Індетпен күресу – міндет
Індетпен күресу –  міндет
283
оқылды

Жақында Мемлекет басшысы елімізде жемқорлықтың дендеп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Жемқорлықтың жайлауы қоғам үшін қауіпті дерт деді. Жыл сайын Қазақстанда орташа есеппен 2 мыңнан астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеледі. Мыңнан аса адам жауапқа тартылады. Бұл – батпандап кіріп, мысқалдап шығатын кесел.

«Осы ауруды қазір шұғыл түрде емдемесек, ертең кеш болуы мүм­кін» деді Қазақстан Президенті. Елі­міздегі жемқорлық індеті емдеу­ден кетіп қалды ма деп қорқамын. Парақорлық деңгейінің өршіп кет­кені сондай, қанша коррупционер түрмеге тоғытылып, қаншасы ауыр жазаланып жатса да, аяғын тартатын түрі жоқ. Шынымен бұлай кете берсе, мемлекеттің іргесі шайқалуы мүмкін.

Мемлекет басшысының алаң­дайтын жөні бар. Жемқорлықтың тамырына балта шауып, түбегейлі жою қажет. Бұл дертпен бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлесіп күресейік деген ұран, әрине, жақсы. Бірақ жыл өткен сайын жемқорлық дерті үдей түскені бә­рімізге ой салуы қажет.

Бізде жемқорлыққа қарсы кү­ресте қару бола алатын мықты мем­лекеттік институттар бар екені рас. Солардың жұмысы «тұтқындалды, ұсталды, қамалды» дегеннен арыға барып жатыр ма? Жемқорлыққа ұрынған азаматтардың мүшкіл жағдайын көргендер неге тиісті сабақ алмайды?

Бар бәле – «аналар жеп жатыр, мен де жейін» деген қанағатсыз көңіл күй ауанында жатқандай. Мемле­кеттік сатып алу жүйесі «мемлекетті сатып алу» жүйесіне айналып кеткендей. Тендер арқылы байып, тендер арқылы бизнесін өрістетіп жатқандар дайын тұрған байлық кенінен өз еркімен бас тарта ма? Бүгінде 25 мың ұйым мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырады. Бұл жемқорлыққа қарсы бақылауды қиындатып жіберген. Үкімет тара­пынан мемлекеттік сатып алуларды орталықтандыру өте маңызды.

Халық бәрін көріп-біліп отыр. Қоғам жемқорлықпен ымырасыз күресуге бейілді. Бірақ нәтиже ша­малы. Мемлекет басшысы соңғы үш жылда 900-ден астам адамның жем­қорлықпен ұсталғанын, мемлекеттік бағдарламалардың сапалы орын­далуына осындай оқиғалардың кедергі келтіретінін жеткізді. «Біз экономиканы жаңғыртуға, ауқымды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға қазынадан қыруар қаржы бөлеміз. Алайда жемқорлықтың салдарынан мемлекеттік бағдарла­малар сапасыз орындалуда. Бұл ха­лықты әлеуметтік қорғауда, ауызсу­мен қамтамасыз етуде мәселелердің уақытылы шешілмегенін көрсетеді. Жергілікті жолдардың сапасыздығы мен бизнестің дамуына кедергілер де жемқорлықтың кесірінен туындаған проблема. Азаматтар бюджеттің әрбір теңгесінің мақсатты жұмса­латынына көз жеткізуі керек» деген Мемлекет басшысының та­лабы жұрттың көкейінен шығып отыр. Мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының өзара тиімді ықпалдастығы күшеймесе болмайды. Жемқорлықпен күресте негізінен, күштік шаралар қолданылады. Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төз­беушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік орган осы бағытта жұмыс істеуі қажет.

Кез келген қоғамның өмір сүруі әлеуметтік әділдікке негізделеді. Парламент бар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдар бар, бұ­қаралық ақпарат құралдары бар. Бюджеттік саясаттың ашықтығы жоқ. «Бюджет шығындарын жос­парлауға, әсіресе, өңірлерде ха­лықтың өкілдерін қатыстыру керек. Бұдан ел экономикасы дамып, тиісінше, халықтың әл-ауқаты артады» деген Мемлекет басшы­сының ұсынысы орынды-ақ.