Жас суретшілер дәрігерлерге арнап мурал салды

Жас суретшілер дәрігерлерге арнап мурал салды

Алматы қаласының жас суретшілері СOVID-19 індетіне қар­сы күресіп жатқан дәрі­гер­лерге арнап мурал салды.

«Қаламыздың жас сурет­­шілері қауіпті індет­пен күресіп жүрген біз­дің дә­рі­гер­лерге ар­нап мурал сал­ды. Күн са­йын медицина қыз­мет­­­­кер­­­лері өз бастарын қатерге тігіп, COVID-19-ға қарсы іс-қимылда алдыңғы шепте еңбек етіп жүр. Қауіп­ті індеттің беті қай­­тып, өміріміз қа­лыпты ар­наға түскенде, осы му­ралға қарап, ақ халат­ты абзал жан­дарды ризашы­лық­пен еске аламыз. Дә­рі­герлерге бас иеміз! #AlmatyBirgemiz», – дейді әкімдік өкілдері.
Құрманғазы мен Әди Шәріпов көшелерінің қиы­лысындағы көпқабатты үйдің қасбетіне салынған муралда пандемиямен күресіп жатқан дәрігерлер бейнеленіп, «Дәрігерлерге бас иеміз!» деп жазылған. Жобаны 23 жастағы алма­тылық суретші Жұмаділ Елеукенов жүзеге асырды. Ол осы туындыны жасап шығару үшін екі апта уақыт жұмсаған.
– Менің анам дәрігер. Педиатор мамандығын меңгерген ол көптеген ба­лалардың денсаулығы үшін еңбек етеді. Мен өз анама және барша дәрі­гер­лерге құрмет пен сүйіс­пеншілік ретінде осы туындыны сыйға тартқым келеді. «Неліктен дәрігер қаһарман бейнесінде суреттелді?» деген сұрақ туса айтарым, дәрігерлер бүгінгі бейбіт күннің ба­тыры деуге болады. Қазір дәрігерлер COVID-19-бен күресіп жатыр, – дейді су­ретші, жоба авторы Жұмаділ Елеукенов.
Қазір карантин кезі болғандықтан суретті са­луға материалды табу қиын­дық туғызған. Баста­ған істі сәтті аяқтау үшін ба­рын салған ол муралды дер ке­зінде бітіріп, қала тұрғын­дарына тарту етті. Қиын кезең де артта қалар. Дегенмен көпқабатты тұр­ғын үйдің тұтас қабыр­ға­сына салынған мурал естелік болып қалады. Бұл дәрігерлердің еңбегі ерен екенін көшеден өткен әрбір тұрғынның есіне салып тұратын туынды болып қалмақ.  

  Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ