Студенттiң оқу ақысын кім төлейді?
Студенттiң оқу ақысын кім төлейді?
285
оқылды
Студенттер сессия алдында қобалжып жүр. Өйткені бұл емтихан басқасынан өзгерек. Қашықтан оқыған соң сес­сия­ны онлайн тапсыруға мәж­бүр. Әрине, арасында сы­нақ­­­ты басқаша форматпен тап­­­­сыратын оқу орындары бар бо­лар. Дегенмен көпшілігі ин­тер­­нет дұрыс жұмыс істемей­ті­­нін алға тартады. Мәселен, Ақмола облысына қарасты ауыл­да тұратын студенттер қо­раның төбесіне шығып, тап­сыр­ма орындайды. Айтпа­ғы­мыз, осынша еңбекпен білі­м алған ізденуші сессия тап­сы­ра алмауы мүмкін. Себебі карантин кезінде табысы­нан айырылған ата-анаға бала­сы­ның оқу ақысын төлеу қиын. Иә, жұмыстың тоқтап қалуы студент пен ата-анаға қолбай­лау болып тұр. Өйткені емтихан тап­сырмаса келесі курсқа өтпеуі мүм­кін. Қыстағы сессиядан әу­пі­рімдеп өткен ақылы бөлім сту­дент­теріне тіпті қиын. Ал­ғаш­­қы емти­ханда да оқу ақы­сы­ның тең жар­тысын өтеу талап еті­ле­ді. Егер төлей алмаса, сес­сия тап­сы­­ру мүмкіндігінен айы­ры­ла­ды. Көк­темгі сынақта да дәл со­лай. Айырмашылығы – алдағы ем­­­­тиханға кірмесеңіз, оқудан шы­­­ғып қалуыңыз ғажап емес. Немесе жаз­ғы сынға қалып, қайта оқи­­­сыз. Ойыңызға бірден мемлекет бөлген 42 500 теңге түсті ме? Елі­міз­де ЖОО бағасы кем дегенде 350 мыңнан басталады. Бірінші се­­мес­трде 175 мың теңгесін тө­ле­ген­мен, көктемде екінші жартысын өтеу керек. Ал есеп айырысуға 42 500 теңге жетпесі белгілі. Бұл – бас­тап­қы баға. Миллион теңге төлейтін оқу орны бар екенін де есте ұстаған жөн. Мысалы, Нұрсұлу Темірханқы­зы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқиды. Оның айтуынша, карантин кезінде оқу ақысын толық төлей ал­маса, жартысын төлеуге өтініш жа­зу­ға болады. «Бастапқыда куратор-эдвай­зеріміз төтенше жағдайға бай­ланысты карантиннен кейін тө­лем­ақы жасауға болатынын айт­ты. Кейіннен толық төлем жа­са­уы­­мызды сұрады. Ал 20 сәуір күні толық төлеуге жағдай келмесе, жартысын төлеуге өтініш жазуды ұсынды. Оның өзінде проректордың атына арнайы өтініш жазамыз. Яғни, біз толық төлем жасай ал­ма­с­ақ қана жазуға мүмкіндік бар. Қателеспесем, 25 мамырға дейін төлем жасауға болады. Егер де уақытылы төленбесе, емтиханға кіруге рұқсат жоқ», – деді ол. Осы мәселе бойынша ҚазҰУ-дың Журналистика факуль­те­тінің оқытушысы Әйгерім Алим­­жа­но­вадан мән-жайды сұра­дық. Оқы­ту­шының сөзінше, универ­си­тет оқу ақысын төлеуді тамыз айына дейін созуға шешім қабылдапты. Тіпті, жатақхана ақысын төлей ал­мағандар да кейінірек төлеуі­не болады. Әрине, бұл бір ғана универ­си­теттегі жағдай. Ал еліміздегі басқа университеттер қандай шара қол­да­нып жатыр? Қазақ ұлттық қыздар педаго­ги­калық университетінің студенті Динара Серікқызы оқу орнының 1, 2, 3-курс студенттеріне 15% же­ңіл­дік бергенін айтты. Ал 4-курс студенттеріне жеңілдік жоқ екен. Нархоз университетінің сту­ден­ті Әмина Теипжанқызының ай­туын­ша, білім ордасы карантинге бай­ла­нысты төлем мерзімін сәуірдің аяғы­на дейін ұзартқан.    width= Ал Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің студенті Ердәулет Азатұлы жеңіл­дік туралы не министрлік, не уни­­­верситет басшылығының мә­лім­деме жасамағанына өкпелі. Сту­­денттің сөзінше, толығымен оқу ақысын төлеу міндет. Жұмыс тоқ­тап тұр­ғандықтан оған төлем жасау қиын­ға соғып тұр. Ал Қазақ спорт және туризм академиясында дәріс оқитын Жаңагүл Тұрсынғалиқызының айтуынша, студенттер оқу ақысын 1 мамырға дейін төлеуі керек. Алай­да елдегі жағдайға байланысты академия әкімшілігі төлем мерзімін 15 мамырға дейін ұзартқан. Сондай-ақ бұрыннан бері жалғызбасты ана мен жағдайы төмен отбасы сту­­денттеріне 10-15% жеңілдік бар екен. Төтенше жағдай үшін белгілі бір бекітілген жеңілдік қарас­ты­рыл­маған. Оқу ақысы туралы сұрағымызды әлеуметтік желі арқылы министрлік өкілдеріне жолдағанбыз. Алайда жауап жоқ. Әрине, оларға күніне сан мыңдаған хат келіп түседі. Оның үстіне қашықтан оқудың жы­­ры көп. Бірақ елдегі білім-тара­зысында тек орта білім беру жүйе­сіне басымдық беріп жатқан жоқ па? Жоғары оқу орындарының жайы мен төтенше жағдайдағы халі туралы мәлімдеме де аз. Мектеп оқушылары қашықтан оқып жатса, олар онлайн жүйенің де басын ша­лып жүр. Алда онлайн сессия күтіп тұр. Білуімізше, бұл – ел тари­хын­дағы алғашқы онлайн емтихан. Кейіннен датымыз министрлік құлағына жетті ме, білмедік. Құзыр­лы орган өкілі әлеуметтік желідегі сұрауымызға көз жүгірткен соң, Telegram-ға жазба жариялады. Онда елдегі барлық жоғары оқу орын­дарында HelpDesk және Call-орталықтар жұмыс істейтіні айтыл­ған. HelpDesk арқылы техникалық қолдау мен мәселе туындаса шешу жолын табуға болады-мыс. Жүйеге күніне 30-ға жуық студент жүгінсе, Call-орталыққа тәулігіне 40-қа жуық қоңырау түседі екен. Ал «қал­ғанын ішің білсін» дейтінге ұқсас жауапқа қанағаттанбадық. Артынша 21 сәуір күні Білім және ғылым вице-министрі Ми­рас Дауленов пен бірқатар ЖОО өкіл­дерінің қатысуымен онлайн кон­ференция өтті. Онлайн кездесуде қашықтан оқу, мемле­кет­тік емтихан мен диплом жұмысы жайлы сөз болды. Емтихан тапсырудың үш жолы бекігенмен, нақты шешімді оқу орны қабылдамақ. Өйткені елі­міздегі жоғары оқу орындары 2018 жылы академиялық дербестік алған-ды. Ал карантиндік шектеу­лер алынбаса, 4-курс студент­те­рі диплом жұмысын қашықтан қор­ғай­ды. Диплом жұмысы мен сессия тәртібі ЖОО ректорларының немесе білім ордасының әлеумет­тік же­лідегі парақшасында жария­ла­­на­ды. Хош, жоғарыдағы мәселеге қайта оралсақ. Оқу ақысын төлеу жайы күнтәртібінде тұр. Қайта­лап жазайық, егер төлем жасал­ма­са сту­дент сессияға қатыс­пай­ды. Ака­­демиялық дербестік деге­ні­міз­бен де, оқу ақысына келгенде министрліктен бір пәрмен қажет-ті. Өйткені «Би екеу болса, дау төр­теу» болары белгілі. Ал бұл тұста өз басына бөлек-бөлек «би» саны көп. Сондықтан жауапты министрліктен тұшымды мәлімдеме күтеміз.  

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ