Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты 6 сәуірден бастап мектеп оқушылары бірыңғай қашықтықтан оқу жүйесіне көшті. Іс-шара жүзеге асқалы бері әлеуметтік жағдайы төмен көптеген отбасы мүшелерінің балаларын толықтай қашықтықтан оқытуға қосу үшін техникалық жабдықтарды алуға мүмкіндіктері болмай отырғаны белгілі болды. Олардың арасында Қарағанды облысы Үштөбе орта мектебінде оқитын оқушылардың ата-аналары да бар. Балаларының көппен бірге оқу оқи алмай жүргенін айтқан көмекке зәру отбасылар Nur Otan партиясынан кейбір мектеп оқушыларына интернетке шыға алатын гаджеттер жетіспей жатқанын жеткізді. Партиялықтар тұрғындардың өтінішін ескерусіз қалдырмай, бүлдіршіндерге де қуаныш сыйлады. Өз кезегінде Бұқар жырау аудандық маслихатының депутаты, Nur Otan партиясының депутаттық фракция мүшесі С.Артықбаева «Бақытты отбасы» партиялық жобасы аясында көпбалалы отбасылар Азамат Әмірин, Амангелді Аманжанов және Әлия Есенбаеваның мектеп жасындағы балаларына планшет және екі смартфон алып берді. Кездесу барысында мектеп ұжымы мен түлектерінің демеушілігімен С.Шабанова мен М.Жамиеваның да отбасына смартфон сыйға тартылды. Шара соңында оқушылардың ата-аналары партиялықтарға алғысын білдіріп, бағалы сыйлықтар оқушылардың алдағы оқуды сәтті жалғастыруына шабыт беретінін жеткізді.
А.ЖАСАНҰЛЫ