6017 атыраулықтың есепшотына жақын арада 50 мың теңге жәрдемақы аударылады – Bizbirgemiz
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған Birgemiz Қоғамдық қорының қайырымдылық қолдауының алғашқы бөлінген қаражатына Атырау қаласында 4495 адам қол жеткізді.
Бұл туралы Nur Otan партиясының Атырау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев әлеуметтік желіде өткен тікелей эфирде мәлім етті.
Нұрлыбек Жұмахметұлының айтуынша, облыс жәна қала әкімдері мен әлеуметтік қорғау органдары ұсынған көмек алушылар тізімдерінде табыс деңгейі ең төмен әлеуметтік әлсіз топтардан құралған азаматтар қамтылған. Оның ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасылар, мүгедек жандар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар, ең төменгі зейнетақы алатын және әлеуметтік жағынан әлсіз топқа кіретін зейнеткерлер, жетім балалар, ҰОС-ның ардагерлері мен оларға теңестірілген тыл еңбеккерлері бар.
– Birgemiz қоғамдық қоры еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, COVID-19 пандемиясы жағдайында тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау мақсатында құрылды. Бекітілген жеті санат бойынша Атырау қаласында 22 мың адам бар екен. Күні кеше біз республикалық Birgemiz қорынан бөлінген 224 млн 750 мың теңгені жергілікті әкімдік берген тізімнен зерделеп отырып 4495 адамның адресатына жеткіздік. Осымен алғашқы транш аяқталды. Енді екінші траншқа 6017 адамға 50 мың теңге жуық арада есепшоттарына құйылады. Сонда барлығы 22 мың адамнан 10 мың 512 адам республикалық Birgemiz қайырымдылық қорының игілігін көреді. Елбасы коронавирусқа қарсы күреске арналған қаражаттың дұрыс жұмсалуын Nur Otan партиясы бақылауында ұстайды деп сенім артқан болатын. Біз Елбасы сенімін абыроймен атқаруға сөз береміз. Елбасы бастамасын қолдаған отандық кәсіпкерлердің қолдауы да көмекке зәру жандарға жетуде. Елімізге белгілі кәсіпкерлер Ә.Жұбанов, В.Розметов, Ә.Семғалиевтар аз қамтылған, жалғызбасты қарттар мен жалғызілікті көп балалы аналарға азық-түлікті молынан жеткізіп берді, – деп тікелей эфирді көріп отырған тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Nur Otan партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаевқа қала тұрғындарынан қойылған сұрақтар көп болды. Ең көп қойылған сауал, өзіміз күткендей 42 500 теңге мен жеті санат бойынша берілетін 50 мың теңге жайы болды. Тұрғындардың көбі осы қаражатқа берген ұсынымдарына жауап болмай жатқанын және 50 мың теңге кімдерге тиесілі екенін білуге сауалдарын қойды. Бұл сұрақтарға Нұрлыбек Жұмахметұлы нақты жауап берді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан азық-түлік себеттерін алушылардан алғыс пен қатар сол себетке қолы жетпеген тарапынан сауалдар айтылды.
– Азық-түлік себеттері облыс бойынша 1700 адамға жеткізілді. Жалпы 35 млн теңге жұмсалған қаражатқа 5 түрлі гигиеналық және 8 түрлі азық-түлік тауарлары қамтылды. Қаладағы 1200 отбасыға жеткізілген азық-түлік себеттерінің бір-біреуіне 27 000 теңге жұмсалған. Ал аудандардағы 500 отбасыға жеткізілген себеттердің бағасы 17 000-27 000 қаражатты құрады.
Бұдан басқа біздер қаладағы 80 жастан асқан 170 жалғыз басты қарттарға күнде ыстық тамақ апарып беруді ұйымдастырып отырмыз. Бұның барлығы елдегі індеттің кең таралып кетпеуіне, адамдардың иммуниттерін көтеріп сақтап қалуға арналып атқарылып жатқан жұмыстар. Партия белсенділерінен өзге Jas Otan жастарынан құрылған 280 еріктілер қарттарға азық-түлік таратуға жұмылдырылды. Бірақ қазір біз олардың қауіпсіздігін ойлап, еріктілерге алғысымызды айтып, оларды бұл жұмыстан босаттық. Біз республикадан бөлінген қаражатты қатаң бақылауға алып отырмыз. Жергілікті жерден көрсетіліп жатқан қолдаулар да біздің назарымызда. Мүмкіндігі шектеулі жандардың отбасылық кірістерін зерделеп келгенде бір отбасының кірісі 2 миллион теңге екені анықталды. Осындай жағдайлар кездесті. Біздің қызметкерлеріміз есепшоттары жоқ жандарға есепшот ашып өзге де мәселелерді шешуде тынымсыз жұмыс істеуде. Аудан тұрғындары «50 мың теңге көмекті біз неге алмаймыз?» деген сауалдарды жиі қояды. Бұл қолдау халық тығыз орналасқан моноқалаларға арналған. Өйткені халық тығыз орналасқан аумақта індет жұқтыру жедел тарайды. Аудандарға азық-түлік себеттері жеткізілуде, – деген Нұрлыбек Жұмахметұлы жауап ала алмаған тұрғындардың барлығының сауалдары жазылып, жуық арада жауаптар берілетін айтты.
Тікелей эфирде сауалдар мен қатар алғыстар көп айтылды. Қала тұрғындары Балнұр Айбекқызы, Расул Шадияров, Алина Амировалар Birgemiz Қоғамдық қорының қайырымдылық қолдауына, еріктілердің жұмыстарына, дәрігердердің ерен еңбегіне алғыс айтты. Әсіресе еріктілердің еңбегі бағаланса деген тілектер көп болды. Жер, баспана мәселесі мен онкологиялық аурудан емделушілер тарапынан қойылған сұрақтар мен өтініштер де болды. Бұның барлығы Nur Otan партиясының Атырау облыстық филиалының тарапынан назарға алынып, шешілетіні сөзсіз.
Сайып келгенде партия өкілімен өткен тікелей эфир байланысы республикалық қор қаражатының мақсатты жұмсалуы мен қызметінің ашық жүргізілуінен тұрғындарды хабардар етуі, жергілікті тұрғындардың көшбасшы партияға деген сенімін арттырып, толғантқан мәселелерін тұрғылықты жерде шешуге болатынын айқындап берді.
Тұрсын Жұмабекқызы,
Атырау облысы.