратындар көп. Осының барлығын ескере келе, біздің ұжым қауіпті инфекциямен жұмыстың қағидаларын білсек те, қайта оқудан өттік. Осылайша, қаңтар айынан бастап бәріміз күшейтілген режимде жұмыс істеп жатырмыз. Коронавирус жұқтырған алғашқы науқас 24 наурызда түсті. Бекітілген алгоритм бойынша біз оны арнайы боксқа орналастырып, емін бастап кеттік. Сол күннен бастап, мен және менің әріптестерім үйге бармайтын болдық, себебі біз де науқаспен байланыста болып, вирус тасымалдаушы болуымыз мүмкін. Дене қызуы, жөтелі бар азаматтарды тексеріп, емдейміз. Өкінішке қарай, денсаулығына немқұрайлы қарайтын, дәрігердің нұсқауларын орындамай, шыдамдылық танытпайтындар да кездеседі. Біз олармен ортақ тіл табысып, кеселден келуі мүмкін қауіпті егжей-тегжей түсіндіреміз. Ауруханаға неше түрлі адамдар түседі. Ауру белгілері кәдімгі тұмауға ұқсас болғандықтан қауіпті індетке шалдыққандарын мойындағысы келмей, айқай-шу шығарып, тіпті тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінген сәттеріміз де болған. Вирустың алғашқы белгілері байқалған азаматтар алдымен жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізіледі. Дәрігерлер, санитарлық қызметкерлер, зертханашылар – барлығы тек арнайы киіммен жүріп, науқастарды қарайды, сынамалар алады. Қазіргі таңда ауру жұқтырып алған дәрігерлер көбейіп кеткенін көріп те, естіп те жүрміз. Алайда, менің ойымша әр адам өз таңдауын жасап, ерікті түрде қауіпке қарай қадам жасаса, одан сақтануды да ұмытпағаны абзал. Арнайы костюм, көзілдірік, респиратор, аяқ киімдер – біздің басты қорғанымыз. Әрі бұларды 3 сағат сайын ауыстырып тұру керек. Бірақ, бұл киімдерді кию кезінде де дәрігер қателік жіберіп қойса, яғни сәл ғана ауа кіретін орын қалса, онда індеттің жұғып кету қаупі жоғары екенін жақсы түсінеміз. Жалпы облыста 70 адам ем қабылдап жатса, біз қазір 40-тан аса науқастың өмірі үшін күресіп жатырмыз. Барлық науқастардың жағдайы орташа, қалыпты. 13 адам дертінен жазылып шықты. Ауруы асқынған науқас жоқ, бола қалған жағдайда тыныс алу аппараттары дайын, төсек орындары жеткілікті. Дәрігерлер жетерлік, сондықтан ауысыммен жұмыс істейміз. Біреуіміз тәулік бойы, екіншіміз күндіз, ал енді біреулер түнгі ауысымға шығады. Кезекшіліктен кейін міндетті түрде 12 сағат демаламыз. Ең бастысы – блоктан шықпау. Сондықтан осы жерде тамақтанып, осында ұйықтаймыз. Өзім үшін, тіпті, науқастар үшін де қорқыныш жоқ. Себебі, дәрігерлерге барлық жағдай жасалған, вирус жұқтырғандар да біздің қатаң бақылауымызда. Бірақ, халық карантин режимінің талабын сақтамай, дерт жұқтырушылар қатары арта түспесе екен деген ой маза бермейді. Карантин ұзап кетсе, отбасыммен қауышар күннің, балаларымды бауырыма басып, мейірім қанғанша иіскейтін сәттің де алыстай түсетінін ойласам, көңілім бұлт торлаған аспандай болады. Алайда жабыққан көңіл шіркін жазылуға бет алған науқастарды көргенде, күн-түн демей, жанталасқан еңбегіңнің еш кетпегенін сезгенде серпіліп қалады. Адам өміріне араша түсіп, 24 сағаттың 24 минуттай зырылдап өтіп жатқанда шаршағаның да білінбей кетеді. Бірақ, біз өз парызымызды мүлтіксіз атқарып, антымызға соңына дейін адал боламыз. Бұл – біздің жұқпалы аурулар бөлімінің барлық қызметкерлерінің серті. Ауруханадан шықпай жұмыс істегелі бір айдан асыпты. Үйдегілермен қолым босағанда бейнеқоңырау шалып, сөйлесемін. Үйде әйелім және 4 балам бар. Бәрін қатты сағындым. Хабарласа алмай жатқан сәттерімде олардың алаңдамауын өтінемін. Ең бастысы – келер күндердің мамыражай болуын тілеймін. Ал, менің қазіргі міндетім – көзге көрінбейтін қауіпті індетпен бетпе-бет шайқаста жеңіске жету, – дейді Талғат Шымырбаев. Осылайша ағынан жарылған дәрігер өзінің кезекшілігіне кете барды. Дәрігерлердің өз өмірін қатерге тіге отырып, өзгенің өмірін сақтап қалу кезіндегі ерлікпен пара-пар ерен еңбегі көпке үлгі. Бүгінде Жамбыл облысынан коронавирус індетіне байланысты адам өлімінің тіркелмеуі де осы ақ желенділердің антына деген адалдығының жемісі деп білеміз.
Шолпан Тайжанова, Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің тілшісі