«Қызылағаш» су қоймасы қалпына келеді
«Қызылағаш»  су қоймасы қалпына келеді
383
оқылды

Өзендер өрнектеген Жетісу өңірінде су қоймалары мен бөгеттері баршылық. Асау өзендерді ауыздықтау барысында пайда болған сол нысандарда миллиондаған текше метр су жиналып, шаруалардың егісі мен бақшалығын, жоңышқалығы мен шабындығын судан тарықтырмауға септігін тигізеді. Дегенмен осы су қоймалары мен бөгеттердің жауын-шашынды жылдары қауіп төндіретінін де естен шығара қоймаған жөн.

Алматы облысындағы «Күр­­ті» су қоймасы 2010 жыл­дың ақпанында ернеуінен аса жаздап, етектегі ауылдарды біраз әбігерге түсірген бола­тын. Ал «Қызылағаш» су қой­масы сол жылдың наурызында ағытылып кетіп, тұтас ауылды шайып, 45 адамға ажал құш­тырғаны да әлі есте.

Сол кезден бері еліміздегі апатты су қоймаларды және үлкенді-кішілі гидро­техни­калық ғимараттарды жөндеу, күрделі жөндеу, қалпына келтіру бағытында көптеген жобалар жүзеге асырылып жатыр. АШМ СРК «Қазсушар» РМК жарғылық капиталын өсіру бойынша 15 нысанды қайта тұрғызуды жоспарлап, біртіндеп жүзеге асыруды қолға алды. Соның бірі қайта салынып жатқанына бірнеше жыл болған Алматы облысы Ақсу ауданындағы «Қызыла­ғаш» су қоймасы.

Ақсу ауданының Қызыла­ғаш ауылы аумағында орна­ласқан су қоймасы осыдан то­ғыз жыл бұрын алапат судың қысымына шыдас бермей, қирап қалған болатын. Ал­ғашқы бірер жыл барысында ауылды қалпына келтіру, жаңа­дан қайта тұрғызу жұмыстары атқарылды. Мемлекеттің қыр­уар қаражаты мен республика аймақтарының көмегі арқа­сында Қызылағаш ауылы мүлде жаңартылды. Ел есін жиғаннан кейін әр аймақтағы апатты су қоймалары анық­талып, гидротехникалық құ­рылыстарды бастапқы қал­пына келтіру бойынша шара­лар қолға алынды. Солардың ең бастысы ретінде 2016 жылы «Қызылағаш» су қоймасын жаңадан салуға республикалық бюджеттен 5,9 миллиард теңге бөлініп, алғашқы жұмыстарды жүргізе бастаған еді. Сол кез­ден бергі әр жылға қарас­ты­рылған қаражат ретімен, мақ­сатты әрі тиімді түрде игеріліп келеді. 2016 жылы 94,6 млн тең­генің жұмыстары атқа­рылса, 2017 жылы 1 миллиард 802 млн теңгенің шаруасы рет­ке келтіріліпті. Ал өткен жылға қарастырылған 3 миллиард 732,1 млн теңгенің жұмыста­рын орындауға 70-тен астам техника 120 жұмысшы жұмыл­дырылған. Су қоймасы бөге­тінің ұзындығы – 310, биіктігі 55 метрден асады. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Ойға алғандар жоспар­лы түрде жүзеге асырылып, алға қойған міндет мерзімінде орындалса, алдағы шілдеде су қоймасы пайдалануға беріл­мек.

Алып құрылысқа жауапты Талдықорғандағы «Қазсушар» мемлекеттік мекемесі Алматы филиалының берген мәліме­тіне сүйенсек, бірінші кезекте «Қызылағаш» су қоймасына ба­ратын 12 шақырым жол то­лы­ғымен жөнделіп, қайта төсе­ліпті. Сонымен бірге, 16 ша­қы­рымдық электр желісі тартыл­ған. Қоймаға жалпы алғанда 42 миллион текшеметр су сақ­тауға болады. Страте­гия­лық маңыз­ды нысан қол­да­нысқа берілген кезде аймақ­тағы 7 мың гектар суармалы алқапты толық игеруге мүм­кін­дік туады. Сол кез­де бүгінде негізгі күнкөріс есебінде төрт түлікті түлетіп отыр­ған су қой­масы маңындағы елдімекендер тұрғындары бір­неше жыл бойы қол үзіп қалған егін шаруа­шы­лығына қайта кіріседі. Іргеде тұрған қант зауы­тына шикізат өсіріп табыс табу үшін қант қызылшасын да көптеп өсіре бастамақ.


Болат АБАҒАН,

Алматы облысы