Еңбек миграциясы: келісімнен пайда бар ма?

Еңбек миграциясы: келісімнен пайда бар ма?

Мемлекет басшысы өткен аптада Қазақстан мен Өз­бекстан азаматтарының еңбек миг­рациясын реттейтін ке­­­лісімді рати­фикациялау туралы заңға қол қойды. Бұл заң Қазақстан аза­­мат­тарының Өзбекстанда, өзбек­стан­дықтардың қазақ же­рінде  заң­сыз жұмыс істеуіне тоқтам са­­лады, мигранттар  жа­сайтын қыл­мысты азайтады, миг­ранттар құқын қорғауға мүм­кіндік бе­реді деген үміт бар. Бұл келісім Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың был­тыр сәуірде Ташкентке жа­саған мемлекеттік сапарында жасалған еді. Келісімге сәй­кес, еңбекші мигранттар қа­­­был­даушы мемлекеттің заң­дары мен еңбек шартының та­лап­­тарына сәйкес демалуға,  те­­­гін медициналық көмектің ке­­­піл­дендірілген көлемін алуға құ­қы­лы. Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2019 жылдың дерегіне сүйе­ніп, Қазақстанда 394 мың өзбек мигранты бар екенін айтқан. Мұ­ны министр ақпанда заң жо­ба­сы Мәжілісте талқыланған кез­де мәлімдеген. «Қазақстанда ком­пания, мекемелерде 19 мың ше­тел азаматы істейді, олардың 800-і – Өзбекстан азаматы. Ішкі істер ми­нистр­лігінің мәліметі бойынша, еңбек мигранттарына былтыр жұ­­мыс істеу бойынша 414 мың рұқ­­сатнама берілген. Оның 95 пайы­зы, яғни 394 мыңы Өзбекстан азаматтарына берілді», – деді ми­нистр. Ал Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстан және Орталық Азиядағы аймақтық үйлестірушісі Зейнал Гаджиев өткен жылы Қазақстанда 1 млн 200 мың еңбек мигранты тір­кел­генін айтады. Одан бөлек, 300 мыңнан астам адам елге бей­­ресми түрде жұмыс істеуге келген. Олар жеке адам­дарға жалданып, қызмет көрсеткен. Жеке адамдарға жалданып қызмет көрсетушілер қатарында өзбектердің үлесі басым екеніне дау жоқ.

Өзбек экономикасына 40 млрд теңге құйдық

Өзбек аза­­мат­­тары негізінен үй шаруа­шы­лығы, оның ішінде құ­рылыс, пәтер жөндеу, аспаздық жұмыстарға тарты­лады. Табысы да жаман емес, олар был­тыр алғашқы 9 айда банктер арқылы Өзбекстанға 108 млн доллар ақша ау­дарған. Ал Өзбекстандағы Қазақстан азаматтары осы уақыт аралығында елімізге 25 млн доллар ғана ау­дарыпты. Айырмасы төрт есе. Осы­ның өзі өзбек елінде жұмыс істей­тін қазақстандықтардың көп еме­сін көрсетсе керек. Қалай десек те, өзбек ағайындар 9 айда ғана Қа­зақстаннан 40 млрд 500 млн тең­ге алып кетті. Осы қаржыны ел­де қалдыруға не кедергі? Өзбек істейтін жұмысты отандастарымыз атқара алмай ма? Бұл сұрақтың жауабы сан түрлі. Мысалы, эко­но­мист Бейсен Зиябеков өзбек миг­­­ранттары біздің елде ақшаны адал еңбегімен тауып жатқанын айтады. «Олар бізге келіп басшы бо­лып жатқан жоқ, коррупциямен ақ­ша жымқырып жатқан жоқ. Оның үстіне, екі ел арасындағы еңбек көші-қонын заң  аясында ше­шілген. Сондықтан көршіміз үшін есікті жауып тастаудың қа­жеті жоқ. Алайда әр нәрсенің пай­дасы да, зияны да барын ес­керуіміз керек. Пайдасы сол, екі халықтың арасы жақындайды, тату тұрады. Зияны  – еңбек күші шек­тен тыс көп келсе, біз үшін эко­номиалық салдары болмай қой­майды. Сондықтан мұны рет­теу керек. Мысалы, өндіріс, құры­лыс саласына келетіндерге тоқ­там салудың қажеті жоқ, ал енді алып­сатумен айналысатындарға шектеу қоюымыз керек», – дейді.

Экономистің пікірінше, қа­зір­гі таңда біз қара жұмыста жүр­ген өзбекке емес, мемлекеттік кәсіп­орындар басшылығында отырған шетелдіктерге алаңдауымыз керек.  

Үкімет жұмыс орнын ашуға міндетті емес

 Коронавирус инфекциясы сал­дарынан жұмыс орындары қысқарып жатыр. Осыған байланысты Үкімет жұмыссыздықтың алдын алу мақса­тында «Жұмыспен қамту жол карта­сын» іске асыруға кірісті. Жол кар­тасы аясында инфрақұрылым жоба­лары іске асырылады және 250 мың жұмыс орны ашылады. 250 мың адамның бәрі қазақстандық бола ма әлде шетелден жұмыс күшін тартамыз ба? Бұл туралы сәл кейінірек. Дәл қазір айтпағымыз, әлеуметтанушы Ілияс Тілеубергеновтің пікірімен тығыз байланысты. Оның айтуынша, Үкімет жұмыс орнын ашу міндетін мойнына алмауы керек. «Үкімет жұмыс орнын ашатын институт емес, Үкіметтің міндеті – азық-түлік қауіпсіздігін, елдің сырт­қы қауіп­сіздігін қамтамасыз ету. Білім беру, денсаулық сақтау және қор­ғаныс саласының жұмысын ұйымдас­тыру. Себебі бұл салаларды басы бүтін же­кемен­шікке беруге болмайды. Үкімет осы үш салаға міндетті түрде араласуы қажет. Ал басқа салаларды, соның ішінде жұмыс орнын ашуды да бәсекелі ортаға беру керек», – дейді ол. Әлеуметтанушы халық «Үкімет маған қашан жұмыс тауып береді?» деген түсініктен арылуы керек екенін айтады. Ол үшін еңбек нарығындағы әділетсіздік жойылуы керек. «Жұмыста жыныстық жағынан ғана емес, руын сұрау сияқты дис­криминация кездеседі. Адамның жасына, шашына, көзіне қатысты әділетсіз қатынас болуы мүмкін. Соған төзбегендер жұмыстан кетеді де, жұмыс жоқ дейді. Бұл жұмыстың жоқ­тығын емес, сол адамның көңілі­нен шығатын жұмыстың аздығын білдіреді», – дейді. Ал еңбекті қанау қайдан шығады? Қазіргі жұмыс берушілер, соның ішінде кәсіпкерлердің көпшілігі таныс арқылы тендер алады. Біздегі кәсіпкердің ойлау деңгейі танысым барда басып қалайыннан аспай тұр. Олар 10 адам істейтін жұмысты 5 адамға жүктеп, демалыс күндері де жұмысқа шақырады. Мезі болғандары 70 мың теңге үшін үй бетін көрмей жұмыс істегенше, кетейін дейді. Ал олардың орнын сырттан келген еңбек күші басады.  

Өзбек келсе, қазақ жұмыссыз қала ма?

Ілияс Тілеубергенов 10 жылдан бері кәсіпкерліктің дамуына не әсер ететінін зерттеу мақсатымен ауыл-аймақты аралаған. Сонда ауыл шаруашылығының дамуына екі нәрсе кедергі екеніне көз жеткіздім дейді. «Бірі – жер. Халық мал санын көбейтемін, егін салатын аумақты кеңейтейін десе, жер жоқ. Бар жер­дің өзі басқалардың атында. Оған кірсе, соттап жібереді. Екінші мәселе, ауылдарда жұмыс күші тап­шы. Фермерлер электрик пен дәнекер­леуші таппай отыр», – дейді. Оның пікірінше, сырттан өзбек келсе, қазақтар жұмыссыз қалады деп қорқудың керегі жоқ, себебі жергілікті халықтың арасындағы жалқаулары сырттан еңбек күші келмесе де жұмыссыз жүр. Бұл мәселені шешудің жолы бар ма? «Үкімет жергілікті халықты жұмысқа алып, жағдай жасаған кәсіп­керге субсидия береміз десе, бұл мәселе аздап шешіледі. Ауыл-аймаққа жұмыс күшін тарту сая­саты кешенді түрде жүргізілмесе, мәселе шешілмейді. Мысалы, Нұра ауданына маман жіберсек, оған баспана керек болады. Демек, үй салатын құрылыс компаниясын да қоса жіберген жөн. Үй салынған соң, балаларға мектеп керек, ал мектепке мұғалім қажет. Осылай тізбектеліп кете береді. Бұл бірнеше мәселенің кешенді түрде шешілуіне ықпал етеді», – дейді Ілияс Тілеубергенов. Әрине, Үкімет үшін де, кәсіпкер үшін де өзбек ағайынды жұмысқа тарту жеңіл. Жалғыз өзі келеді, жұмысын істейді, айлығын алады, еліне қайтады. Оған емделсін деп ақша бөлмейді, баласын оқытамын деп басын ауыртпайды. Бұл кәсіпкер үшін тиімді. Бірақ өзбектің виза мәселесі, оны ай сайын өз еліне барып қайтуына мәжбүрлейді. Құжат мәселесі қолын байлап тұр. Мұн­дайда жергілікті халық та өз­бек сияқ­ты өлермендіктен жұмыс істесе дейсің. Айтқандай, бұл мәсе­лені өзінше шешіп алған кәсіпкер­лер бар. Олар Моңғолия мен Қытай­дағы қандастарымызды отбасымен көшіріп алып, басына баспана беріп, жұмыс ұсынып отыр. Мал шаруа­шылығының қыр-сырын білетін қандастар мен жергілікті кәсіпкер бір-бірімен тіл табысып жұмыс істеп жатқан мысалдар да аз емес.  

Өзбек мигрантының өз сенері бар

Өзбек мигранттары еліне адал. Олар сыртта тапқан табысын отба­сына жөнелтеді, ол ақша өзбек нарығында айналып жатыр. Сөз басында өзбек ағайындар өз эко­номикасына біздің елден тоғыз айда ғана 40 млрд 500 млн теңге құйғанын айттық. Ал Ресейден тоғыз айда 2 млрд 252 млн доллар жөнелтеді екен, теңгеге айналдырсаңыз 1 триллионға жуықтайды. Осындай табыс әкеліп жатқан отандасының мүддесін өзбек билігі қашанда қорғауға дайын. Мысалы, коронавиурс ин­фекциясының салдарынан жұмысы тоқтап қалған өзбектерін уайымдаған Өзбекстан Сыртқы істер министрлігі Ресей үкіметіне ресми нота жолдап, өзбек мигранттарына салынатын еңбек салығын төлеуді кейінге шегеруді сұрады. Енді Өзбекстан Қазақстанда еңбек етіп жүрген азаматтарының құқығын қорғауға кірісті. Біз сөз еткен келісім соның жемісі. Әрине, бұл келісімді ратификациялау ар­­қылы Өзбекстандағы қазақ мигрант­тарының да мүддесі қорға­латыны даусыз. Ал әзірге ратифика­цияланған келісімнің мәтіні баспа­сөзде жа­рияланған жоқ. Десе де, мынадай сұрақ көкейден кетпей тұр: біздегі өзбек мигранттары қазақ тілі мен қазақ тарихын, еліміздің негізгі заңдарын оқып, емтихан тапсыра ма екен?..  

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ