Сүгір Әліұлы күйлерінің кеші өтті
Сүгір Әліұлы күйлерінің кеші өтті
399
оқылды

Ұлы тұлғаларымыз бен ұлттық өнеріміз арқылы ұлт руханиятының жаңғыруына атсалысу және жас ұрпақтың бойына ұлттық болмысымызды сіңіре отырып, төл өнерімізді насихаттау мақсатында Түркістан қаласында «Күй құдіреті» атты Сүгір Әліұлы күйлерінің кеші өтті.

Күй өнері – қазақтың рухани қазынасының бірі де бірегейі.  Халықтың болмысын, тарихын, рухын қасиетті домбыраның үнімен жеткізген күйшілер артына өшпес із қалдырғаны белгілі.

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің Мәдениет орталығында өткен күйшілер кеші ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларының аясында ұйымдастырылды. Шара ҚР Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне орай Түркістан облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы өткізді.

Концертті құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімінің орынбасары Мәлік Отарбаев:

 «Түркістан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген атақты күйші, сазгер Сүгір Әліұлы туралы жазылып та, айтылып та келеді. Ол туралы Жазушы Тәкен Әлімқұлов «Телқоңыр» әңгімесін, ақын Бәтима Батырбекова «Күйші» поэмасын, жазушы Өтеш Қырғызбаев «Сүгір» романы мен «Назқоңыр» пьесасын жазды.

Сүгірдің күйлерін кеңінен насихаттап, халық жадынан өшірмеуге бірден-бір атсалысып жүрген мәдениет және өнер адамдарының еңбегі ерен. Әрдайым өнердің биігінде болып, шығармашылықтарыңыздың дами беруіне тілектеспін!», деп лебізін білдірді. 

 «Күй құдіреті» атты Сүгір Әліұлы күйлерінің кешін өткізуге мұрындық болған «Сүгір» атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі Халықаралық «Жұбановтар әуені» байқауының лауреаты екенін атап өткен жөн.

Бұл тағылымы мол концертте Сүгір Әліұлы, Төлеген Момбеков, Жаппас Қаламбаев, Бөрі Иса, Әлімбек Қонысбеков, Қасымбек Сарымбетов, Батырхан Рыспанбетов сынды композиторлардың күйлері, шығармалары орындалды.