Мемлекет экономиканы қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі даму бағдарламасын іске қоспақ. Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Бейнеконференция байланысы режимінде өткен жиын барысында коронавирус эпидемиясымен күрестің стратегиялық мәселелері талқыға салынды. Сондай-ақ ел экономикасын қалпына келтіріп, одан әрі өркендету жайы жан-жақты қаралды. Елбасы жаһандық қауіп-қатер «өте алаңдатарлық сценарий бойынша өрбіп келе жатқанын» мәлімдеді. – Коронавирустың салдары әлемдік экономиканың өмірлік маңызды жүйелеріне ықпал етуде. Халықаралық валюта қорының сарапшылары ұлы депрессиямен салыстыра отырып, «Ұлы карантин» туралы сөз қозғап отыр. Олардың дерегінше, жан басына шаққандағы табыс 170 елде төмендеді. Әлжуаз экономикалар бәрінен көп зардап шегеді. Сарапшылар осы 2-тоқсанда пандемияның және экономикалық дағдарыстың бір мезгілде шырқау шегіне жететінін болжады. Бұл екінші дүниежүзілік соғыс заманынан бергі өнеркәсіптік өндірістің ең терең құлдырауы болады деп күтілуде, – деді Елбасы. Нұрсұлтан Назарбаев таяу уақытта дүниежүзіндегі барлық мемлекеттер күрделі сынақтармен бетпе-бет келетінін, бұдан Қазақстан тыс қалмайтынын ескертті. – 20 сәуірде тарихта тұңғыш рет мұнай бағасы өзіндік құнынан да арзандап кетті. Әлемдік нарықтар тепе-теңдігін жоғалтты. Пандемиядан және өндірістің жаппай құлауынан кейін жаһандық қаржылық дағдарыс басталады деген болжам бар. Содан соң дүниежүзілік азық-түлік дағдарысы келесі кезеңге айналуы мүмкін. Бұл кернеу мен қақтығыстар туғызады, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Н.Назарбаев. Оның байламынша, тар жол, тайғақ кешуден абыроймен өту үшін Қазақстанның бүгінде қолға алып жатқан уақытылы әрі сарабдал іс-қимылдары шешуші мәнге ие. – Мемлекет басшысы және Премьер-Министр дағдарысқа қарсы барлық қажетті шешімдерді қабылдады. Елде төтенше жағдай енгізілді, карантин режимі өз күшінде. Мен барша қазақстандықты төтенше жағдайға орай бекітілген барлық талаптарды орындауға шақырамын. Біздің тарихымызда дағдарыстар талай кездескен. Алайда бұл жолғысы – өзгерек. Біз әрбір азамат мемлекеттік қолдауды сезінуі үшін мүмкін болғанның бәрін жасаудамыз. Сонымен бірге бірнеше қадамнан әрідегіні де көре білуіміз керек. Әлем енді бұрынғыдай болмайды, – деді Елбасы. Ол мемлекет пен қоғамды әр салада күтіп тұрған өзгерістерге тоқталды. – Біріншіден, барлық елдер өз экономикалық стратегияларын қайта қарауда. Өзін-өзі қамтамасыз ете алу, төл ресурстарына сүйену, өндірістік және қаржылық тізбектердің бұзылмай, сенімді жұмыс істеуі – басымдық болады. Екіншіден, жаңа салалық басымдықтар қалыптасады. Тиімсіз секторлар тарих қойнауына кетеді. Ал басқа салалар көшбасшы тұғырынан табылады, экономиканы ілгері сүйрейді, адамдарға жұмыс тауып береді. Үшіншіден, барлық кең ауқымды дағдарыстар әлемдегі технологиялық және экономикалық тәртіптің циклді алмасуымен тығыз байланысты. Міне, бүгінде ескі модельдің күйреуі жүруде, – деді Н.Назарбаев. Тұңғыш Президент Қазақстанның жаһандық қауіп-қатерді еңсеруге ресурсы жететінін атап өтті. – Бұған дейінгі жылдары шикізат ресурстарына тәуелділікті азайту бағытында салмақты жұмыс жүргіздік. Негізгі даму бағдарламалары тегіс әзірленді, бұлар – индустриаландыру, шағын және орта бизнес, инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені, әлеуметтік бағдарламалар. Оларға үлкен ресурстар жұмсалды. Ұлттық қорда айтарлық қаражат қорын жинақтадық. Ол қазіргі дағдарыста елді құтқарып отыр. Бұрын да солай болған. Бірақ қор қаражаты шексіз емес, оны үнемді әрі аса мұқтаж кезде ғана пайдалануымыз қажет, – деді Елбасы. Ол әлеуметтік-экономикалық дамудың қалыптан тыс, жасампаз тәсілдемелерін қолданудың маңызды екенін нықтады. – Бірінші кезекте, дағдарысқа қарсы шаралар кешенін жүзеге асырған жөн. Бүкіл қолдау бизнес пен халыққа жедел әрі толыққанды жетуі үшін әрбір теңгені бақылауға алу керек. Экономиканы қалпына келтіру және дағдарыстан кейінгі даму бағдарламасын қазірден бастап іске қосу қажет. Біздің базалық салаларға, болашақ экономикасына, қалалар мен ауылдарды гүлдендіруге, әлеуметтік салаға, қаржы жүйесіне арналған бағыттар айқындалуы керек, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы. Нұрсұлтан Назарбаев күйзеліске тосқауыл қоятын шараларды табысты іске асыру үшін мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде тиімді жұмысты қамтамасыз ету қажетін баса айтты. – Қазақстанға нақты стратегиялық және операциялық жоспар бойынша бір орталықтан басқарылуы тиіс тиімді корпорация ретінде қарайтын кез келді. Ауыл әкімінен бастап Үкімет мүшелеріне дейінгі барлық мемлекеттік басқарушы өз жұмысын қайта құруы, нақты нәтижеге қол жеткізе білуі тиіс. Ел шара қабылдауға дайын болатын батыл менеджерлерді қажет етеді. Олар халықтың азық-түлікпен және басқасымен қамтылуын, экономиканың қалпына келуін, жұмыссыздықтың төмендеуін қамтамасыз етеді, – деді Тұңғыш Президент. Сөзін түйіндей келе, Елбасы республиканың 2020 жылғы дағдарыстан кейінгі дамуына жаңа көзқарасты дер кезінде қалыптастыру – тек аман қалуға ғана емес, сонымен қатар артықшылыққа қол жеткізіп, пайдаға кенелуге де мүмкіндік беретініне екпін түсірді. – Біз бұл дағдарысты да жеңетінімізге сенімдімін. Әкімдер мен министрлер дербес жауапкершілік арқалайды. Үкімет барлық мембағдарламалардың және дағдарысқа қарсы шаралардың тиімді жүзеге асырылуын бақылауы тиіс. Барша Қазақстан халқына қайырыламын: қабылданып жатқан шараларды қолдап, бірлік, ынтымақ және тәртіп танытайық. Қабылданып жатқанның бәрі – қазақстандықтардың игілігі үшін жасалуда, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Айхан ШӘРІП