Қарағандылықтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқараны қолдауға бағытталған тапсырмаларының игілігін көріп жатыр. Төтенше жағдай режимінде Қарағанды облысының 76 мыңнан аса тұрғыны азық-түлікпен, тұрмыстық заттармен қамтамасыз етіледі. Бүгінге дейін 18 мыңнан астам адамға 103,3 миллион теңге аударылды. Азық-түлік себетін барлық топтағы мүгедектер, АӘК тағайындалған отбасылардың 6-18 жас аралығындағы балалары, ерекше қажеттіліктері бар кәмелетке толмағандар және оларды тәрбиелеп отырған ата-аналар, сондай-ақ ресми тіркелген жұмыссыздар алады. Төтенше жағдай жарияланғалы бұл көмек елдегі 500 мыңға тарта адамға берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тізім кеңейтіліп, қосымша қаржы қарастырылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ел бойынша 1 млн 243 мың адам осындай көмекке қол жеткізгенін хабарлады. Азық-түлік жиынтығы ай сайын 4 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қамтылды. Бұл көмекке қол жеткізу үшін халық мекемелерге хабарласып, сансырамайды. Өтініш жазудың қажеттілігі жоқ. Көмек алуға тиіс азаматтардың тізімін жергілікті атқарушы орган өзі қалыптастырып, тиісті жәрдемді тағайындады. Төтенше жағдайға байланысты азаматтардың бірқатар санатына азық-түлік тұрмыстық жинақ ақша түрінде шоттарына аударылды. Осыған дейін жәрдемақы алып келген тұлғалардың шотына түседі. Қарағанды облысында отбасының әр мүшесіне бөлінетін қаржы мөлшері – 5 567 теңге, – деді облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов. Шоттарына қаржылай әлеуметтік көмек түскен көпбалалы отбасылардың мемлекетке деген ризашылығы шексіз. Қарқаралы ауданы, Қарағайлы кентінің тұрғыны, алты бала тәрбиелеп отырған Мейрамгүл Шәкірова елімізде төтенше жағдай енгізілгелі мемлекеттің қамқорлығын ерекше сезінгенін айтады. – Үкіметтің бізді, көпбалалы отбасыларды ұмытпай, көмек жасап жатқанының арқасында мен тұрмыстық қажеттіліктерге алаңдамастан, балаларымның тәрбиесімен айналыса аламын. Қазір олардың сабағын қадағалап, алаңсыз білім алуына, елін сүйер елжанды азамат болып өсуіне ерекше көңіл бөлудемін. Әлбетте, осының барлығы мемлекетіміздің бізге, көпбалалы аналарға жасаған қамқорлығының арқасы. Отбасының ғана емес, мемлекеттің де негізгі діңгегі – ананы сыйлаған, ананы құрметтеген елдің мерейі әрқашан үстем болары анық, – дейді ол. Қазірдің өзінде бұл көмекті 18 мыңнан астам тұрғын алып отыр. Солардың бірі – Приозерск қаласының тұрғыны Мөлдір Құтжанова. Жолдасы екінші топтағы мүгедек болғандықтан, індет елге келгелі балалар үшін алаңдаушылық танытқанын, бірақ мемлекет тарапынан жасалған көмек оның күдігін сейілткенін айтады. Төтенше жағдай кезінде берілген азық-түлікті және тұрмысқа қажетті заттарды 4 қызы мен 1 ұлының қажетіне жаратқан Мөлдір ай сайынғы қолдау шаралары қиын кезеңде отбасы бірлігін одан сайын бекемдей түскенін айтады. Татьяна Зайцева склероз диагнозымен I топ мүгедектігіне өткен. Татьяна Васильевна үй карантинінде отырғаныма 15 жыл болды деп қалжыңдайды. – Денсаулығым бала кезден сыр берді. Жыл өткен сайын дертім күшейе берді. Түпкілікті диагноз қойып, 2004 жылы I топ мүгедектігіне өттім. Мемлекет мүмкіндігі шектеулі адамдарды ұмытпайды. Осындай қиын сәттерде біз мемлекет тарапынан қамқорлық сезініп отырмыз, – дейді Абай ауданының тұрғыны. Оған жәрдемақы мен жеке көмекші тағайындалған. Карантин басталғалы бері қария азық-түлік және тұрмыстық жиынтықтардан тапшылық көрмеген. Шахтинск қаласының тұрғыны Гүлбахар Жүзжасарова – көпбалалы ана. Бес баланың төртеуі мектеп оқушысы, ал ең кішісі бір жарым жаста. Білім алушылар қашықтан оқу үшін ноутбукпен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар олардың әрқайсысына 5 567 теңгеден азық-түлік үшін қаржы аударылды, ал кішісіне балалар тағамын жеткізіп берді. – Ел басына күтпеген жағдай туғанда, мемлекет бізді қиындықта қалдырмады. Біз секілді көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеті өте қажет қолдау болды. Қазір балалардың барлығы үйде отыр. Күн көзіне шықпайды. Олар құнарлы, нәрлі азықпен тамақтануы керек. Жолдасым жұмысынан айырылған азамат ретінде 42 500 теңгеге ілікті. АӘК аламыз, көпбалалыларға берілетін 53 мың теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалған. Мұның бәрі біз үшін елеулі қолдау болды, – деді Гүлбахар. Қарағанды облысында наурыз айында атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 6 316 балаға азық-түлік, тұрмыстық жинақ ақшалай төлем түрінде аударылды. Оған 35,1 млн теңге жұмсалды. Ал сәуірдің соңына дейін 427 млн теңгеге 76 мыңнан астам адам азық-түлік, тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз етіледі.
Ләззат ҚОЖАХМЕТОВА, Қарағанды облысы