Ұлттық телевизияда Дана Нұржігіттің өзіндік қолтаңбасы бар. Оған телевизияда өткен жылдары дәлел бола алады. Кешегі журналист, бүгінгі сенатор Дана Өмірбайқызын толғандыратын не нәрсе? Бұл сауалды кейіпкерімізге қойдық. – Сіз осы уақытқа дейін қоғам қайраткерлерінің «Дара жолын» бағамдап көрдіңіз. Қаншама танымал тұлғаның бейнебаянын жасадыңыз. Біз бүгін сіздің дара жолыңыздың қандай екенін білгіміз келеді. Дананың жолы қандай, дара ма? – Расында да, төрт жылдың ішінде «Дара жол» хабары 150-ден астам қоғам қайраткерінің, есімі дараланған тұлғалардың өмір тарихын экранға шығарды. Қазір ол бағдарламаның бәрі Ұлттық арнаның «Алтын қорында», сосын YouTube-те сақтаулы. Кей кездері сол мұрағатқа үңіліп, өткен бағдарламаларды қайта парақтап, қарайтыным бар. Әсіресе, карантин кезінде «Дара жолды» қайта көріп жүрмін. Жалпы, менің телевизиядағы өмірім көрермендердің көз алдында өтті. 22-24 жастан телевизия есігін аштым. Сол жылдардан бергі өміріме баға беретін де, ол жолдың қаншалықты дара екенін пайымдайтын да көзіқарақты көрермен. Оған қоса, әлеуметтік желіде, оның ішінде, Instagram-да өз оқырмандарым бар. Онда да «Дара жолды» түсіріп жүрген кезде экраннан тыс қалған дүниелерді, жұмыс арасындағы кейбір сәттерді жазып, жариялап отыратын едім. Instagram әлеуметтік желідегі күнделігім десем де болатын шығар. – Жұбанов мектебін, Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясын бітірген музыкант қыздың мүлдем басқа салаға бет бұруының сыры неде? – Журналистика – менің әу бастағы бала кезгі арманым еді. Арнайы музыка мектебінен кейін ұрланып, КазГУ-ға бардым. Ол жерде осыған дейін жарияланған мақала, өлеңдерімнің бар-жоғын сұрады. Мен кейде қойын дәптеріме түртіп жүрген дүниелерімді жарияламақ түгілі, жан адамға көрсетпеуші едім. Сөйтіп, әлгі сұрақтан кейін шығармашылық байқаудан өте алмайтынымды түсініп, бастапқы жолыма қайта оралдым. Бірақ іштегі арман, үміт сөнбеген екен. Бүгінде өзімді осы саладан бөлек елестете алмаймын. Өз жолымды дұрыс тапқаныма бек сенімдімін. Бұл музыкадан жиренгенім емес, әлбетте. Музыка әлемін жақсы білсеңіз, оның канондары форма мен мазмұн жөніндегі ізденістері журналистикадағыдай нақтылықты, сыни сананы, ізденіс пен креативті ойды қажет етеді. Әрине, әр саланың өзіндік ерекшеліктері бар. Бірақ көп нәрсе тәжірибемен де келеді екен. Телевизияның түрлі редакциясында жұмыс істедім. Музыка редакциясында, бағдарламалар қызметінде, жаңалықтар редакциясының атқарушы продюсері де болдым. Жаңалықтарға сюжет те әзірлеп, жүргізуші де болдым. Саты-сатысымен өткен жол бұл. Осы жолда кездескен ұстаздарыма алғысым шексіз. Телевизия – синтездік жанр. Мұнда керегі біріншіден білім, жаза да білу, экранда өзіңді ұстай білу, көрерменмен диалог жүргізе білу, яғни актерлік қабілет те керек. Аудитория назарын өзіңе қарата білу, экранның арғы жағындағы көрерменнің тынысын сезіну, тағы бір алғы шарт – тартымдылық. (Обояние, харизма) Алғы шарт деп отырғаным бекер емес, өйткені талай білімді, білікті маманмен кездестім. Экранға шыққанда, иә тұтығып білгенін айта алмай қалады, иә сөйлесе, сөзі өтпейді, тыңдарманның назарын өзіне қарата алмайды. Тартымдылық деген – бір тылсым дүние. Кей адамдар әліппенің әріптерін анық айта алмай, иә сақау, иә кекеш болса да жалғыз өзі театр болып елді аузына қаратады. Осындай тұлғаның «арбауына» қалай түсіп қалғаныңды өзің де түсінбей қаласың! Бұл салаға келген адам үнемі ізденісте болуы керек, қоғамда болып жатқан дүниелерге енжарлық танытпай, оқиғаның қайнаған ортасында жүріп, ойы ұшқыр, қимылы ширақ болуы қажет. – «Хабар» арнасында 17 жыл қызмет еттіңіз. Фрилансер болған кезіңізді де білеміз. Дана Нұржігіт есімі өзіндік брендке айналды, қаншалықты сұранысқа ие болдым деп ойлайсыз? – Иә, «Хабарда» табан аудармай, 17 жыл еңбек еттім. Алғаш эфирге шығарып, елге танытқан да осы арна. Сәттілік серігім болды деп нақты айта аламын. Телевизия саласына деген құлшынысымның арқасында қарапайым әкімші, ассистент, музыкалық редактор болып бастап, кейінірек басшылық жеке хабарлардың тізгінін ұсына бастады. Барлық ұсыныс менің табиғатыма жақын, көңіліме қонымды дүниелер еді. Әрқайсысының өзіндік қиындығы болғанымен, мен үшін жаңа тәжірибе, ізденіс, сапалы орындауға тиіс жаңа міндет еді. Жалпы 90-жылдардағы «Хабар» жақсы телевизиялық мектеп, кадр даярлайтын шығармашылық шеберхана болды. – Бір сәттік күйзелістер мен қиындықтарды қалай жеңдіңіз? – Қиындықтар болмады емес, болды. Бірақ соншалықты күйзеліске түсіп кеткен жоқпын. Телевизия кәдімгі өндіріс орны ғой. Конвейер жылдамдықты үдетпесе, тежемейді. Сондықтан күйзеліп, мүжіліп отыруға уақыт жоқ. Ал «Дара жол» – Нұржан Мұхамеджанованың ұсынысы. «Хабардан» кеткеннен кейін екі жарым жыл фрилансер ретінде жұмыс істеп жүрген едім. «Қазақстан» ұлттық арнасына Майра Мұхамедқызы туралы «Сенбілік кездесу» хабарына қонақ ретінде шақырылдым. Бұл 2015 жылдың қазан айы болатын. Хабардан кейін елордадан Алматыға, үйге қайтып келсем, Ұлттық арна қайтадан астанаға, бұл жолы арна басшысының қабылдауына шақырып жатыр деген қоңырау түсті. Жиналып барсам, күтпеген жерден Нұржан Жалауқызы кеше ғана өзім қонақ болған хабардың тізгінін маған ұсынып тұр. Бұйрығы: бір аптаның ішінде көшіп кел! Бағдарламаның атауын өзің қойып, ішкі құрылымын өзгертіп, өзің жүргіз! Мәссаған! Ойламаған жерден бір апта емес, бір айдың ішінде Алматыдан көшіп, мықты шығармашылық топ жинап, «Дара жолды» эфирге шығардық. «Бұл тек шоу-бизнес өкілдеріне арналған хабар емес, Қазақстанның зиялы қауымын, сан-салада жүрген қазақтың беткеұстар азаматтарын елге таныстыратын хабар болуы керек» деген Нұржан Жалауқызының идеясы осылайша жүзеге асқан болатын. Елордада телевизиядағы екінші тынысым ашылып, өмірімнің жаңа кезеңі басталды. – Сенатор Данаға халықтың да айтар мұңы, тілегі, ұсынысы көп шығар. Көбінде елді не мазалайды? Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесісіз. Бір қарағанда әйел адамның иығы көтере бермейтін салмақ секілді... Осы комитетте қандай мәселе көтердіңіз? – Халықаралық комитетте әлеумет және мәдениет, ақпарат саласындағы мәселелерді қараймын. Келіп түскен хаттарда негізінен әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, медициналық қызмет көрсету жөніндегі сауалдар. Сот шешімімен келіспей, менің атыма өтініш, арыз жазған азамат көп. – Қорғаныс саласы сіз үшін мүлдем тосын сала емес пе? – Тікелей қорғаныс саласына келсек, комитет құрамындағы алғашқы іссапарым Көкшетаудағы кадет корпусы мен техникалық институттан басталды. Бұл оқу орындарының жай-күйі бір жылдан бері комитет назарында екен. Біздің мақсатымыз бұған дейін бөлінген қаражаттың орынды жұмсалу-жұмсалмауын тексеріп, айтылған мәселелердің қалай, қай деңгейде шешілгенін, енді қандай мұқтаждықтары барын көзбен көріп қайту еді. Қасымдағы генерал әріптестерім комитет хатшысы Төлеубек Мұқашев, Нұржан Нұрсипатов, Қайрат Қожамжаров пен ғарышкер Талғат Мұсабаев, комитет төрағасы ғалым, профессор, қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхамед ағаларымнан үйренерім көп. Олар да өз кезегінде маған әріптес қана емес, қарындасы ретінде қамқорлық танытып, жол көрсетіп, білгендерімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін аямайды. – Әлемдік пандемия елді есеңгіретіп тастаған секілді. Осындай қиын кезде елді біріктіретін не нәрсе? – Қазір бәрімізді біріктіретін – коронавирусқа қарсы күрес. Бір-бірімізді қолдау, тәртіпке бағыну. Карантин екінші айға ұласып жатыр. «Үйде отырыңыз», «Қолыңызды жуып жүріңіз» деген сөздер жауыр да болған шығар. Бірақ бұдан басқа жол жоқ. Вакцинасы табылмаған вируспен күресудің жалғыз жолы – оқшаулану. Адам шығынын көп болдырмаудың, карантиннен тез шығудың әзірге бір ғана тәсілі – тәртіпке бағыну. Дәрігерлер айтқан нұсқаулар мен ережелерді сақтау. Коронавирус жұмбақ боп тұр ғой. Бүгін дәл осылай қорғанғанымыз дұрыс болды ма, болмады ма, оны уақыт көрсетеді. Анығы: дәрігер мамандығының қадірін түсіндік, санитарлық қызметті қолдан шығарып алған екенбіз, карантин жағдайында жасайтын әрекеттеріміздің алгоритмі жоқ. Инфекционист, вирусолог дәрігерлердің, ғалымдардың жұмысын қолдап, жіті назарға алуымыз қажет. Бұл – кезек күттірмейтін шаруа. Осы орайда, Қасым-Жомарт Кемелұлының «тарихты жасайтын футболистер мен шоу-бизнес жұлдыздары емес, ғалымдар» деген сөзі есіме түсіп отыр. Ендігі жерде білім мен ғылымға жаңа көзқарас қалыптасып, оңтайлы шешімдер қабылданады деген сенімдемін. – Біз ұлттық құндылықтардан ажырап қалған секілдіміз. Ұлттың даму жолында не қажет? – Әлем бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарысқа, оған қоса пандемияға айналған жаңа вируспен бетпе-бет келіп отыр. Алпауыт мемлекеттердің өзі тығырықтан шығар жолды іздеп, түрлі болжам айтылуда. Карантиннен кейінгі өмір оңай болмайтыны анық. Шикізат нарығындағы бағаның құлдырауы мен карантин тәртібі талап еткен оқшаулау экономикадағы айналымдарды тоқтатып қойды. Нәтижесінде мемлекетке салықтан келер кіріс жоқ. Кіріс азайған жерде шығысымызға мұқият болуға мәжбүрміз. Бұрынғы аста-төк өмір енді болмайды. Ойын-сауықты қоя тұрып, өзімізді-өзіміз азық-түлікпен, киім-кешекпен қамтамасыз етуді ойлауымыз керек. Осы орайда, бизнестің карантиннен кейін тіптен құлдырап кетпей, аяқтан тұрып кетуіне мемлекет қаражат бөліп отыр. Кіші және орта бизнес үш жылға салықтан босатылғаны туралы заң тағы бар. «Жол картасы» бойынша ашылатын жұмыс орындары нәпақасынан айырылған азаматтарға табыс көзі болмақ. Шұғыл жағдайда онлайн режиміне көшіп, уақытқа сай жаңа тәсілдерді меңгерген ұстаздар жұмысын тоқтатқан жоқ. Алғы шепте, індетпен күресіп жүрген дәрігерлердің жалақысы қайта қаралып, тез арада бұл мәселе де шешілді. Табысынан айырылған азаматтарға қаржылай көмек бөлініп жатыр. Жағдай оңай емес, әрине. Бірақ кез келген кризис –жаңа мүмкіндік. Онлайн жүйесі бизнестің кейбір түрінің шығынын қысқартты. Мектеп оқушыларына арналған ТВ-сабақтар БАҚ білім саласымен тығыз жұмыс істеп, оқу бағдарламасындағы көрнекті құралдардың бірі бола алатынын дәлелдеп берді. Рейтингі төмен деп ТВ-да жабылып қалып, мұрағатта шаң басып жататын тұлғатану, тарихымыз бен мәдениетімізге, ұлттық құндылықтарымызға байланысты деректі кинолар, сұхбаттар мен бағдарламаларды мектеп пен ЖОО қолдануға әбден болады екен. Мұндай бетбұрыс ТВ-ны YouTube-пен бәсекелес қылмай, мемлекет мүддесі үшін жұмыс істейтін, ұрпақтар арасындағы рухани алшақтықты жойып, аға буынға да, жастарға да ортақ тақырыпқа, яғни бір арнаға тоғыстырады.
Қиындық намысымызды оятып, жігерімізді қайрай түсуі тиіс. Құлазып, құлдыраудан ештеңе шықпайды. Елден безіп, басқа мемлекеттен жұмақ іздеу де бекершілік, менің ойымша.
Интернетке байланған балалар мен ата-аналар бүгінде екі түрлі әлемде өмір сүріп жатқаны жасырын емес қой. Ал бәрімізге ортақ бір рухани код болу үшін ұлт қаһармандары туралы, мәдениетіміз, тарихымыз туралы материалдар телевизияда рейтингтің құрбаны болып қолданылмай жатыр. Онлайн сабаққа түбегейлі көшуді құптамаймын. Бірақ боранды күндері үйден шығу қиындағанда осы тәсілге көшуге болады немесе электронды портфель жүйесі арқылы ауыр сөмке көтеріп жүрудің проблемасы шешіледі. Кезінде жасалуы тиіс бағдарламалардың діттеген мақсатқа жетпегені, орындалмағаны осы жолы айдан анық көрінді. Әсіресе, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын айтып отырмын. Білім саласындағы мәжбүрлік жағдайында жасалған бүгінгі іс-әрекеттер бұрынғы реформалардан әлдеқайда оң нәтиже беріп, ендігі жүретін бағыт-бағдарымызды айқындап берген сыңайлы. Осы орайда, тағы бір аңғарғаным: бүгінгі Білім министрі Асхат Аймағамбетов те, онлайн сабақтарды тез арада жолға қойған Bilim Foundation қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, Bilimland kz жетекшісі Нартай Әшім деген талантты, білімді азаматтар кезінде телеарналарда жиі көрсетілетін, ал кейін бүкілқазақстандық жастар қозғалысына айналған пікірсайыс клубының немесе білім сайыстарының түлектері. Көрдіңіздер ме? Телевизиядағы үлгі, жылдар өте өз жемісін береді. Ал бүгінде тапа-тал түсте телевизиядан тікелей эфирде сағаттап жүріп жататын бір-бірінің шашын жұлып, балағаттап, анайы әзіл, бұзылған тіл мен арзан күлкіге толы хабарлар қандай нәтиже береді деп ойлайсыз? Осыдан кейін біздің қоғамда ажырасу неге көбейіп кетті, неге суицид тоқтамай тұр, неге тұрмыстағы қылмыс деңгейі өсті деген сұрақтарға менің жауабым бар. Көз алдымыздағы үлгіге қараңыз! Карантиннен кейінгі ақпарат көздеріндегі материалдар бүгінгі күннің қажетінен туындаған дүниелер болуы тиіс деп ойлаймын. Ғылым жаңалықтары, білім саласындағы жетістіктер, руханият, бизнес бастау, қаржылық, құқықтық сауаттылық, еңбек адамдарын дәріптеу, жоқтан бар жасай алатын отандық кәсіпкерлерді үлгі ету. Қиындық намысымызды оятып, жігерімізді қайрай түсуі тиіс. Құлазып, құлдыраудан ештеңе шықпайды. Елден безіп, басқа мемлекеттен жұмақ іздеу де бекершілік, менің ойымша. Олардың проблемасы өздеріне жетеді. Басқаны бауырына басатындай жағдайда емес. Қазақ қазаққа ғана керек. Сондықтан ел болып, бар мүмкіндікті дұрыс пайдаланып, сынаққа сынбай, ауыр жүкті жұмыла көтеруден басқа амал жоқ. – Коронавирус кезеңі дәрігерлер мен журналистердің статусын анықтап бергендей. Бұл мәселе Сенатта да көтеріліп, арнайы ұсыныстар жасалды. Төтенше жағдай туралы заң жобасы нені ескеруі керек деп ойлайсыз? – Сенаттың бюро отырысында төрағамыз Дариға Нұрсұлтанқызы Назарбаева дәрігерлер мен журналистерге төтенше жағдай кезінде құқықтық және адами қолдаудың аса қажет екенін айтқан еді. Дәрігерлер жұқпалы індетпен күрестің алғы шебінде жүр. Бүгінде өкінішке қарай, ауру жұқтырған әрбір үшінші адам дәрігер болып отыр. Мемлекет басын қауіпке тіккен ақ халатты абзал жандардың жалақысын көтеріп қолдау көрсетті. Журналистерге келер болсақ, ақпарат көздерінен біліп, оқып отырғанымыздай, әріптестерім төтенше жағдай кезінде өздерінің кәсіби міндетін атқару барысында түрлі кедергіге тап болып жүр. БАҚ құралдарында жарияланған мұндай оқиғаларға бұл жерде жеке-жеке тоқталмай-ақ қояйын. Мәселе мынада: төтенше жағдайда ақпарат алу барысында жұқпалы ауруларға толы ауруханадан репортаж жүргізетін журналистің, оператордың құқығы қаншалықты қорғалған? Карантин дегеніміз – шектеу, ал осындай жағдайда журналистің ақпарат алу мүмкіндігі заң бойынша қалай шектеледі? Төтенше жағдай кезінде журналист пен жұмыс берушінің арасындағы келісімшарт қандай болуы керек? Міне, осының барлығы Ақпарат министрлігі өкілдері, БАҚ өкілдері бірге талқылайтын өзекті мәселе деп ойлаймын. Осыған байланысты мен бірнеше күн бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаевтың атына журналистердің төтенше жағдай кезіндегі жұмыс істеу тәртібінің құқықтық, әлеуметтік қырларын талқылау жөніндегі ұсыныстарымды жазып, хат жолдаған едім. Жақында Үкімет Парламентке Төтенше жағдай жөніндегі заң жобасын жібереді. Сол талқылауға министрден бастап түрлі БАҚ саласының басшылары, ақпарат майданында жүрген жаңалықтар қызметінің журналистері, мықты репортерлер қатысу керек деп ойлаймын. – Ұлт зиялыларының тұтас галереясын жасадыңыз. Өзіңіз солардың арасында кімге еліктер едіңіз? – Журналистік тағдырыма ризамын. «Дара жол» бағдарламасында ұлт зиялыларымен бетпе-бет отырып сөйлесудің мүмкіндігі туды. Әр хабардан аларым мол. Бір түсінгенім, дара адам өз дара жолымен туады. Тағдыр түрлі соқпақпен жүргізсе де, табан жолынан таймаған адам дара жолға сөз жоқ, түседі. Хабарымның кейіпкерлерінің жолын зерделеп отырып енді осы ойыма бек сенімдімін. Дара тұлғаның өмірге келгендегі миссиясы болады. Олар тегін адамдар емес. Алла оларды бойындағы парасатымен, өнерімен, өмірге сөзсіз құштарлығымен жаратқан. Олар сонысымен де дара. Мәселен, Асқар Жұмаділдаевты алайықшы. Бірауыз орысша білмеген бала Мәскеуге хат жазады. Ізденеді. Кітапханаға барып, орысша кітаптарды көшіріп жазып, тіл үйренеді. Ал оқуға тапсырған кезде орыс тілінен үш алып, түсе алмай қалады. Жолы болмай, басы салбырап, баспалдақпен төмен түсіп келе жатқанында алдыңғы емтиханды қабылдаған мұғалімнің бірі қарсы жолығады. «Қайда бара жатырсың?» деп сұрайды. «Орыс тілінен үш алып, емтиханнан сүріндім», – дейді. Баланың ерекше талантын сезген әлгі ұстаз әупірімдеп жүріп Асқар ағайды оқуға алып қалады. Егер сондай жанашыр адам кезікпесе, отыз жасында академик болған, қазақтың мықты математигі Асқар Жұмаділдаевты білер ме едік, білмес пе едік. Кішкентай ғана көмегі арқылы әлгі ұстаз мықты математиктің тағдырын сақтап қалды. Әділ Ахметов – ұстаз, ғалым, елші. Елге белгілі тұлға. Анасының жалғыз ұлы ауылда ауыр жұмыста жүріп, өлім аузынан қалады. Сол кезде анасы: «Қара жұмыста жүріп, өліп қаларсың. Оқуға бар», – дейді. Алматыға келіп, таңдаған оқуы өз үйінен он екі-ақ минуттық жерде екен. Шет тілі институтына түсіп, ағылшын тілін меңгереді. Ауыл баласына шекарасы жабық Кеңес Одағында ағылшын тілі неге керек болды екен дейсің. Бірақ сол азаматтың білімі, біліктілігі Қазақстанның сын сағатында керек болды.Тәуелсіз Қазақстанның дипломатиялық корпусының алғашқы сарбаздарының бірі Елизавета-2 мемлекетіміздің атынан сенім грамотасын тапсырған тұлға, ұлтжанды қайраткер. Хабарымызда қонақ болған аға буын өкілдері қай мамандықтың иесі болмасын, бірінші кезекте қазақ елінің патриоттары. Қай-қайсысынан сұрасаңыз да қазақтың ауыз әдебиетін жақсы біледі. Қазақтың ұлттық музыкасын бала кезден жадына сіңіріп өскен. Олардың кіндігі қазақтың мәдениетімен байланған. Қой бағып жүрген Нұрғали Нүсіпжанов әлемді аузына қаратқан әнші боламын деп ойлады ма? Қой баққан баланың дорбасында Теодор Драйзердің шығармалары жатады екен. Көрдіңіз бе? Олардың әрқайсысы бөлек әлем, дара тұлға. Амангелді Айталы ағамызды жиі еске аламын. «Адам баласы иммунодефицит емес, имАно-дефицитке шалдықты» деп өзегін өртеген өкінішін айтқан еді. Сол ағамның ізімен менің де бүгін айтарым, мынау елең-алаң шақта бүгін бойымызға имАно-вирус дарып, бірімізге-біріміз қамқор бола білейікші. – Әлеуметтік желіде, оның ішінде Instagram-да көп отырасыз. Ойыңызды, көңілдегі кей түйткілдерді оқырманыңызбен ашық бөлісе аласыз ба? – Карантин жағдайында да журналистің кәсіби міндеті, әдеті қалмайды ғой.(күледі) инста парақшамда тікелей эфир ұйымдастырып, түрлі сұхбат құрып жатқан жайым бар. Карантиннен кейінгі өміріміз қандай болады? Кейіпкерлеріме қойылатын сауалдың көбі осы негізде өрбиді. Қаржылық сауаттылыққа байланысты, кіші және орта бизнес өкілдерімен сұхбат жүргіздім. «Болашақ» бағдарламасы бойынша Нью-Йоркте оқып жатқан әріптесім Нәзира Байырбекпен де сұхбаттасым. Нью-Йорктегі карантин жағдайын олар қалай бастан өткеріп жатыр, мемлекет коронавируспен қалай күресуде, қандай нақты шаралар атқарылып жатыр деген мазмұнда салиқалы сұхбат болды. Педагог-психолог карантин жағдайында баламен қарым-қатынастың психологиялық қиындықтарын қалай жеңуге болатыны жөнінде тікелей эфир арқылы оқырмандарыма кеңес берді. – Ұлыңыздың да журналист болғанын қалайсыз ба? – Баламның журналистикаға икемі бар. Өте ашық, көп нәрсеге қызығады. Камераның не екенін біледі. Әуелі өзімнен сұхбат алады. Ал менің арманым дені сау болып, аман-есен ер жетіп, бақытты адам болса екен деймін. Бұл әлемдегі барша ананың тілегі ғой. Қасиетті Рамазан күні тілдесіп отырмыз ғой...Әлем мұсылмандары осынау сын сығатта Алладан араша сұрап, адамзатты қатерлі індеттен құтқарып, осы дерттен шипа табылсын деп тілеп жатыр. Алақан жайған жамағаттың тілегі орындалып, бұл қиындықтан аман-есен шығайық. Етек-жеңімізді жиып, ел болып осынау қиын шақты еңсерейік. Қазақ шын кіріссе, талай шыңды бағындырады. Мен оған кәміл сенемін! – Әңгімеңізге рақмет!Сұхбаттасқан Гүлзина БЕКТАС