Ұлттық пантеон кімге «бұйырады»?
Ұлттық пантеон кімге «бұйырады»?
Ұлттық пантеон туралы ере­же бекiтілді. Үкіметтің тиіс­ті №208 қаулысы биылғы 15 сәуірде қабылданыпты. Бі­рақ ол тек 21 сәуірде ғана жа­­рияланды. Жаңалық әлеу­­­­­меттік же­­­лі­лер­де біраз пі­кір­та­лас туғызды. Пікір әрине, әртүрлі. Пан­де­мия өр­шіп, ін­дет жайлаған қазіргі қиын шақ­та ат­қарушы би­ліктің бейіт та­қырыбына қайта көңіл бөлуі жұрт­шы­лықты қай­ран қал­дырды. Елдің игі жақсыларын бір жер­­­де жерлеу, ол жерді кие­лі орын санау – ежелден ке­ле жат­қан салт-сана. Әріге бар­май-ақ «қа­зақтың 21 ханы жер­­ленген Түр­кістан» деген ұғым­­ның өзі не­ге тұрады?! Қа­зақ хан­­­дығының ас­танасы бол­­ған осы­нау байырғы шаһар­­да қазақ хал­қының би­леу­шілері, қасиеті бар тұл­ға­лары, билері, атақты батыр­лары арулап кө­мілгені мә­лім. Қожа Ах­мет Ясауи кесенесін жә­не оның айналасын бүгінгі ұрпақ кие тұ­тады. Жаңа пантеон неге қарапайым? Қазақ­станның қазіргі ас­та­насы – Нұр-Сұлтан. Сон­дық­тан Үкі­мет жаңа пантеон да елорда маңында болуы ке­рек деген ұйға­рым­­ға келгені бел­гілі. Кейбір де­­ректер бойын­ша осы ойды бел­гілі қо­­­ғам қайрат­керлері құптаған кө­­рі­неді. Жаңа заманның көр­нек­ті тұлғаларының бір жер­де бол­ғаны және жерлеу орын­да­ры­ның бірізге келтірілгені жөн деген бай­лам білдірілген. 2016 жылдың мамырында Ас­та­на әкімдігі пантеонның бі­рін­ші кезегін салуға және Қа­бан­бай ба­тыр мавзолейін ре­конс­т­рук­ция­лауға 2,3 миллиард теңге бө­ліне­тінін мәлімдеді. Кейін бұл сома 1,7 миллиардқа дейін азай­ты­лды. 2018 жылдың қараша­сын­да әкім­дік жобаның тағы да оңтай­лан­дыруға ұшырағанын рас­тады. Бұған қазақстан­дық­тар­дың сын-ескертпелері әсер етсе керек. Мәселен, шығыстар қата­ры­нан «еденді электрлі жылыту» алып тасталды: зираттың жылы­тылуын жұрт оғаш көрді. Ақыры құрылыс құны 958,3 миллион тең­геге дейін кемітілді. Сөйтіп, құ­рылыс ауданы елеулі түрде ық­шамдалды. Әлемде Хеопс пирамидасынан бас­тап, Римдегі Пантеон, Ресей­дегі Ле­нин мавзолейі, Солтүстік Корея­дағы Ким Ир Сен кесенесі, Қы­тайдағы Мао Цзэдун мавзолейі секілді баршаға белгілі жерлеу орындары жетерлік. Қазақстандық пантеон шет­елдегі осындай ірі нысан­дармен салыстыруға мүлдем келмейді: сон­дай алыстан көз тартар іргелі, еңселі құрылыстары жоқ, жина­қы, шағын ғана бейіт. Бүгінде Қазақстанның Ұлттық пантеоны да – ашық аспан астын­дағы зират. Күтімі келісті деме­се­ңіз, сәулет жағынан кейбір өңір­дегі көрнекті кесенелерге толы бейіттермен теңесе алмайды. Ереже бойынша бір телімде тек екі адам ғана, айталық, белгілі тұлға мен оның әйелі қатар жер­ле­не алады. Басқасы әрірек орна­лас­пақ. Жаңа жерлеу орындарына арналған аллеядағы құлпытастан онда Қауіпсіздік кеңесі хатшы­лы­ғының меңгерушісі, Есеп коми­те­тінің басшысы, 2017 жылы 57 жасында жүрек талмасынан қай­тыс болған Қозы-Көрпеш Жаң­быр­­шин жатқанын білуге болады. «Элиталы» зиратта басқа да адамдар, атап айтқанда Мә­жі­лістің бұрынғы төрағасы Орал Мұхамеджанов, есімі халықа­ра­лық деңгейде танымал белгілі жазушы, бұрынғы Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбай, елі ар­дақ­таған ақын, Мәжілістің I және II шақырылымдарының депутаты Фариза Оңғарсынова, Сара На­зар­баеваның інісі Саяхат Қонақай, облыс әкімі, Мәжіліс төра­ғасы­ның орынбасары қызме­тін атқар­ған Сергей Дьячен­ко, бұрынғы қорғаныс министрі М.Алтын­баевтың әйелі Гүлбану, Жоғарғы соттың бұрынғы бас­шы­сы Мақсұт Нәрікбаев жатыр. Үкіметтің таяудағы қаулы­сын­да Ұлттық пантеон кешеніне енді мемориалдық ғимарат; «Естелік қабырғасы» монументі бар есте­лік музейі (XХ-XXІ ғасырлар); әкім­ші­лік, шаруашылық және қосалқы ғимараттар; құлпытастар; саябақ және іргелес аймақтар кіретіні хабар­ланды. Демек, өркен жая беретінге ұқсайды. Нұр-Сұлтан әкімдігінің идея­сы бойынша пантеон кейінгі за­ман­да кеңейтіледі, көркейтіледі. Әрі бұл процесс жүздеген жылға ұзауы мүмкін!  

VIP зираттан бас тарта ала ма?

Ұлттық пантеонға қатысты бі­раз құжат қабылданды. Мәсе­лен, 2019 жылы ел Парла­мен­ті «Тарихи-мәдени мұра объек­ті­лерін қорғау және пайдалану ту­ралы» заңын қабылдап, оған ел Президенті был­тырғы жыл со­ңын­да, 26 жел­тоқ­санда қол қойды. Заңда Ұлт­тық пантеонға нақты анық­та­ма берілді. Тиісінше, бұл – «аса көр­нек­ті мемлекет, ғылым, мәде­ниет қайраткерлерін, сон­дай-ақ Қа­зақстанның дамуына үлес қос­қан адамдарды мәңгі есте сақ­тау мақсатында салынған, мем­ориалдық маңызы бар сәулет объектісі, қайтыс болған (немесе қаза тапқан) адамдарды жерлеуге арналған орын». Заң Үкіметке «Ұлттық пан­теон туралы ережені бекіту» құзы­­ретін берді. Үкіметтің өткен ап­та­да қабылданып, осы аптада жария етілген жаңа қаулысына сай, пан­теоннан орын алатын тұлға­лар­дың тізімі қайта қаралып отыр. Еліміздің бұрынғы премьер-ми­нистрі Нұрлан Балғымбаев 2015 жылғы қазан айында туған қаласы Атырауда, руластарының зиратында жерленген болатын. Ендеше осы тізімдегі азаматтар қандай да бір себеппен елорда түбінде жатудан бас тарта ала ма? Бас тарта алады екен. Жерлеу тура­лы шешім қабылдау кезінде қайтыс болған немесе қаза тап­қан адамның тірі кезінде айтқан еркі ескеріледі, егер ол болмаса, соңғы шешімді жұбайы, жақын туысы не басқа заңды өкілі қа­был­дайды. Сарапшылардың байламын­ша, пантеоннан орын алудан бас тартуға біріншіден, діни наным-сенім түрткі болуы ықтимал. Себебі бұл кешен мемлекеттің зайырлы сипатына иек артады: барлық көрнекті тұлғалар дініне, ұлтына қарамастан бір жерде, қатарласа жерленеді. Тек дүние салған тұлғаны шығарып салу кезінде діни ғұрыптар мен рәсім­дер­ді заң қалыбынан шықпайтын дәрежеде жүзеге асыруға рұқсат. Екіншіден, онда әлдебір тұл­ғаны ерекше етер, даралап тұрар кесене тұрғызуға тосқауыл қойы­луы да бас тартудың бір себебіне айналуы мүмкін. Бекі­тілген ереже бойынша «Пантеонда құлпытас құрылыстарын орна­ту және бе­зен­діру бірыңғай ны­санда орындалады». Бұған қоса, «Пан­теонда өз еркімен жер­леу, отба­сылық немесе рулық зират құру және қайта жер­леу жүр­гі­зіл­мей­ді» деп атап көрсетіл­ген. Әйтсе де, «ынталандыру» ша­ра­сы да қарастырылыпты: өмірден өткен және әлгі тізім­ге енген көрнекті тұлғаны жер­леу рә­сімдерін жергілікті әкім­дік өз мойнына алады және бюд­­­жет­тен қаржыландырады. Саясаттанушы Данияр Әшім­баев Қазақстанда пантеон идея­сы бұрыннан болғанын еске салады: «50-жылдары Ресейдегі «Кремль қабырғасына» ұқ­сас ба­­ла­маны Алматыда, 28 пан­фи­­­­ловшылар паркінде ұйым­дас­­ты­руға талап жасалды. Онда Азамат­тық соғыста қаза тап­қан­дар­дың, сондай-ақ ұшақ апаты құрбан­дарының екі бауырластар зираты болды. ҚазКСР Жоғарғы кеңесі Президиумының төрағасы Фазыл Кәрібжановтың денесі сонда қойылған. Бірақ бұл тәжі­рибе кең таралмады, туған-туыс­тары көбі­не орталық қалалық зиратты қо­лайлы көрді. Туыстары Алматыны таң­да­ған», – дейді Д.Әшімбаев. Сарапшы Үкіметтің Ұлттық пан­теонда кімдер жерлене алаты­нын құқықтық реттеуге тырысып жат­қанын айтады. Алайда бұл орын­ның олардың арасында қан­ша­лықты «танымал» боларын тек уақыт көрсетеді.  

Елдос СЕНБАЙ