1990 жылғы 24 сәуірде Қазақстанда тұңғыш рет президенттік институт құрылып, сол кезде өткен Жоғарғы Кеңес отырысында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақ КСР Президенті болып сайланды. Бұл айтулы оқиға Қазақстанның мемлекеттілігі мен егемендігінің нығаюында, сондай-ақ еліміздің табысты дамуында маңызды рөл атқарған президенттік институттың қалыптасуының бастамасы болды.
***
Басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыру, оның содан кейінгі жаңғыртылуы, әлеуметтік және экономикалық дамудың түрлі кезеңінде мемлекет алдында тұрған міндеттер спектрінің өзгерістеріне бейімделуі – Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың зор еңбегінің нәтижесі. Бұл үдерістің өзіндік ерекшелігі – оның кеңестік саяси жүйенің өзінде басталып, кейіннен тәуелсіз Қазақстан жағдайында әбден пісіп-жетілуі. Тарих көрсеткендей, мемлекеттік билік қызметінің Кеңес Одағында және социалистік жүйе елдерінде қолданылған партиялық-мемлекеттік тетігі жаһандық экономикалық, әлеуметтік және саяси міндеттерді шешуге қабілетсіздігін байқатты әрі қоғамдық даму жолындағы кедергіге айналды. Сөйтіп, 1990 жылдардың басына қарай республика өмірінде Компартияның басқарушы рөлінен айырылуы салдарынан билік жүйесінде вакуум пайда болғаны айқындала түсті. Бұрынғы билік институттары мен құрылымдары, кеңестік әкімшілік-командалық жүйенің сарқыншақтары қоғам құрылымының жаңа түрінің талабына сай бола алмады. Жоғары, атқарушы және заң шығарушы биліктің функцияларын бойына жинақтаған, Жоғарғы Кеңес бастап тұрған депутаттар кеңесінің архаикалық жүйесінің толыққанды басшылықты қамтамасыз етуге талпыныстары сәтсіз болып шықты. Әбден тығырыққа тіреліп, барынша тез және тиімді шешуді талап ететін түйткілдің көптігінен туындаған әлеуметтік ширығыс шегіне жеткенін көрсеткен митингілер, ереуілдер, басқа да жаппай белсенді қарсылық көріністері сол жылдардың шынайы сипатына айналды. Басқарудың ескі моделінің кемшіліктері – төрешілдік, біліксіздік, органдар мен лауазымды адамдардың жеке жауапкершілігінің жоқтығы айқын көрініп тұрды. Басқару жүйесінің бұрынғы құрылымын өзгерту ғана елге қажетті серпін бере алатынын түсінген Нұрсұлтан Назарбаев билік тармақтарын айқын жіктеп, бөлісу қағидатын енгізу ісімен белсене айналысты. Сол күш-жігердің арқасында біртіндеп елде пәрменді президенттік билік, екі палаталы кәсіби парламент және тәуелсіз сот жүйесі түріндегі негізгі саяси институттар қалыптаса бастады. 1990 жылғы 24 сәуірде Қазақ КСР Президенті лауазымының белгіленуі республикадағы саяси билік трансформациясының түп бастауы болды. Ол кезге дейін Нұрсұлтан Назарбаев кеңестік Қазақстанның жоғары партиялық және шаруашылық лауазымдарында табысты жұмыс тәжірибесі жеткілікті, мойындалған көшбасшысына айналған-ды. Республика халқы арасында ол кеңінен танылып, биік беделге ие болған еді, сондықтан оның Қазақ КСР Президенті лауазымына баламасыз тағайындалуы дау тудырған жоқ. Бұл таңдау республиканың басқарушылық құрылымында қажеттігі объективті себептерден туындаған жаңа мемлекеттік институттың пайда болғанын көрсетіп берді. Ең алдымен айтар нәрсе, әлемдегі саяси үдерістер тәжірибесі қилы кезеңдерде биліктің шоғырлануын арттыру арқылы мемлекет өз рөлін айтарлықтай күшейтетінін аңдатады. Кезектен тыс міндеттерді жедел шешу үшін оның функциялары мен өкілеттіктері кеңейтіледі. Қазақстанға қатысты алғанда әңгіме халықтың тұрмыс деңгейі күрт төмендеуіне, әлеуметтік бағыттан ауытқуға және басқа да көптеген күрделі түйткілге әкеліп соқтырған жүйе дағдарысын бастан өткерген қоғамды тұрақтандырып, нығайта алатын мемлекеттік құрылымның жаңа формасы жөнінде еді. Жұмылдырушы фактордан басқа да жайттар өте өзекті болды. Атап айтқанда, нақты егемендікті, стратегиялық жоспарлау ісін жүзеге асыру және көзделіп отырған өзгерістерді жасау, тиімді сыртқы саясат қалыптастыру қажеттігі туындаған еді. Бұдан бөлек, халықтың көпұлтты және көпконфессионалды құрамы, республика аумағының орасан кеңдігі, Семей ядролық полигоны мен Арал төңірегі, тағы басқа да сондай ауқымды экологиялық апат аймақтарының болуы өте маңызды мәселе саналатын. Қажетті билік өкілеттіктері бар президенттік институт қана басқарудың қалыптасу үстіндегі жаңа моделінің орнықтылығын, саяси және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете алатын. Экономикалық бейберекеттік, түбегейлі саяси, әлеуметтік, мәдени өзгерістер, құқықтық нигилизм, пайда болып жатқан саяси партиялар институтының әлсіздігі жағдайында транзит кезеңіндегі Қазақстан үшін президенттік басқару формасының таңдалуы бірден-бір дұрыс шешім еді. Тұтастай алғанда, президенттік институт егемен Қазақстанның бүкіл мемлекеттік басқару құрылымының негізгі тірегіне айналды. Оның қалыптасуы халық депутаттары кеңестерінің толық билігі қағидатына негізделген кеңестік республикадан билікті тармақтарға бөлуді қарастыратын президенттік республикаға көшудің жалпы үдерісі аясында өтті. Аталған қағидат алғаш 1990 жылғы қазанда Нұрсұлтан Назарбаевтың қажырлылығының арқасында қабылданған «Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі туралы» декларацияда бекітілді. Оның ережелеріне сәйкес, сол кездегі Жоғарғы Кеңес – биліктің заң шығарушы тармағының, Президент – басқарушылық-атқарушылық тармағының, ал Жоғарғы Сот – сот билігінің қызметін атқаратын. Сайлау жүйесін реформалау да сол кезде басталды. Мәселен, 1991 жылғы 16 қазанда «Қазақ КСР Президентін сайлау туралы» заңның қабылдануы арқасында Мемлекет басшысын жаңаша – бүкіл халықтың дауыс беруі арқылы сайлау тәртібі бекітілді. 1991 жылғы 1 желтоқсанда сайлаушылардың 88,2% қатысқан Қазақстандағы алғашқы осындай бүкілхалықтық сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев 98,8% дауыспен сайланды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылы 20 қарашада қабылдаған «Мемлекеттік билік пен Қазақ КСР-інің басқару құрылымын жетілдіру, Қазақ КСР Конституциясына (Негізгі Заңына) өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң аясында Президент бір мезгілде республика басшысы, биліктің атқарушы және басқарушы органының да басшысы болды. Президенттік институтты одан әрі нығайту Қазақстанның егемен мемлекет ретіндегі дамуы жағдайында іске асырылды. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президентінің мәртебесі алғаш рет конституциялық деңгейде белгіленді. Аталған ереже 1991 жылғы 16 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң арқылы бекітілді. 1992-1993 жылдары жергілікті әкімшіліктер мен ескі жүйедегі кеңестік депутаттардың бір-бірінің қызметін қайталауын, бәсекелестігін жою қажеттігінен туындаған президенттік биліктің қалыптасу үдерісі жүріп жатты. Бұрынғы атқару комитеттері жаңаша құрылды. 1993 жылғы 10 желтоқсандағы «Қазақстан Республикасының жергілікті басқару және атқару органдары туралы заңға сәйкес, жергілікті әкімшіліктер басшылары пайда болды. Жергілікті жаңа өкілді орган – мәслихат құрылды. Алайда президенттік және парламенттік басқару формасының қайсысы дұрыс екені жөнінде пікірталас, Жоғарғы Кеңестің бірқатар бақылау функциясын Президентке бергісі келмеуі билік өкілеттіктерін бөлу мәселесінде айтарлықтай қиындық туындатты. Сөйтіп, Парламент пен Президенттің өкілеттігін нақты айқындау мәселесі айрықша маңызға ие болып, кезек күттірмес сипат алды. Мәселен, 1993 жылғы Конституция аясында Қазақстан Республикасының Президенті Мемлекет басшысы ретінде атқарушы биліктің біртұтас жүйесіне басшылық етті. Үкімет Министрлер кабинеті атынан Президент алдында да, Жоғарғы Кеңес алдында да жауапкершілік арқалады. Өз кезегінде бұл орган өз бетінше Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар қабылдап, енгізу, референдум туралы шешім қабылдау құқығын иеленді, сондай-ақ республика Президентінің мемлекеттің Премьер-Министрі мен басқа да жоғары лауазымды тұлғаларын тағайындауына келісім беретін болды. Жоғарғы Кеңеске билік өкілеттігінің мұндай шектен тыс шоғырландырылуы билікті бөлу қағидатына қайшы келетін. 1993 жылғы Конституция ережелерінің олқылығы, соның ішінде онда биліктің заң шығарушы және атқарушы тармақтары арасындағы қақтығыстың түйінін шешу тетіктерінің, Қазақстан қоғамын дамыту басымдықтары мен мақсаттарының болмауы саяси тұрақсыздық ахуалын тудырды. Іс жүзінде қос билік көрінісі шынайы жағдайға айналып, сол тұста қолданыстағы президенттік билік вертикалымен қатар Кеңес құрылымы да сақталып қалды. Мұндай қайшылықтар мен белгісіздіктер 1995 жылғы 30 тамызда бүкіл ел халқының 90,6%-ы қатысқан жалпыұлттық референдумда мақұлданған жаңа Конституцияда түбегейлі жойылды. Референдумға қатысушылардың 90%-ы жаңа Конституцияға дауыс берді. Оны алдын ала талқылау кең және ашық түрде өтті: 30 мыңдай ескертпе және ұсыныс түсіп, Негізгі Заң мәтініне 1 100-ден астам түзету енгізілді. Жаңа Ата заңға сәйкес, Қазақстан халқы – биліктің бірден-бір қайнар көзі, ал қоғамдық келісім, саяси тұрақтылық, экономикалық даму, Қазақстан патриотизмі, мемлекет өмірінің ең маңызды мәселелерін демократиялық жолмен шешу үрдісі мемлекеттіліктің негізгі қағидаты болып жарияланды. Аталған құжатқа сәйкес, Қазақстанда басқарудың президенттік формасы орнығып, билік өкілеттіктерін бөлу тетігінің өзгеруіне жол ашты. Президенттік институт саяси жүйенің орталық буынына айналып, биліктің өзге тармақтары үстіндегі саяси-құқықтық қондырма қызметіне ие болды. Мұндай жоғары мәртебе олардың өзара тиімді іс-әрекетін қамта-масыз етіп, Мемлекет басшысына жоғарғы арбитр, Конституцияның, адамның және азаматтың құқығы мен бостандығының кепілі болуына мүмкіндік туғызды. Үкімет атқарушы органдар жүйесіне басшылық етіп, олардың қызметіне жетекшілік жасады және дербес басқару шешімдерін қабылдады. Президенттің Үкіметті жасақтаудағы, оның қызметінің стратегиялық бағытын айқындаудағы басым артықшылығы да, сондай-ақ Үкіметтің Президент алдындағы есептілігі де сақталып қалды. Конституцияда демократиялық жаңғырудың бағдары айқындалып, билікті бөлісу қағидаты бекітілді және шектеулер мен арасалмақтар тетігі нақтыланды. Бұл Конституция аясында бұрынғы Конституциялық Сотты алмастыратын жаңа мемлекеттік орган – Конституциялық Кеңестің мәртебесі бекітілді. Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың пікірінше, «президенттік басқару формасы жағдайында Конституциялық Кеңес – Конституцияның заңдылығын сақтайтын органның мейлінше оңтайлы моделі. Ол елде қолданылатын заңнамалық актілердің сапасына кепілдік беретін өзіндік бір қосалқы сүзгі қызметін атқаруы тиіс. Бұл ретте ол саяси дау-дамайдан сырт тұрады». Бұдан бөлек, жаңа Конституция арқылы жергілікті өзін-өзі басқару институты мойындалды, ал бұл жергілікті деңгейде шешім қабылдауға мүмкіндік берді. Негізгі Заң мемлекеттік биліктің әр тармағының қызмет саласын нақты айқындап бергендіктен, оның тиімділігін арттыруға септігін тигізді. Жаңа Конституция Қазақстандағы саяси үдерістің тұрақтану кезеңінің айқындалуына, оның әрі қарай сындарлы бағытта дамуына мүмкіндік туғызды. Бұл жайт Президенттің 1997 жылғы «Қазақстан–2030: Өркендеу, қауіпсіздік және барша қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсаруы» атты Жолдауында көрініс тапқан ұзақмерзімді стратегиялық жоспарлау жұмысын зерделеуге мүмкіндік берді. Бұл стратегиялық құжат Мемлекет басшысының содан кейінгі бірқатар Жарлығы арқылы тиянақталып, оның әр жылғы Жолдауы негізінде нақтыланды және Үкіметтің бағдарламасымен қамтамасыз етілді. Қазақстан сол күрделі әлеуметтік-экономикалық трансформация жағдайының өзінде-ақ тек ағымдағы мәселелерді ғана шешумен шектелмей, алдына мақсат қойып, болашақтағы даму басымдықтарын белгілеген посткеңестік кеңістіктегі елдер арасындағы санаулы мемлекеттің біріне айналды. Жалпы алғанда, пәрменді президенттік билік моделінің қалыптасуы арқасында ең басты көздеген мақсатқа – елді 1990 жылдардың ауыр дағдарысынан алып шығуға және оны жаңғыртудың жүйелі шараларын жүзеге асыруға қол жетті. Мәселен, Жоғарғы Кеңестің қызметі тоқтағаннан кейін 1995 жылғы наурызда Қазақстан Президенті өз мойнына уақытша қосалқы өкілеттік жүктеді. Соншалық қиын кезеңде ел тағдыры үшін орасан зор тарихи жауапкершілік алған Нұрсұлтан Назарбаев тығыз мерзім ішінде қажетті заңнамалық базаның қалыптасуына мүмкіндік туғыза отырып, өзінің бар күш-жігерін, басқарушылық тәжірибесі мен білімін реформалар барысында жеделдетуге жұмсады. Президенттің өкілеттігін ұзарту мәселесі бойынша 1995 жылғы 29 сәуірде өткен республикалық референдум қорытындысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамалары мен саясатын қоғамның өте жоғары деңгейде қолдап отырғанын көрсетіп берді. Н.Назарбаевтың өкілеттігін ұзарту үшін 7 932 834 адам немесе референдумға қатысқандардың 95,46%-ы дауыс берді. Қазақстандықтар ауқымды жаңарулар үдерісінде саяси тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын сезіне отырып, жүргізіліп жатқан реформалардың елеулі нәтижелеріне куә болды. Бұдан кейінгі жылдары Тұңғыш Президенттің саяси бағытына халықтың көрсеткен қолдауы тек нығая берді, елдегі Президент сайлауының бәрінің нәтижесі соның жарқын дәлеліне айналды. Мысалы, 1999 жылғы 10 қаңтарда өткен сайлауда Н.Ә.Назарбаевқа 5 846 817 адам немесе сайлауға қатысушылардың 79,78%-ы дауыс берді. 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауда Н.Ә.Назарбаевқа өз дауысын 6 147 517 адам немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 91,15%-ы берді. 8 279 227 адам қатысқан 2011 жылғы 3 сәуірдегі Президент сайлауының қорытындысы бойынша, сайлаушылардың 95,55%-ы Н.Ә.Назарбаевқа дауыс берген. 2015 жылғы 26 сәуірде өткен Н.Ә.Назарбаев қатысқан кейінгі Президент сайлауы оның мемлекеттік қызметін қоғамның қолдауының деңгейі жоғары екенінің көрнекті үлгісі болды. Сайлауға қатысқан 9 090 920 адамның 97,75%-ы дауысын Н.Ә.Назарбаевқа берді. Бүкіл халықтың осынша биік деңгейдегі сеніміне ие бола отырып, Нұрсұлтан Назарбаев транзиттің күрделі мәселелерін демократиялы, сындарлы түрде шешу жолында өзі таңдап алған стратегиясын бекем ұстанды. Мұның көрнекті мысалы – 1999 жылғы 10 қаңтардағы сайлау нәтижесінде оның президенттік өкілеттігі мерзімінің 1 жылға, сондай-ақ 2011 жылғы 3 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы есебінен тағы 2 жылға жуық уақытқа қысқартылуы. Осылайша, дағдарысты еңсеру және басқару жүйесінің қалыптасу кезеңіндегі билік өкілеттіктерінің шоғырландырылуы Қазақстандағы либералдық құндылықтарды бағдар еткен жаңа қоғам қалыптасуының күрделі мәселелерін шешудің қажетті шарты болды. Дамудың прогрессивтік векторын батыл жақтаушы ретінде Нұрсұлтан Назарбаев демократияландыру үдерісін ілгерілетуге бағытталған шараларды біртіндеп, жүйелі түрде іске асырып отырды. Мәселен, Қазақстан халқына арнаған 1998 жылғы үндеуінде ол ел Конституциясына сайлау жүйесін жетілдіруге, адал және әділетті сайлау өткізуге, саяси партиялар рөлін арттыруға, Парламент құзыретін кеңейтуге, азаматтық қоғамды дамытуға, баспасөз бостандығын қамтамасыз етуге, тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыруға, Үкімет органдарындағы әйелдер санын ұлғайтуға қатысты түзету енгізуді ұсынды.Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы