Қауіпті вируспен күрестің алдыңғы шебінде жүрген полиция қызметкерлерінің жұмысы күшейтілген режимде жүргізілуде. Бұған дейін Ішкі істер министрінің кеңесшісі Нұрділдә Ораз елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты республика бойынша ІІМ-нен 8 мың полицей, Ұлттық ұланнан 4 мың әскер белгіленгенін, олардың бәрі біріншіден стратегиялық және мемлекеттік маңызы бар ғимараттарды бақылауға алғанын мәлімдеген болатын. Бұл ретте тыныштық күзетшісіне айналған тәртіп сақшыларының қауіпсіздігі мен денсаулығын қадағалауды да естен шығармағанымыз жөн. Бүгінде ақ халатты абзал жандардан бөлек қызмет барысында вирус жұқтырғандың арасында құқық қорғау органдарының қызметкерлері де бар екені анықталды. Атап айтқанда, ҰҚК Шекара қызметі академиясының 67 курсанты тапсырылған анализдер қорытындысы бойынша вирус жұқтырғаны белгілі болды. Аталған жайт туралы онлайн-брифингте Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев хабарлады. – Дертке шалдыққандардың барлығы инфекциялық ауруханаларға жатқызылды. Жағдайлары қанағаттандырарлық. Олар бекітілген клиникалық қаулы шеңберінде өздерінің ем-дом шараларын қабылдауда, – деді Т.Әбілдаев. Сондай-ақ Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин де Нұр-Сұлтан қаласында өткен онлайн брифингте Ішкі істер министрлігінің бір қызметкері коронавирус жұқтырғанын айтты. «Бізде бір қызметкер індетті жұқтыруына байланысты қазіргі уақытта ем-дом қабылдап жатыр. Оның денсаулық жағдайы тұрақты» деп әңгімесін бастаған Ішкі істер министрінің орынбасары инфекциямен ауырғандармен қарым-қатынаста болған адамдардың анықталғанын да жеткізді. Олардың біразы өздерінің кәсіби қызметін атқаруы барысында карантиндік шаралармен қамтылып үлгерген екен. Бізге белгілісі, 530-дан астам ІІМ қызметкерлері науқаспен байланыста болған. Оның 30-ы стационарға жатқызылып, 80-ге жуық адам үй жағдайында карантинге алынды. Көпшілігі тексеруден өтіп, қазіргі уақытта қайтадан қызметтеріне оралған.
Нью-Йорк қаласындағы Полиция департаментінің 4 мыңнан астам қызметкері коронавирус жұқтырған. Бұл Нью-Йорк полициясының шамамен 11 пайызын құрайды.
Мұндай келеңсіз оқиға жуырда Қостанай облысында да тіркелді. Бұл аймақта екі полиция қызметкері коронавирус жұқтырып алды. Бұл жағдайға қатысты Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев мәлімдеме жасады. Жітіқара ауданының және Жітіқара аудандық полиция бөлімінің барлық қызметкерлері үй карантиніне алынды, өйткені екі полиция қызметкерінен COVID-19 диагнозы расталды. Науқастармен тығыз байланыста болған барлық қызметкерлерге зертханалық зерттеулер жүргізілді, олар карантиндік ауруханаға жатқызылды. Біздің елде вирус жұқтырған полицейлер әзірге санаулы ғана. Бұл – көңілге жұбаныш ұялататын дерек. Ал әлем елдері бойынша коронавирус індетіне шалдыққан құқық қорғау органдарының арасында АҚШ көш басында тұр. Нью-Йорк қаласындағы Полиция департаментінің 4 мыңнан астам қызметкері коронавирус жұқтырған. Бұл Нью-Йорк полициясының шамамен 11 пайызын құрайды. Күні кеше бір тәулік ішінде 512 қызметкері індетке шалдыққанын да әлемдік БАҚ жарыса жазған болатын. Осы 512 қызметкердің ішіндегі қауіпті вирусты жұқтырғандардың 442-сі полиция формасымен жүретіндер болса, қалған жетпісі азаматтық қызмет көрсетушілер екен. Таяуда Ресейдің Ішкі істер министрлігінің басқармасы полковник, Батыс округтегі қоғамдық тәртіп бөлімінің бастығы кенеттен қайтыс болды деп ақпарат таратты. Дереккөздер оның коронавирусты жұқтырғанын анықтап көрсеткен. Бір сөзбен айтқанда, індет сақшыларды да айналып өтпеді. COVID-19 вирусына сақадай-сай дайындалып, пандемиямен күресіп жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері де ауру жұқтырды. Алдағы уақытта бұл деректер әлі де ұлғая түсуі мүмкін. Өйткені аурудың таралу аясы кең ауқымды алып отырғаны түсінікті. Оның үстіне вирус жұқтыру дерегі де күн өткен сайын жаңарып, үсті-үстіне көбейіп жатыр. Қайткен күнде де біздің қолдан келері елге қорған болғандардың саулығын, амандығын тілеу. Иә, нағыз індет ошағының ортасында жүрген, халықтың қауіпсіздігі үшін өз басын қатерге тігуге даяр дәрігерлер мен полицейлердің, әскери қызметкерлердің жұмысы оңай емес екенін осындайда түсінесің.