Кез келген карантиннің әлеуметтік һәм экономикалық салдары ауыр болады. Алдын ала болжам бойынша, қазіргі ахуал 500 мыңға жуық қазақстандықтың қалтасын қағуы мүмкін. Осындай қиын-қыстау шақта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмысы нашар тұрғындарға барынша көмектесуді тапсырды.
Ең елеулі көмектің бірі – азық-түлік топтамасы. Өйткені төтенше жағдай кесірінен азық-түлік бағасы 9,3 пайыз өскен. Мұндай динамика, көкөніс бағасының науқандық өсуінен және карантин уақытындағы сұраныстан туындады. Мысалы, наурыз айында қант – 8,5 пайыз, көкөніс пен жеміс-жидек – 5,1 пайыз, қарақұмық жармасы 2,5 пайыз қымбаттаған. Осы орайда, қазір ресми түрде тіркелген жұмыссыз адамдарға, атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасыларға, барлық топтағы мүгедектерге және мүгедек баланы қарап отырған ата-аналарға азық-түлік топтамасы беріліп жатыр. Оны тарату жергілікті әкімдіктің мойнында.
Мемлекет тарапынан азық-түлік алған азаматтың бірі – Қарағанды облысы Абай ауданы Топар ауылында тұратын Серік Қартбеков. Ол – I топтағы мүгедек. Көзі көрмесе де, жарық дүниені жанарының ішіне сыйдырған жан ауыл әкіміне мүмкіндігі шектеулі жандардың жай-күйін үнемі құлаққағыс етіп отырады. Оның айтуынша, жергілікті тұрғындар мемлекет ұсынған азық-түлік топтамасына дән риза.
– Карантиндегі халықтың қарны да, көңілі де тоқ. Бұл ауыр кезеңде мемлекет мүгедектерге қамқорлық жасауды ұмытқан жоқ. Атап айтқанда, Топар ауылының әкімдігі мүмкіндігі шектеулі жандарға материалдық көмек көрсетіп, жылыжай өнімдерімен, картоппен және азық-түлік себетімен қамтамасыз етті. Шын жүректен рақмет! – дейді Серік Қартбеков.
Түркістандық Фарагат Арипованың үш перзенті бар. Тұңғышы 11 жаста болса, кенжесі 4-ке енді толған. 32 жастағы келіншектің тағы төртіншісіне аяғы ауыр. Күйеуі көлікпен жолаушы тасымалдап табыс тауып жүрген. Алайда төтенше жағдай кезінде оған көшеге шығуға шектеу қойылып отыр. Сондықтан отбасының тұрмыс жағдайы қиындады. Осыны ескерген облыс әкімдігі бұл үйге тегін азық-түлік жеткізіп берген.
– Менің денсаулығым жұмыс істеуге жарамайды. Бауырым ауырады, есепке алынғанмын. Күйеуімнің де тұрақты жұмысы жоқ. Балалардың бір ғана жәрдемақысына өмір сүру қиын болып кетті. Ал мемлекет тарапынан азық-түліктің берілуі – бізге үлкен көмек. Бізге әкелген азық-түліктің ішінде макарон, тәттілер, сүт пен май сияқты ең қажетті тағамдар бар. Балалар көп болған соң тамақ та көбірек керек. Өйткені қазір барлығы үйде болғандықтан, үш мезгіл тамақ істеуім керек. Осындай қиын кезде бізге азық-түлік жеткізіп берген билік басындағы азаматтарға алғыс білдіреміз. Мен сияқты көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан берілген азық-түлік – зор демеу. Балаларыммен бірге біраз уақытқа жетеді, – дейді үш баланың анасы.
Айта кетейік, әлеуметтік себетте жарма, макарон, күріш, май және міндетті түрде медициналық бетперде, антисептик секілді заттар қамтылған.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ