Депутат Азат Перуашевтың мәжілістегі мәлімдемесі елді елең еткізді. Оның айтуынша, медуниверситеттер эпидемиолог мамандар даярлауды 15 жыл бұрын тоқтатқан. Шынымен солай ма? Депутат сөзінің рас-өтірігін анықтау мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі мен таңдаулы медицина университеттеріне сауал жолдадық. Алдымен депутат датын талдап көрелік. Айтқан ойына қарай жеке-жеке жауап іздедік. «Оқу орындарында «Эпидемиология» мамандығы жоқ, оған қоса қойылатын біліктілік талаптары жоғалған» деген сөзі қисынға келмейді. Астана медициналық университеті медиа-баспасөз орталығының басшысы Динара Қожахметованың айтуынша, еліміз дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсатында оқу орындары еуропалық стандартқа көшкен. Сол үшін эпидемиология мамандығының ауқымын кеңейтіп «Қоғамдық денсаулық сақтау» факультеті ашылған. Ал бұл факультетті бітіргендер эпидемиолог, тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінде және денсаулық сақтау менеджері болып жұмыс істей алады. «Соңғы 13-15 жылда университет эпидемиолог дәрігерлерді дайындамады деген пікір жалған. Қазір бұл мамандық «Қоғамдық денсаулық сақтау» деп аталады. Біз аталған мамандықпен жылына 70 студентті даярлаймыз. Қазақстан бойынша шамамен 400 түлек «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығын бітіреді. Айта кетерлігі, эпидемиология медициналық университеттегі барлық мамандықта оқытылады. Мәселен, 2 курста олар гигиена курсын өтеді. 3 курста да эпидемиология туралы білімін шыңдайды», – дейді Динара Есенғалиқызы. Ал Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде де эпидемиология факультеті жоқ. Дегенмен «Санитарлық гигиена» мен «Медико-профилактикалық іс» факультеті болған. 2017 жылы заманауаи стандартқа негізделген «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы дүниеге келген. Бұл мамандықты бітіргендер эпидемиолог, нутрициолог дәрігер атанады және санитарлық эпидемиологиялық орталықтарда жұмыс істейді. Жоғарыда министрлікке сауал жолдағанымызды жаздық. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, санитарлық-эпидемиологиялық қызметке маман даярлау 15 жыл бойы тоқтаусыз жүрген. Тек СЭС мамандығы бойынша маман даярлаудың траекториясына өзгеріс енген. Бұл Қазақстанның Болон үдерісіне көшуімен, үш деңгейде кадр даярлау саясатына байланысты екен. Яғни, үш деңгей деп отырғаны – «бакалавр – магистр – PhD докторы» дәрежесі. Ал қоғамдық денсаулық сақтау жүйесі ДДСҰ ұсынған «Бақылау және халықтың әл-ауқатын бағалау» тұжырымын негізге алады. Сондықтан бакалаврда «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша білім алып, магистратурада «Қоғамдық денсаулық сақтау» және «Медико-профилактикалық іс» мамандығы бойынша білімін шыңдайды. Ал депутат айтқан мамандық бойынша жаңа оқу жылынан, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша қосымша грант болу керегі – күн тәртібінде тұр. Мұны министрлік те мақұлдады. Өздеріңізге мәлім, індеттің таралуы медицина саласын есеңгіретіп тастады. Астана медициналық университеті де эпидемиолог мамандығы бойынша магистратурада кеңінен білім беруді жоспарлап отыр. «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығына түсу үшін өткен жылғы шекті балл 128 балл болды. 2019 жылы жалпы 61 түлек грантқа түскен. Одан бөлек, 7 студентке осы мамандық бойынша Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де грантта оқуға мүмкіндік берілген. Байқасаңыз, аталған мамандыққа бөлінетін грант саны аз. Ал еліміздің бас санитары Айжан Есмағамбетова қазіргі таңда елімізге 800-ге жуық эпидемиолог жетіспейтінін мәлімдеді. Жалпы, елде 1 518 эпидемиолог бар. Оның ішінде эпидемиолог-дәрігерлер – 696.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ