Тәртіп бұзған тәртіп сақшылары
Тәртіп бұзған тәртіп сақшылары
262
оқылды
«Бірдің кесірі мыңға тие­ді» деген сөз тегін айтыл­ма­са керек. Өйткені төтен­ше жағ­­­дай кезінде өз жанда­рын шүбе­рекке түйіп, вирус та­ра­мау үшін күні-түні жұмыс істеп жүрген ақ ха­лат­ты дә­рігерлер мен тәр­­тіп сақ­­шы­ла­ры екені бел­гілі. Деген­мен қор­ғай­­мын де­ген­дер­дің арасынан өз ба­сы­ның қамын ойлау­шы­лар шығып жатқаны да бар. Төтенше жағ­дай жа­рия­ланғалы бірне­ше тәртіп бұзу­шылық тір­кел­ген. Бірі – пара­мен, бірі – тойда...  

Заңға бағынбайтын кортеж

Жақында карантин режимін өрескел бұзғаны үшін Алматыда Криминалдық полиция басқар­ма­сы­ның басшысы Жанболат Зиядин қызметтен шеттетілді. Неге дейсіз ғой? Өйткені әлеуметтік желілерде қымбат көлік мінген азаматтардың жалпы тәртіпке бағынбай, бақы­лау бекеттерінен кедергісіз өтіп жатқан бейнесі тарап кетті. Арты­нан ере­же­ні ескермегендер бір дастар­қан басында жиналады. Сол жерде Жан­­болат Зиядин де болған. Бұл көрі­ніс көпшіліктің ашу-ызасын туд­ыр­ған еді. Осы оқиғаға қатысты қазір Полиция департаментінде қызметтік тергеу басталды. Ал ка­ран­тин ережесін бұзғандардың бар­лығы құрықталды. Өзіндік қауіп­сіздік басқармасы блок-бекет­тер­ден аталған кортеждің кедергісіз өту де­регіне байланысты тексеріс жүр­гі­зіп жатыр. Бұған дейін желіде бір топ адам мінген қымбат автокөліктің қала ішін шарлап жүрген ролигі тараған еді. Олар тойға бару үшін Алматы блок-бекетінен еш кедергісіз өтіп ке­те­ді. Бейнежазбаның авторы әрі сол топтың мүшесі роликті әлеу­мет­тік желідегі өз парақшасына жа­­рия­лаған.  

Шай ішуге қалайсыз?

Бұдан үш-төрт күн бұрын әлеу­мет­тік желілерде, ақпарат таратушы сайттарда «Полиция қызметкері ұсталған қызға жыныстық қаты­нас­қа түсуді ұсынды» деген ақпарат тарап кетті. Дегенмен Нұр-Сұлтан қа­ласы Полиция департаменті бұл іске тек­се­ріс жүргізгені туралы хабарлады. «Дәл осы күні мобильді пост­тар­дың бірінде көрсетілген әйелдің басқаруындағы көлік карантин ре­жимін сақталғанын тексеру үшін тоқтатылғаны анықталды. Тек­­серу кезінде полицей әйелдің жүр­­гізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткенін анықтады, сондықтан олар әкімшілік хаттама жасау үшін автокөлік тұрағына бет алған. Жолда қызметкер әйелге жұмысы аяқталғаннан кейін кешкі ас ішуді ұсынды. Содан кейін ол хаттама жасамай, көлікті тұраққа қоймастан әйелді босатты», – деп жазған Полиция департаменті. Тәртіп сақшыларының айтуын­ша, әйел полиция қызметкеріне арыз жазудан үзілді-кесілді бас тартқан. Баспасөз қызметінің хабар­ла­уынша, жүргізушіні әкім­ші­лік жауапкершілікке тарт­пағаны және этикалық нормалар­ды бұз­ға­ны үшін полиция қызметкері ішкі істер органдарынан жұмыстан шы­ғарылды. 2020 жылы 4 ақпанда жарам­ды­лық мерзімі өткен жүргізуші куәлігі бар автомобильді басқарған әйел (каран­тин режимі жарияланғанға дейін) әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 612-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылды.  

Шектеуге қарамаған шенділер

Арнайы рейд жүргізген Кри­ми­­­налды полиция басқарма­сы­ның қызметкерлері Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің Ақмола облысы бойын­ша де­­­партаментінің лауазымды тұл­­ға­ларын төтенше жағдайға қара­мас­тан, монша кешенінде демалып жат­қан кезінде ұстады. Бұл оқиға 18 сәуірде сағат 22:30 шамасында Көк­шетау қаласында болған. «Из­буш­­ка» монша кешені иесі төтен­ше жағ­дай режимін бұзғанын анық­та­ды. «Төтенше жағдай режимін бұз­­ған Тергеу басқармасының бас­­шысы мен оған бағынышты қыз­мет­керлер жұмыстан босатыл­ды», – деп хабарлайды Сыбайлас жем­­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гі­нің баспасөз қызметі. Ақмола облысы бойынша депар­та­ментінің тергеу басқар­ма­сы­ның қызметкерлерінің төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша қыз­мет­тік тергеу жүргізілді. «Аталған басқарманың бас­шы­сы Р.Тұрғамбековтің және оған бағынышты тергеуші­лер Н.Мыр­за­гелдиннің, А.Қағар­ман­ның, Ж.Ақ­молдиннің, Б.Лұқмановтың тө­тен­ше жағдай режимінің қазіргі шек­теулеріне қарамастан, кешкі демалысты Көкшетаудағы монша кешендерінің бірінде өткізгені анықталды. Осыған байланысты ағымдағы жылдың 20 сәуірінде агенттіктің орталық аппаратының тәртіптік комиссиясының отырысы өтті. Оқиғаның барлық жағдайларын және әділеттілік, парасаттылық, се­нім құндылықтарын қатаң сақ­тауды ескере отырып, агенттік төра­ғасының бұйрығымен атал­ған қыз­меткерлер келешекте мемле­кет­тік және құқық қорғау орган­дарында жұмыс істеу құқы­ғын­сыз жағымсыз себептер бойынша жұмыс­тан босатылды», – делінген хабар­ламада. Тәртіптік комиссияның ұсы­­нысы бойынша облыстық департа­мент басшысы М. Төлеубаев жеке құрам­­мен алдын алу жұмысын на­шар ұйымдастырғаны үшін жауап­қа тартылды.  

«Темекіге қалдырып кетші»

Павлодар облысындағы блок-бе­кетте жүк көлігінің жүргізу­ші­сі­нен пара сұраған Арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері жұмыстан босатылды. Неге? Өйт­ке­ні ол жұмыста жүрген кезінде те­мекіге ақша сұраған. Кімнен? Әри­не, жүк көлігін жүргізушіден. Ба­сы­нан бастайық. Әлеуметтік же­лі­лерде Германиядан Семейге ке­тіп бара жатқан жүк көлігі жүр­гізу­шісінен арнайы жасақ қыз­мет­­керінің пара сұрап тұрғаны ту­­ра­лы бейнежазба тарап кеткен еді. Бұл оқиға бастықтарының да кө­зіне түскен болуы керек, тек­­­­се­­ріс жүргізіп кім екенін де анық­­­­та­ған. Хабар­ламада былай де­­лінген: «2020 жылдың 12 сәуі­рін­де Теle­gram әлеуметтік желі­­сіне жүр­гі­­зілген мониторинг ба­ры­­сында Гер­­маниядан Семейге кетіп бара жат­қан жүргізушінің ви­део­сы тарап кетті. Ол Екібастұз ау­да­нының Ші­дер­ті кентіндегі №4 санитарлық бекет арқылы өткен. Аталған видео бойын­ша По­­ли­ция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов облыс­тық ПД жеке қауіпсіздік басқар­масына қыз­меттік тексеру жүргі­зу­ді тап­сыр­ды», – делінген хабар­ла­мада. Арнайы жасақ қызметкері сөз­сіз Ішкі істер органдарынан боса­тылады дейді олар. Сонымен қа­тар «қайыр сұрау» бабы бойынша әкім­шілік іс қозғалды. Кәсіби тұр­ғы­да әлсіз адамдарды жинап алған ко­ман­дирінің лауазымында қалу-қал­мау мәселесі де шешілуде. Тәртіпті тәртіп сақшыларының өзі бұзып отырғаны қиын, әрине. Бірақ мұндай оқиғалар алда тіркел­ме­сіне сенейік!  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ