Шығыс Қазақстан облысында карантин кезінде онлайн концерттер өткізіліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 2017 жылдан бері «Ертістің музыка әлемі» атты жоба жүзеге асырылуда. Мұндағы мақсат - шығысқазақстандық композиторлар мен әншілердің туындыларын халық арасында кеңінен тарату. Осы жоба бойынша облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі көптеген іс шаралар өткізілуде. «Ертіс концерт» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында кәсіби хореографиялық ансамбль құрылған. Сондай-ақ «Big band» атты джаз оркестрі мен «Әлем сазы» атты вокалдық-аспаптық ансамбль өз жұмысын бастады. Биыл ШҚО-да өтетін шаралардың дені ұлы Абайдың 175 жылдығына орай ұйымдастырылады.
«Төтенше жағдай кезінде де әртістер халықты рухани тұрғыдан қолдау мақсатында жұмыс істеуде. «Біз біргеміз» акциясы аясында біздің өнерпаздар мен қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен онлайн концерттер өткізіліп жатыр. Бүгін «Әлем сазы» ВИА мен «Ертіс концерт» солистерінің қатысуымен өткен онлайн концерт әлеуметтік желілерде жарияланды», - дейді «Ертіс концерт» КМҚК директоры Данияр Мерғалиев.Сондай-ақ қазір «Big band» джаз оркестрі концертінің, солист Н.Қабдоллаева мен «Алтай» фольклорлық ансамблінің қатысуымен «Шәмшіге арнау» атты концерттің видеожазбалары жасалуда. Бұдан бөлек «Ертіс концерт» солистері А.Мазкенованың фортепианода сүйемелдеуімен «Музыка для души» атты онлайн концерт өткізбек.