Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалы өңір тұрғындарына арнап тікелей эфир ұйымдастырды. Партия филиалының Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларында жұртшылық мемлекет және облыс әкімдіктері тарапынан көрсетіліп жатқан көмектер мен партияның #BizBirgemiz акциясы туралы мағлұмат алып, өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. Олардың сауалдарына Nur Otan партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметттік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева мен Түркістан облысы бойынша «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ филиалы директорының міндетін атқарушы Дәурен Байырбеков жауап берді. 20 сәуірде партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.Тәжібаев өзі тікелей эфир өткізіп, оны 1 500-ден астам адам көріп, 100-ден астам сұрақ жолданған болатын. Тұрғындардың өтініштері назарға алынып, бірқатарына жауап берілді. Әсіресе, 42 500 теңгені алу, әлеуметтік көмектерге қатысты сұрақтар көп болды. Соған байланысты партия филиалы осы салаға жауапты мекемелердің басшыларын арнайы шақырып, тұрғындармен онлайн жүздестірді. Кезекті эфир барысында партия филиалының ресми Facebook және Instagram парақшалары мен аккаунтына 200-ден астам сұрақ қойылып, 70-тен астам желі қолданушысы өз парақшаларына бөлісті. Эфирді 2 мыңға жуық адам тамашалап, мағлұмат алды. Сұрақтардың басым бөлігі мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектер, 42 500 жәрдемақысы және #BizBirgemiz акциясы аясындағы азық-түлік және 50 мың теңге көмек туралы болды. Атаулы әлеуметтік көмек алу, жәрдемақыларға құжат тапсыру мәселелері бойынша да шағымдар болды. Спикерлер тұрғындардың сұрақтарына сол мезетте жауап берсе, бірқатарының мәліметі алынып, тиісті жұмыс жүргізіледі. Тұрғындар онлайн қоғамдық қабылдау өткізуге мұрындық болған партия филиалына ризашылығын білдірді. Көмек алып үлгерген азаматтар да алғыс айтып жатты. Жалпы, Түркістан облысында Президенттің тапсырмасы бойынша тағайындалған 42 500 теңге көлеміндегі жәрдемақыны 430 мыңнан астам тұрғын алып үлгерген. Бірқатары енді алмақ. 2020 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша 1-6 жас аралығындағы 25 125 балаға 319, 2 млн теңге азық-түлік және гигиеналық топтамасы берілді. Облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны – 19, 8 мың отбасы немесе 111, 9 мың адам. Ал Nur Otan партиясының #BizBirgemiz акциясы бойынша 8 236 отбасыға азық-түлік жеткізілген. Бұл ретте өңірдің кәсіпкерлері мен мәслихат депутаттары, ерікті жастар, аудан әкімдіктері, жасотандықтар және партия өкілдері айрықша белсенділік танытуда. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz қоғамдық қоры арқылы Түркістан қаласының 4 903 тұрғынына 50 мың теңгеден аударылған. 16 наурыз бен 20 сәуір аралығында партия филиалына 3 мыңға жуық өтініш келіп түсті. Оның 1 772-сі оңтайлы шешілді. Партияның ресми парақшалары мен қоғамдық қабылдау бөлмелері тұрғындардың талап-тілегін онлайн түрде қабылдап жатыр. Алдағы уақытта Nur Otan партиясының Түркістан облыстық филиалының ресми парақшаларында тұрғындар тарапынан сұрақ көп түсетін басқарма басшылары шақырылып, олар онлайн қоғамдық қабылдау өткізіп тұрады деген жоспар бар.
Тельман БЕЙСЕН