15 мың теңге: Алаяққа алданып қалмаңыз
15 мың теңге: Алаяққа алданып қалмаңыз
135
оқылды
Индустрия және ин­фра­­құрылымдық даму ми­­нистрлігі 18 сәуір күні ка­ран­­тинге жабылған өңір­лер­дегі ха­лықтың жекеле­ген сана­ты­ның коммунал­дық шығыны үшін 15 мың тең­геден аударылатынын хабар­лаған болатын. Ара­да бір апта өтсе де, аста­налықтар осы көмекті алу үшін қайда хабарласарын білмейді. Себебі қала әкім­дігі өтінім қабылдайтын арнайы жүйені әлі іске қосқан жоқ. Ал мессенджерлерде өтінімді kom15000@yandex.kz поштасына жолдаңыз деген фейк ақпарат тарап үлгерді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен кеше онлайн-брифингте ком­муналдық шығын үшін төленетін көмек ақшаға өтінім беру тәртібі 1-2 күнде дайын болатынын мә­лімдеді. «Үкімет тарапынан тиіс­ті арнайы нұсқау ережесі шық­ты. Сол ережеге сәйкес, ар­найы штабпен осы мәселені қарас­тырып жатырмыз. Қазіргі таңда қажетті жұмыстарды электронды түрде Smart Astana арқылы іске асыру жоспарланып отыр. 1-2 күннің ішінде тиісті шараларды атқарамыз. Сәйкесінше, ақпарат құралдарына тиісті мәліметті жариялаймыз», – деді ол. Елорда әкімдігі арнайы штабпен мәселені қарастырып жатқанда мессенджерлерде «15 мың теңге коммуналдық тө­лемақы алу үшін аты-жөніңізді, ЖСН номеріңізді, әлеуметтік мәртебеңіз бен коммуналдық қызмет бойынша дербес шо­тыңызды kom15000@yandex.kz поштасына жолдаңыз» деген хабарландыру тарап кетті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бас­пасөз қызметі бұл ақпараттың шын­дыққа жанаспайтынын айтты. Сондықтан әкімдіктің баспасөз қызметі тарататын ресми ақпа­ратты күтуге кеңес береді. 15 мың теңге көмекті кім­­­дер алады? Карантин енгі­зіл­ген өңір­лерде тұратын I, II, III топ мүгедектері, мүге­дек ба­лалар­ды тәрбиелеп отырған от­басылар, көпбалалы отбасылар, ҰОС мү­гедектері мен cоғысқа қа­тыс­қандар, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ға­рыш кеңістігіне ұшуға дайын­дық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару жә­не құқық тәртібін сақтау ке­зінде қаза тапқан тұлғалардың отба­сылары, төмен және одан аз зей­нетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек ала­тын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер. Нұр-Сұлтан қаласында 15 мың теңгелік коммуналдық өтем­ақыны 54 мыңдай адамға беру жос­парланып отыр.  

Айдана БЕГІМ