300 000 баланың қашықтан білім алуға компьютері жоқ

300 000 баланың қашықтан білім алуға компьютері жоқ

Біріккен Ұлттар Ұйымы бүкіләлемдік дағдарыс жағдайында дүниежүзіндегі балаларды қорғау үшін шұғыл іс-әрекеттер жасауға шақырды. Өйткені пандемия жайлаған қазіргі уақытта олар бойындағы күрделі эмоцияларымен күресіп жатыр.  190-ға жуық елдегі мектептердің жабылуы 1,5 миллиард бала мен жасөспірімге  кері әсерін тигізіп отыр. Әлемдегі барлық баланың 60%-ы толық немесе ішінара оқшаулану енгізілген елдерде тұрады. Қазақстанда 4,5 миллионнан артық бала қашықтықтан білім алып жатса, 300 000 баланың электронды білім алу үшін техникалық құралдары жоқ екен. Оқушыларға теледидар арқылы сабақ беруде Үкіметтің ым тілін түсіндіруге ерекше күш салуына қарамастан,  оған  мүмкіндігі шектеулі және ерекше оқытуды  қажет ететін балалар толық қатыса алмай жатыр. –Бақытымызға орай, бүгінгі күнге дейін балалар аурудың ең ауыр белгілеріне ұшырамады. Алайда олардың өмірі толықтай өзгерді. Мен отбасылар мен барлық деңгейдегі жетекшілерге балаларымызды қорғау үшін әрекет етуге үндеу жолдаймын, – деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш. ЮНИСЕФ деректері бойынша, балалардың көпшілігі білім алу мен байланыс үшін технологияларды пайдаланатындықтан, интернетті теріс мақсатта әрі асыра пайдалану көрсеткіші артып отыр. Мамандар балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығы үшін де алаңдаулы. Өйткені карантин уақытында барлық жастағы балалар мектептің жабылуына, достарымен және туыстарымен байланыстың үзілуіне байланысты аландаушылық, жалғыздық және көңілі қалу сияқты күрделі эмоциялармен күресіп жатыр. Әлем бойынша жұмысы жоқ немесе табысы төмендеген отбасылар денсаулық сақтау мен тамаққа қатысты негізгі шығындарын қысқартуға мәжбүр. Бұл әсіресе балаларға, әйелдерге және емізулі аналарға әсер етеді. Сонымен бірге, 23 ел қызылшаға қарсы иммундау ісін тоқтатты. Қазақстан да иммундаудың жоспарлы бағдарламаларының көбін тоқтатып отыр. Мамандардың айтуынша, егер арнайы шара қолданбаса, жоспарлы иммундауды тоқтату болашақта вакцина көмегімен алдын алатын аурулардың өршуіне әкеліп соғады. Ал бұл балалар үшін ауыр соққыға айналады. –COVID-19 нәтижесінде және оның экономикалық салдарынан балалар арасында кедейлік көрсеткіші өсуі мүмкін. Әлеуметтік қорғаныс шараларын күшейту аса маңызды және біз пандемиядан зардап шеккен кедей отбасыларға ақшалай көмекті ұсынуда Қазақстан Үкіметін толықтай қолдаймыз, – деді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Артур ван Дизен. Қазақстан коронавирустың өршуін басу үшін көптеген іс-әрекетті қолға алып жатыр. Мысалы, отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру және аналар мен нәрестелерге күтім жасау.   –БҰҰ Қазақстан Үкіметін мигрант, босқын және мүмкіндігі шектеулі, алыс ауылдық жерлерде тұратын әлеуметтік тұрғыдан осал балаларға нақты қорғаныс шараларын ұйымдастыру үшін бұдан арғы қадамдарды қабылдауға шақырады. БҰҰ жас ұрпақты қорғауға және оның әл-ауқатын жақсартуда инвестиция салып, қолдау көрсетуге дайын, – деді Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Норимаса Шимомура.

Эльмира ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ