Биыл коронавирусқа қарамастан жол құрылысы саласында рекорд орнатылмақ. Авиация мен теміржол тұралап тұрған алмағайып кезеңде Үкімет 2,6 мың шақырым жол салуды, 10 мың шақырым жол жөндеуді жоспарлап отыр. 200 мың азаматқа жұмыс табылады. Премьер-Министр Асқар Мамин осылай деп мәлімдеді. Биыл Талдықорған – Өскемен (763 шақырым), Қарағанды – Балқаш – Қапшағай (645 шақырым), Қалбатау – Майқапшағай (415 шақырым), Меркі – Бурылбайтал (266 шақырым), Ақтөбе – Атырау – Астрахан (279 шақырым) сияқты учаскелерде көлік қозғалысы ашылады. – Құрылыс маусымын мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажет. Жекелеген елді мекендерде карантин режиміне байланысты енгізілген шектеулер жағдайында нысандарға жанар-жағармай, жол-құрылыс материалдары мен техникасын еш кедергісіз жеткізу үшін «жасыл дәліз» жұмысын қамтамасыз ету керек, – дейді Үкімет басшысы. Негізі, экономика дағдарысқа ұшырағанда жол құрылысын жандандыру тәжірибесі баяғыдан бар. Мәселен, 1929-1933 жылдары АҚШ-та болған «Ұлы депрессия» кезеңінде президент Франклин Рузвельт жоғары жылдамдықпен жүруге мүмкіндік беретін автомагистральдар мен теңдесі жоқ көпірлер салуды қолға алған. Бастапқыда халық оның бастамасын дұрыс түсінбей, «дағдарыс кезінде жол салғаны несі?» деп қатты сынаған екен. Бірақ Рузвельттің шешімі тиімділігін дәлелдеді, жол құрылысына миллиондаған адам тартылып, жұмыссыздық деңгейі күрт төмендеді. Экономиканың тамырына қан жүгірді. Инфрақұрылым дамыды. Нәтижесінде, Америка қоғамы қиындықты еңсеріп шықты. АҚШ-тың тарихи тәжірибесін үлгі етуге болады. Теміржол дейсіз бе, автожол дейсіз бе, бәрібір, жол құрылысы саласы қаражаттың ірі қалаларда ғана шоғырланып қалуына жол бермейді, ауыл-аймақтарды қамтиды. Өте көп еңбек күшін қажет ететіндіктен, мыңдаған қазақстандықты жұмысқа тартып, қаржы ресурстарының ел аумағына біркелкі тарауына септігін тигізеді. Премьер-Министр биылдан қалдырмай Шымкент әуежайы жолаушылар терминалының және Түркістандағы халықаралық әуежайдың құрылысын аяқтауды, Өскемен, Үшарал және Үржар әуежайларын жаңғырту жұмысын бастауды тапсырды. Жалпы, Қазақстан жолдарының жай-күйі қандай? Былтыр республикалық маңызы бар 4,4 мың шақырым автожол салынған және жаңғыртылған. 2019 жылдың қорытындысы бойынша 641 шақырым жолда көлік қозғалысы ашылды. 1,1 мың шақырым республикалық маңызы бар және 3,5 мың шақырым жергілікті желілердегі автожолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі республикалық маңызы бар автожолдардың үлесі 88 пайызға, жергілікті маңызы бар жолдар 71 пайызға жеткізілген. Ол үшін 500 млрд теңгеден астам ақша жұмсалыпты. Шенеуніктердің сөзіне сенсек, егер осы қарқыннан таймай, қаржыландыру көлемін жыл сайын 50 млрд теңгеге ұлғайта берсек, болжам бойынша 2025 жылға таман жолдардың 95 пайызы тақтайдай тегіс болады екен. Алайда сөз бен істің арасы қанша шақырым жол екені белгісіз. Неге десеңіз, былтыр «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» мамандары 11,5 мыңнан астам асфальт сынамасын тексерді. Нәтижесінде, оның үштен бірі (4,5 мыңы) стандартқа сай келмейтін болып шыққан. Әсіресе, жергілікті жолдардың тозығы жеткені, республикалық жолдармен салыстыруға жарамайтыны анықталды. Автожол саласының 2020 жылға арналған бюджеті – 750 миллиард теңге. Ендігі мәселе – осы қыруар қаржы-қаражатты шашау шығармай, талан-таражға түсірмей, жететін жеріне дейін жеткізу. Себебі сан қилы. Ең қиыны – жемқорлық дейтін жегі құрт. Жол құрылысы саласында кейінгі үш-төрт жылдың өзінде 100-ден астам құқықбұзушылықтың жолы кесіліпті. Сотталғандар қатарында «ҚазАвтоЖолдың», жергілікті атқарушы органдардың базасында құрылған «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» лауазымды тұлғалары, басқа да құрылымдардың өкілдері бар. Келісімшарттарға қол қою кезінде пара ұсыну, заңсыз кәсіпкерлік қызметке қамқорлық жасау, былық-шылыққа көз жұмып, шара қолданбау, мемлекеттік сатып алулар барысында қазынаға қол сұғу деректері жол құрылысы саласында қалыпты құбылысқа айналған деседі. 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар автожолдардың 100 пайызын (21 мың шақырым жолды салу, жаңғырту және жөндеу), облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 95 пайызын (27 мың шақырымын жөндеу) жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру көзделген. 112 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады, 550 мың тұрақты және уақытша жұмыс орны құрылады. Әрине, бұл орынды қадам. Жол – экономиканың күре тамыры. Жол мен көпір салу өзін-өзі толық ақтайтын, сауапты һәм берекелі шаруа саналады. Ертеде ең дәулетті, ең сәулетті шаһарлар Ұлы Жібек жолының бойында болғанын тарихтан білеміз. Олар транзиттің арқасында гүлденді. Тауар мен қаржы айналымы қашан да дамуды қамтамасыз етеді. Қазір де қайнаған тіршілік күре жолдардың бойында. Сондықтан Үкіметтің жойқын жоспары орындалсын деп тілейік.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ