Елбасы «бірге» акциясын жоғары бағалады

Елбасы «бірге» акциясын жоғары бағалады

Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясынан ұсынылған кандидаттың Республикалық қоғамдық штабына барды.

Елбасы Nur Otan партиясы кан­дида­тының Республикалық қоғамдық шта­бы­ның мүшелері­мен кездесіп, өңірлік штаб жетек­шілерімен селекторлық кеңес өт­кізді.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті сайлауалды штабтың жұ­мысын жіті қада­ғалап отырғанын айтты.

– Сайлауға 7 кандидат түсті. Бұл – елімізде саяси бәсекенің бар екенін айғақ­тайды. Кандидаттар түрлі қоғамдық топ пен бірлес­тік­тің мүддесін білдіреді. Әр кандидат елімізді және қоғамды дамыту­дың бағдарламасын ұсынды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы барлық кандидатқа сай­лауал­ды үгіт насихат және тұр­ғындармен жұмыс жүргізу үшін бірдей мүмкіндік берілгенін атап өтті. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті Штабтың жастар қана­тының жұмы­сына тоқталды.

– Мен тәуелсіздіктің алғашқы күн­­дерінен бастап жастарды тәр­биелеу және оқыту мәселесіне ерек­ше мән бердім. Бұл жұмысты жал­ғастыра беру қажет. Бола­ша­ғы­мыз – білімді азаматтардың қо­лында. Білікті кадрлар дайын­дай алған мемле­кеттердің ғана келешегі жарқын болады. Штабқа та­нымал тұлғалардың, жастар өкіл­дерінің енгеніне қуаныш­ты­мын. Олардың сайлау науқанына қатысуы өте маңызды. Жастар Қа­зақстан халқының елеулі бөлі­гін – 4 миллионнан астам адам­ды құрайды. Солардың бәрі Тәуелсіз­дік жылдары өсіп-жетілді. Жаста­ры­мызға зор үміт артамын, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Республикалық және өңірлік штаб­­тардың жұмысы туралы ақпаратты тың­даған соң, Nur Otan пар­тиясының Төра­ғасы сайлауал­ды бағдарламаны түсіндіру үшін атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын бәсеңдетпеуді тапсыр­ды.    

Елбасы ұлтаралық келісімді ны­ғайту, мемлекеттің страте­гия­лық даму бағытын дәйекті жүзеге асыру қажетіне назар аударды.

Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті инфрақұрылымды дамыту, өңірлерде тұрғын үй салу, халық­тың аз қамтылған топтарын қол­дау, жаңа жұмыс орындарын ашу жөніндегі мемлекеттік бағдар­ла­маларды жүзеге асыру мәселе­леріне де тоқталды.

– Қазақстанда жұмыссыздық емес, кәсіп тапшылығы бар. Сол се­бепті, бірінші жұмысшы маман­дығына тегін оқытатын бағ­дар­лама әзірленген болатын. Біз жас­тар үшін барлық жағдай мен мүм­кіндік жасадық, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы, сондай-ақ халықпен тиім­ді кері байланыс орнатуға ба­ғытталған «Бірге» атты жалпыұлт­тық акцияны іске асыру барысын жоғары бағалады.

– Партия барлық тапсыр­ма­ның орындалуын бақылауға алуды қамтамасыз етуі қажет. Партия жауап­кершілікті се­зінуге тиіс. Пар­тияның ХVIII съезде қа­был­даған 2030 жылға дейінгі бағдар­ла­ма­сын орындау керек. Партия елі­мізді жаң­­ғыртудың флагма­ны­на айналуға тиіс, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Елбасы ел ішіндегі саяси үдерістердің ерекше маңы­зын атап өтіп, барлық қазақстан­дық­ты алдағы сайлауға белсенді түрде қатысуға ша­қырды.

– Штабтың барлық мүшесі ау­қымды әрі маңызды жұмыс ат­қа­рып жатыр. Біз же­тіс­тік­ке жете­тін мықты команда құр­дық. Мен еліміздің игілігі үшін қызмет ете бе­ремін. Мемлекетімізде қос би­лік­ке жол берілмейтінін атап өт­кім келеді. Бәріміз халық сайлаған Пре­зидентке қолдау көрсетіп, жұ­мыс істейміз, – деп түйіндеді Қа­зақстанның Тұңғыш Президенті.