Цементті әлі шеттен тасимыз
Цементті әлі шеттен тасимыз
328
оқылды
Елімізде карантинге қарамай, қауіпсіздік шараларын сақтап, құрылыс қайта жанданды. Құрылысқа арналған мате­риал­дарды алыс-жақын шетелдерден әкелу де өз ықпалын тигізу­де. Бір ғана осы салада аса қажетті цементті басқа елдер­ден тасу әлі бар. Өзі­мізде ашылған зауыттар толық қамта­масыз ете алмай отыр...  

Цемент әкелуге тыйым салынады

Индустрия және инфрақұ­рылымдық даму министрі Қазақ­станға цементтің кейбір түрлерін басқа елдерден әкелуге тыйым са­латын құжатқа қол қойды. Сәуір айының соңында бұл құрылыс материалының импорты шектеледі. Бұл тыйымды естіген оралдық құрылысшылар «мұндай шара материал тапшылығы мен бағаның көтерілуін тудырады» дейді. Бірақ оралдықтарға уайымдайтын негіз жоқ. Өйткені Ресейден цементті жеткізу тоқтатылмайды. Ал цемент импортына тыйым салу туралы бұйрық 17 сәуірде жарияланды және жарияланғаннан кейін 10 күн өткен соң күшіне енеді. «Индустрия және ин­фра­құ­рылымдық даму министрінің 2020 жылғы 9 сәуірдегі № 191 бұй­рығымен ЕАЭО СЭҚ ТН коды бойын­ша цементтің жекеле­ген түрлерін Қазақстан Республи­касының аумағына алты ай мерзімге үшінші елдерден әкелуге тыйым салынды. Ресми жа­рияланған күнінен кейін күн­тіз­белік он күн өткен соң ен­­гі­зіледі (2020 жылғы 16 сәуір­де жария­ланған) және «Сау­да қыз­метін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 12 сәуірдегі Заңының 18-бабына, сон­дай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа 7-қосымшаның 10-бөліміне сәй­кес қабылданды», – делінген бұйрықта. Шектеулер Еуразиялық одақ елдеріне қолданылмайды. Әкелу одаққа мүше болып табыл­май­тын үшінші мемлекеттен ғана шектелген. Дегенмен біздегі Қа­зақстан мен Франция бірлесіп салған «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, Ақмола облы­­сындағы жылына 2 млн тоннацемент өнді­ретін «Көкше цемент» ЖШС, Қа­­ра­ғанды облысындағы Central Asia Cement, HeidelbergCement тобына кіретін «Шымкентцемент», «КаспийЦемент», «Бұқтарма це­мент» компаниялары құрылыс сала­сындағы сұранысты толық қам­тамасыз ете алмай отыр.  

Сұраныс өте жоғары

Үкімет отырысында Премьер-Министр Асқар Мамин: – Елде құрылыс материал­да­рына сұраныс өте жоғары. Осыған байланысты «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелеу бағдарламасы аясында қазіргі кезде отандық құрылыс индустриясы бойынша 178 млрд теңгені құрай­тын 33 жоба іске асырылып жатыр (шыны, арматура, санфаянс, кера­мика тақташа, лак бояуын шы­ғару). Оларды іске қосу тұрғын үй құ­рылысында қазақстандық үлесті 95 пайызға арттыруға және 8 мың­дай жаңа жұмыс орнын құруға мүм­кіндік береді, – деді «Нұрлы жер» бағдарламасының іске асырылуын талқылау кезінде. Үкімет басшысы Индустрия және ин­фрақұрылымдық даму ми­нистр­лігіне «Атамекен» ҰКП-мен бір­лесіп, «Қарапайым заттар эконо­микасы» бағдарламасы аясын­да жүзеге асырылып жатқан құрылыс индустриясы жобала­ры­ның уақытылы енгізілуін қам­тама­сыз етуді және отандық жаңа өн­дірістерді құру жұмысын күшейтуді тапсырды.    width=  

Өз материалымыз пайдаланылуда

Қазақстанның құрылысты материалдармен қамту әлеуеті жет­кілікті. Оған коронавируспен кү­ресті күшейту мақсатында елде жылдам салынатын үш ауруха­на­ның құрылысы айғақ бола алады. – Шекара жабық болған­дық­тан, отандық құрылыс материал­дары ғана пайдаланылуда. Ауру­ханаларда карантин, қарқынды терапия, жан сақтау бөлімдері болады. Қауіпті кеселдің беті қайт­қан күні емдеу мекемелері кә­дім­гі режимде басқа дертке шалдық­қандарды қабылдаумен айналысады. Алматы мен Шым­кент қалаларында құрылыс жұмыс­тарын бастадық. Алматыда – 280 орындық, Шымкентте – 200 орындық аурухана, – деді Құрылыс материалы зауытының бөлім басшысы Әділхан Адат. Елорда мен Алматыдағы емха­наларға 5 жарым миллиард тең­геден, ал Шымкенттегі ауруханаға 3,8 миллиард бөлінген. Сонымен қатар карантинге жабылған Қарағандыда да құрылыс жүріп жатыр. Бұл туралы Қарағанды облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Тайхан Қалмаханов: – Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин кезеңінде құ­рылыс компаниялары белгілі бір талаптарды сақтай отырып жұмыс істей алады. Ауысым кезінде оның шегінен шығу мүмкіндігін болдырмау үшін құрылыс алаңында жұмысшылар үшін жатақхананың болуы шарт, – дейді. «Кімдердің құрылыс ком­па­ния­ларының материалдары пайдаланылуда?» деген сұраққа, ол «Облыс әкімінің құрылыс ны­сандарында жергілікті өндіріс өнім­дерін барынша пайдалану тапсырмасы бар. Бұл біздің ком­панияларымызды қолдауға, жұмыс орындарын сақтауға және жергілікті қамтуды арттыруға мүмкіндік береді», – деді. Әрине, құрылыс материал­дарымен елімізді қамтамасыз етуге өзіміздің де қауқарымыз бар екені айқын. Тәуелсіз ел болғалы жүздеген зауыттар мен фабрикаларды бір ашып, бір жабумен ғана келеміз. Миллиардтаған теңге бөлініп, қа­ғаз жүзінде ғана салынғаны тағы бар. Төтенше жағдай бұл салаға да салғырт қарамауды үйретсе, жақсы!  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ