Әлемді дүрліктірген бұл індет бейбіт күндегі соғыс сияқты болып тұр. Талай адам дертіне шипа таппай, жан тапсыруда. Ал қатерлі вирусты жұқтырушылардың қатары күн санап өсуде. Әсіресе, шарасыз жандарға шипа сыйлап жүрген ақ халаттылардың да ауру жұқтырып жатқаны жанға батады. Бүгінде елімізде 600-ге жуық медицина қызметкері коронавирус дертіне шалдықты. Енді олардың қатарына алдыңғы шепте жүрген төтенше жағдай қызметіндегілер қосылды. Алдын алу шараларының басы-қасында күндіз-түні дамыл таппай дезинфекциялау жұмыстарын атқарып жүрген төтеншеліктер де бұл дертке қарсы тұра алмады. Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің 36 қызметкері «COVID-19» диагнозымен тіркелді. Олардың ең алғашқысы, яғни 1977 жылғы азамат 17 сәуір күні тіркелген болатын. Сол азаматпен байланыс жасаған қалған 35 қызметкердің де бұл дертті жұқтырғаны енді анықталып отыр. Бізге жеткен ақпараттарға сүйенсек, олардың екеуі – бөлім басшысы, 18-і бас маман және 16 өрт сөндіруші бар. Жұқтырғандармен байланыс жасаған департаменттің барлық қызметкері мен олардың жақындары карантинге жатқызылған болатын, біртіндеп басқалардан да коронавирус анықталуда. Ал Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметі 17 сәуірден бастап жұмысын уақытша тоқтатты. Осыған байланысты жеке және заңды тұлғалардан арыз-шағымдар мен өтініштер қабылданбайды. Бұл туралы департаменттің баспасөз қызметі хабарлады. Айта кетейік, Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тіршілігі бір-бірімен біте қайнасқан. Шыны керек, кейде инфекция жұқтырған Түркістан облысы тұрғындарының Шымкент қаласында тіркелуі Шымкенттің көрсеткішін көбейтіп жіберуде. Мәселен, бүгінге дейін «COVID-19» диагнозымен тіркелген 139 адамның ошағы болғандардың 11-і жергілікті тұрғын болса, 6-ауы сырттан келгендер. Яғни, қалғандары осылармен байланысқандар. Қалалық ауруханалардың бірінде жатып қайтыс болған азамат та Түркістан облысы Жетісай ауданының тұрғыны болатын. Сонымен бірге Түркістан облысы ауруханаларының талапқа сай болмауы салдарынан кейбір ауыр халдегі науқастардың Шымкент қаласына ауыстырылу дерегі де кездеседі. 6 сәуір күні Түркістан облысынан Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына 48 жастағы азамат ауыр халде ауыстырылады. Дәрігерлер бір апта бойы реанимация бөлімінде болған науқастың өмірі үшін күресіп, оң нәтижеге қол жеткізді. 14 күннен соң науқас дертінен толық айығып, үйіне шығарылды. Жалпы, бүгінгі дейін шымкенттік дәрігерлер инфекция жұқтырған 18 адамның құлантаза айығып шығуына көмектесті. Олардың қатарында екі айлық сәби де бар. Күні кеше Шымкент қаласы «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабының бір тұрғыны дертінен сауығып шықты. 24 жастағы азаматтан 6 сәуір күні коронавирус инфекциясы анықталған болатын. Ол вирусқа қарсы емдеу мен симптоматикалық терапияның толық курсын алып, ауруды жеңіп, ауруханадан шықты. Бұл туралы Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады. Жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп жатқандардың үшеуі жансақтау бөлімінде жатса, біреуі ИВЛ аппаратына қосылған. Науқастардың жас шамасына келер болсақ, инфекция жұқтырған науқастардың 6-ауы 3 жасқа толмаған балалар, ал 15-і 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер, 98-і 18 бен 55 жас аралығындағылар, 12-сі 55 жастан асқан жандар. «COVID-19» жұқтырғандардың 71 пайызын әйелдер, 16 пайызын балалар құрайды. Шымкент қаласы 4 сәуірден бастап карантинге жабылған. 19 сәуірде рұқсат етілген жұмысшы топтан бөлек адамдардың жаяу және жеңіл көлікпен жүруіне тыйым салынып, қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтады. Сонымен қатар қала аумағынан 57 ошақ тіркеліп, 5 ошақ карантинге алынған. Қала бойынша барлық кіру пункттерінде 17 блок-бекет қойылған. Блок-бекеттің барлығында жедел жәрдем бригадасы, сондай-ақ медициналық санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың орта медицина қызметкерлері ауысыммен жұмыс істейді. Жалпы, эпидемиологиялық маусымда мониторингте 1 592 азамат болып, оның 646- сы бақылаудан алынған. Қазіргі таңда 946 азамат бақылауда тұр. Бүгінгі таңда Шымкент қаласында инфекцияның алдын алу шаралары бойынша барлық тиісті шаралар атқарылуда. Карантиндегі азаматтарды қабылдау үшін жұқпалы аурулар ауруханасы мен 2 провизорлық стационар жұмыс істейді, Бұған қоса басқа қала ішінен және шетелден келген азаматтарды орналастыру үшін №2 оңалту орталығы мен Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетіне қарасты №4 және №5 жатақхана базасында қосымша 3 карантиндік стационар ашылған. Сондай-ақ Денсаулық сақтау басқармасының жанынан қолайсыз елдерден келген азаматтарға тәулік бойы қоңырау шалып, олар бойынша мониторинг жүргізіп отыратын 15 адамнан құралған мониторинг тобы бар. Мониторингтік топ мемлекеттік шекарадан өткізу пункттері арқылы келген 1 592, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан келген 6 418 адамға қоңырау шалып, табылмаған 112 тұлғаға ІІД арқылы іздеу жариялаған. 11 сәуірден бастап «COVID-19» бақылау орталығы веб-қосымшасы арқылы жұмыс істеуде. P.S.
Кеше Шымкентте Абай ауданының 1968 жылғы тұрғыны коронавирустан қайтыс болды.
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы