Студенттер сессия алдында қобалжып жүр. Өйткені бұл емтихан басқасынан өзгерек. Қашықтан оқыған соң сессияны онлайн тапсыруға мәжбүр. Әрине, арасында сынақты басқаша форматпен тапсыратын оқу орындары бар болар. Дегенмен көпшілігі интернет дұрыс жұмыс істемейтінін алға тартады. Мәселен, Ақмола облысына қарасты ауылда тұратын студенттер қораның төбесіне шығып, тапсырма орындайды. Айтпағымыз, осынша еңбекпен білім алған ізденуші сессия тапсыра алмауы мүмкін. Себебі карантин кезінде табысынан айырылған ата-анаға баласының оқу ақысын төлеу қиын.
Иә, жұмыстың тоқтап қалуы студент пен ата-анаға қолбайлау болып тұр. Өйткені емтихан тапсырмаса келесі курсқа өтпеуі мүмкін. Қыстағы сессиядан әупірімдеп өткен ақылы бөлім студенттеріне тіпті қиын. Алғашқы емтиханда да оқу ақысының тең жартысын өтеу талап етіледі. Егер төлей алмаса, сессия тапсыру мүмкіндігінен айырылады. Көктемгі сынақта да дәл солай. Айырмашылығы – алдағы емтиханға кірмесеңіз, оқудан шығып қалуыңыз ғажап емес. Немесе жазғы сынға қалып, қайта оқисыз.
Ойыңызға бірден мемлекет бөлген 42 500 теңге түсті ме? Елімізде ЖОО бағасы кем дегенде 350 мыңнан басталады. Бірінші семестрде 175 мың теңгесін төлегенмен, көктемде екінші жартысын өтеу керек. Ал есеп айырысуға 42 500 теңге жетпесі белгілі. Бұл – бастапқы баға. Миллион теңге төлейтін оқу орны бар екенін де есте ұстаған жөн.
Мысалы, Нұрсұлу Темірханқызы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқиды. Оның айтуынша, карантин кезінде оқу ақысын толық төлей алмаса, жартысын төлеуге өтініш жазуға болады. «Бастапқыда куратор-эдвайзеріміз төтенше жағдайға байланысты карантиннен кейін төлемақы жасауға болатынын айтты. Кейіннен толық төлем жасауымызды сұрады. Ал 20 сәуір күні толық төлеуге жағдай келмесе, жартысын төлеуге өтініш жазуды ұсынды. Оның өзінде проректордың атына арнайы өтініш жазамыз. Яғни, біз толық төлем жасай алмасақ қана жазуға мүмкіндік бар. Қателеспесем, 25 мамырға дейін төлем жасауға болады. Егер де уақытылы төленбесе, емтиханға кіруге рұқсат жоқ», – деді ол.
Осы мәселе бойынша ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің оқытушысы Әйгерім Алимжановадан мән-жайды сұрадық. Оқытушының сөзінше, университет оқу ақысын төлеуді тамыз айына дейін созуға шешім қабылдапты. Тіпті, жатақхана ақысын төлей алмағандар да кейінірек төлеуіне болады. Әрине, бұл бір ғана университеттегі жағдай. Ал еліміздегі басқа университеттер қандай шара қолданып жатыр?
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенті Динара Серікқызы оқу орнының 1, 2, 3-курс студенттеріне 15% жеңілдік бергенін айтты. Ал 4-курс студенттеріне жеңілдік жоқ екен. Нархоз университетінің студенті Әмина Теипжанқызының айтуынша, білім ордасы карантинге байланысты төлем мерзімін сәуірдің аяғына дейін ұзартқан.
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ