Талапты кәсіпкерге таудай мүмкіндік бар
Талапты кәсіпкерге таудай мүмкіндік бар
287
оқылды
Кәсіп бастау үшін жаңа идея, бастапқы капитал мен ойға алған мақсатты жүзеге асыруға қажет қаншама қосымша құрал керек. Бір саланың дамуына серпін беретін идея біраз адамның ойына келгенімен, көп бизнес бастаманың ғұмыры қолдау жетпегендіктен қысқа болып жатады. Бұл тұста кәсіпкерлік үшін мемлекеттік қолдау саясаты аса маңызды екенін әлем тәжірибесінен көріп отырмыз.

Жанар Досымова – мемлекеттік қолдауға кәсіп құрған көп азаматтың бірі. Жасы – 31-де. Полиграфиялық өнімдер шығаратын Shanyrak media компаниясына керек жабдықтарды «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдар­ламасы бойынша алған. 2018 жылы аталған бағдарлама аясында өндірістік аумақты жалдауға мемлекеттік субси­дияға қол жеткізген. Отандық полигра­фияның дамуына үлес қосып жүрген жас кәсіпкердің бизнеске келу жолы да өзгелерге ұқсамайды. Өзінің айтуынша, оқу ақысын төлейтін ата-анасына артық салмақ салмас үшін, студент кезінен жұ­мысқа араласып, университет бітіргенде жаңа кәсіптің тізгінін ұстаған. Жанар Досымова бұрын қосымша табыс көзі бол­ған полиграфия саласының қыр-сы­рын меңгеруді қатардағы жұмысшы болудан бастағанын, бизнес серіктесін де сол уақытта тапқанын айтады. Жа­қын­да «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасының «Іскерлік байланыстар» бағ­дарламасы бойынша Германияға ба­рып, тағылымдамадан өткен Жанар бұл сапардан алған әсерімен былай бөлісті:

– Бизнес тағылымдамаға іріктеу Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Қатысу­шы­лар таңдалып, оқыту жұмыстары үйлес­ті­рілген бірінші кезеңнен кейін, Гер­ма­ния­ға жол жүрдік. Тағылымдама бары­сында Германияның өндіріс орындарын араладық. Бұл сапар неміс тауар өнді­рушілерімен байланысты нығайтуға, мол тәжірибе жинауға үлкен мүмкіндік берді.

Жанар Досымова осы сапардан кейін кәсібін жаңа бағытта дамытуға бел байлаған.

– Интернеттің қарқынды дамуымен, жарнаманың негізгі бөлігі желі арқылы жүзеге асып отыр. Бұл тұста полиграфияға деген сұраныс төмендейді. Сондықтан өзіміз үшін жаңа саланы игеруге күш са­лып көрмекпіз. Полиэтилен пакеттер­дің экологияға зардабы тек Қазақстанға емес, бүкіл әлемге қауіп төндіріп отыр­ғаны белгілі. Сондықтан елімізде полиэ­ти­лен пакеттердің орнына қағаз қапта­маларды қолданысқа енгізу жоспары­мыз­да бар. Қазір толық жазылған жоба­мызды «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына өткіздік. Жобаны жүзеге асыруға «Қарапайым заттар эконо­микасы» бағдарламасы бойынша мемлекеттік қолдаумен несие алғымыз келеді, – дейді ол.

Жанар Досымова әлеуметтік кәсіп­керліктен де алыс емес. Ол қағаз қапта­малар шығаруға маманданатын жаңа жобасына мүмкіндігі шектеулі жастарды тартқысы келеді. «Мақсатым – мүгедек жандарға мүмкін емес дүние болмай­ты­нын көрсетіп, олардың тұлғалық дамуы­на, өмірден өз орнын табуына көмек­тесу», – дейді ол. Жанардың есебі бо­йын­ша, жаңа өндірістегі тұрақты жұмыс орындарының 60% мүмкіндігі шектеулі жандарға берілуі керек. Жанардың айтуынша, кәсіпкер болудың да қиын­дықтары бар. Бұл салаға енді келген адам әкімшілік, заңнамалық тұрғыдан жаңа білім жинап, өз қателіктерінен тәжірибе жинайды. Көзқарас көкжиегі әртүрлі адамдардан құралған ұжымды басқарып, әр қызметкердің көңіліне жол табу да оңай шаруа емес. «Бұл – күніне 24 сағат, аптасына 7 күн демалыссыз жұмыс істеу»,– дейді ол.

Жанар Досымова кәсібін жетілдіруге үздіксіз ұмтылып, қолда бар мүмкін­дік­терді қалт жібермей пайдалануға тыры­сады. Сондықтан «мемлекеттік бағдар­ламаның пайдасы жоқ» деп, артық құжат жинауға ерінетіндерге Жанардың өз айтары бар:

«Мемлекеттік қолдау алу мүмкін емес», «Онда бәрі сатылған» деген сөз­дер­ді естігенде еріксіз қынжыламын. Иә, іріктеуден өту оңай емес. Бұған көп күш пен уақыт жұмсап, талмай еңбектену керек. Мемлекеттік бағдарламалардың арнайы белгіленген талаптары мен өткізу қажет құжаттары бар. Бізде «Босқа қиналамын, бәрібір біреу сатып алады» деген қоғамдық сана қалыптасқан. Бірақ мемлекет мұндай қолдау шараларын халыққа арнап жасап отырғанын түсіну керек. Қазір мемлекеттік жобаларға қатысушылар саны артып келеді. Соған қарамастан, әлі де мемлекеттік қолдау түрлерін толық пайдаланып жатқандар аз деп есептеймін. Бұл, әсіресе, ауылдық өңірлерде байқалады. Кез келген бағдарламада бағыңды сынап көру керек деп ойлаймын. Мысалы, «Аға сеньорлар» жобасы бойынша кез келген саладағы шетелдік маманды қазақстандық өндіріске шақырып, екі апта бойы қызметкерлерді оқытуға, кәсіпті дамыту жөнінде кеңестер алуға болады. Осы жобаға құжат тапсыру ойымда бар, – дейді Жанар Досымова.

Нұр-Сұлтан