Алматыда эпидемиолог тапшы

Алматыда эпидемиолог тапшы

Алматыда коронавирус инфекциясынан сегізiн­ші адам көз жұмды. Шаһарда індетке шал­дық­қандар қатары күннен-күнге артып барады. Өкініштісі, ауру жұқтырғандардың арасында дәрігерлер барлық науқастың жартысынан асып тұр. Олардың басым бөлігі орталық қалалық клиникалық ауруханада жұмыс істегендер. Өздеріңізге мәлім, қазіргі таңда індет ошағы деп танылған бұл клиника карантинге жабылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та ко­рона­вирус пандемиясына байла­нысты жарияланған Тө­тенше жағдай кезінде екі аптаның ішінде салынған елордадағы модульді жұқпалы аурулар ауруханасының ашылуы рәсімінде «Сіздер пандемиямен күресте алдыңғы шепте жұмыс істеп жүрсіздер. Сіздерге ризашылығымыз шексіз. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп жатырсыздар. Өкінішке қарай, Алматыда дәрігерлерімізді індеттен қор­ғай алмадық. Қазір қалып­тасқан төтенше жағ­дайды жою үшін күресу­деміз. Сондықтан абай болғандарыңыз жөн, ең алдымен өз денсау­лық­та­рыңызды сақтаңыздар» деген болатын. Расында да «Ақ халатты абзал жандар індет тырнағына қалай ілінді?» деген сұрақ көпшіліктің кө­кейінде тұр. Біраз күн бұрын Ал­матының бас санитар дә­рі­гері қызметіне кіріскен Жандарбек Бекшин де жаңа жұ­мысын осы сұрақтың жа­уа­бын іздеуден бастаған сы­ңайлы. Ол орталық қала­лық клиникалық аурухана дәрігерлерінің жаппай коро­на­вирус жұқтыруына не се­беп болуы мүмкін екеніне тоқ­талды. Әзірге нақты ше­шім шықпаған, бірақ тергеу аяқталуға жақын. Де­ген­мен Жандарбек Мұх­тар­ұлы жүр­гі­зіліп жатқан эпи­де­ми­ло­гиялық тексерудің аралық қоры­тындысын айтты. «Бұл жерде аурухананың инфекциялық ауруларды емдеуге рұқсаты болмаса да ем жүргізгені анықталды. Ең бірінші жұқтырған адамды да таптық. Инфекция ең бірінші диагностикалық бөлімнен тараған деп тұспалдап отыр­мыз. Ең бірінші ауырған адам осы жерден шыққан. Бө­лім­ге МРТ, УДЗ жасауға кел­ген адамнан оның қасында жүрген медбикеге жұққан. Ол пациенттің отбасындағы 13 адам түгел тексерілді. Олар­­­дың нәтижесі вирус жұқ­­­­тырғанын растамады. Бей­некамерадағы кадрларға сен­сек, қызметкерлер ауру­­ха­­­на ішінде қорғаныс құ­рал­­дарынсыз емін-еркін жүр­ген. Мұның барлығы жап­пай жұқтыруға әкеледі. Қа­зір бөлімнің барлығы же­ке­­ленді. Енді осыдан кейін жұқ­тыру көрсеткіші азаяды деген ойдамыз», – деді бас санитар. Ол орталық қалалық клиникалық аурухана­ның жұмысында ереже бұзушы­лық­тар болғанын атап өтті. Аурухана инфекциялық нау­қас­тармен рұқсатсыз жұ­мыс істеген, яғни бұл ме­кеме мұн­дай жұмысты жүр­гізуі керек медициналық ұйым­дардың тізіміне кірмеген. «100 мың тұрғынға шақ­қанда аурушаңдық көрсеткіші 34 болып тұр. 14 жасқа дейінгі балалардың үлес салмағы – 3,1. Аурушаңдық ересектер арасында басым. Өкінішке қа­рай, біздің санитарлық қыз­мет мамандарының ара­сында 7 жағдай тіркеліп отыр», – деді қаланың бас сани­тарлық дәрігері Жандар­бек Бекшин. Қалада онсыз да эпиде­ми­логтар тапшы кезде сани­тарлық қызмет қызмет­кер­­лерінің ауру жұқтыруы жағ­дайды одан сайын күр­де­­лендіріп тұр. Қалалық Та­уар­­лар мен қызметтердің са­­пасы мен қауіпсіздігін ба­қы­лау департаментінің штат­­тық бірлігіне сәйкес 88 эпи­демиолог болуы керек. Қазір 80 маман бар. Біреуі дек­реттік демалыста. 15-ке жуық қызметкер облыста тұ­­рады. Олар карантинге бай­­­ланысты Алматыға кіре ал­­майды. Қаланы эпиде­мио­лог­тармен толық қамтама­сыз ету үшін шамамен 40 қо­сымша бірлік қажет. Зей­­неткерлікке шыққан эпи­де­миологтар жұмысқа тар­тыл­майды. Өйткені 63 жас­тан асқан адамдар вирус оша­ғында жұмыс істей ал­май­ды. Эпидемиолог ма­ман­дарды даярлаудың ма­ңыз­дылығына тоқталған Жан­дарбек Мұхтарұлы ма­ман тапшылығының негізгі себе­бінің бірі – жалақының төмен­дігі екеніне де тоқталды. «Жоғары білікті, тәжі­ри­­бесі мол эпидемиолог­тың еңбекақысы 100-130 мың теңге ара­лы­ғында. Ал жас ма­манның жа­ла­қысы 70-80 мың теңге. Әрине, әлеу­­мет­тік көмек бол­маған соң көп­теген жастар эпиде­мио­лог ма­мандығын таңдамай­ды. Қа­зіргі уақытта бізде ма­ман­­дандырылған эпи­демио­логтарды даярлау мәсе­ле­сі өткір болып тұр. Өйт­кені олар денсаулық сақтау факуль­тет­те­рінде аз сағаттық жүк­темеде дайындалады», – деді ол. Эпидемиолог мамандар тек Алматыда емес, бүкіл Қазақстанда тапшы екенін еліміздің бас мемлекеттік сани­­­тар дәрігері Айжан Есма­ғам­бетова да айтып қалды. «Бүгінде коронавируспен ауыр­ғандарды емдеуге 16 мың медициналық қызметкер жұ­мыл­дырылған. Одан бөлек, әр аумақта 1-20 пайызға дейін кадрлық резерв жасақталған. Бұл бағытта медициналық қызметкерлердің жетіспеу­ші­лігі жоқтығын хабарла­ғым келеді. Десе де, эпидемио­лог­тар әлі де тапшы. Нақтырақ айтқанда, коронавирус ин­фек­­циясын адамдардың қай­­дан жұқтырып алғанын анық­­тайтын эпидемиолог ма­мандар жетіспей жатыр. Бұл ретте 800 маманның тапшы екенін айтуға болады», – деген еді. Маман бір күнде даярлан­бай­­ды. Олардың оқып, тәжі­ри­бе жинауы үшін жылдар керек. Осындай қысылтаяң шақта бар маманды дұрыс ұйым­дастырып, олардың барын­ша жағдайын жасап, жұмыс іс­теуге тура келіп тұр. Өйткені бүгін­гі тығырықтан тек солар ғана алып шығады.  

   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ