Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 18 сәуір күні карантинге жабылған өңірлердегі халықтың жекелеген санатының коммуналдық шығыны үшін 15 мың теңгеден аударылатынын хабарлаған болатын. Арада бір апта өтсе де, астаналықтар осы көмекті алу үшін қайда хабарласарын білмейді. Себебі қала әкімдігі өтінім қабылдайтын арнайы жүйені әлі іске қосқан жоқ. Ал мессенджерлерде өтінімді kom15000@yandex.kz поштасына жолдаңыз деген фейк ақпарат тарап үлгерді. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен кеше онлайн-брифингте коммуналдық шығын үшін төленетін көмек ақшаға өтінім беру тәртібі 1-2 күнде дайын болатынын мәлімдеді. «Үкімет тарапынан тиісті арнайы нұсқау ережесі шықты. Сол ережеге сәйкес, арнайы штабпен осы мәселені қарастырып жатырмыз. Қазіргі таңда қажетті жұмыстарды электронды түрде Smart Astana арқылы іске асыру жоспарланып отыр. 1-2 күннің ішінде тиісті шараларды атқарамыз. Сәйкесінше, ақпарат құралдарына тиісті мәліметті жариялаймыз», – деді ол. Елорда әкімдігі арнайы штабпен мәселені қарастырып жатқанда мессенджерлерде «15 мың теңге коммуналдық төлемақы алу үшін аты-жөніңізді, ЖСН номеріңізді, әлеуметтік мәртебеңіз бен коммуналдық қызмет бойынша дербес шотыңызды kom15000@yandex.kz поштасына жолдаңыз» деген хабарландыру тарап кетті. Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің баспасөз қызметі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын айтты. Сондықтан әкімдіктің баспасөз қызметі тарататын ресми ақпаратты күтуге кеңес береді. 15 мың теңге көмекті кімдер алады? Карантин енгізілген өңірлерде тұратын I, II, III топ мүгедектері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, ҰОС мүгедектері мен cоғысқа қатысқандар, ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген тұлғалар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау барысында, ғарыш кеңістігіне ұшуға дайындық барысында немесе ұшу кезінде, адам өмірін құтқару және құқық тәртібін сақтау кезінде қаза тапқан тұлғалардың отбасылары, төмен және одан аз зейнетақы алатын зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер. Нұр-Сұлтан қаласында 15 мың теңгелік коммуналдық өтемақыны 54 мыңдай адамға беру жоспарланып отыр.
Айдана БЕГІМ