Қазақстандық эпидемиологтар осы күзде елімізде коронавирустың екінші рет өршуі мүмкін екенін болжап отыр. «Еуразия бірінші арнасының» хабарлауынша, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановпен видеоконференция өткізген эпидемиолог-ғалымдардың пікірінше, коронавирус инфекциясы күзде тұмаумен бірге қайта өршуі ықтимал. Сарапшылар осы себепті халықтың көбіне тұмауға қарсы вакцина жасалуы керектігін айтады. «Маусымдық гипотезаны қазір ешкім жоққа шығарып отырған жоқ. Маусымдық жағдайда тұмау қатты жүрмеуі ықтимал. Тиісінше жазда эпидемия жалғасуы мүмкін. Күзде де ол ары қарай кездесе береді», – дейді С.Аспендияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің зерттеу жұмыстары бойынша проректоры Бауыржан Жүсіпов. COVID-19 ауруын зерттеу үшін қазақстандық ғалымдар биоматериалдар банкін құруды ұсынып отыр. Дереккөздің хабарлауынша, Қазақстанда коронавирус жұқтырғандарды сан жағынан алтыншы хаттамамен емдеуде. Министр ғалымдармен Ұлттық инфекциялық аурулар орталығын құру туралы талқылады.